Әлеумет 0 пікір 0 лайк

Қоғамдық көлiктерге электронды билет жүйесi енгiзiлуi мүмкiн

Ақпан 24 / 2018

 

Дәулет ТҰРСЫНҰЛЫ, «Оңтүстік Қазақстан».

Осыдан үш жыл бұрын құрылысы басталған Шымкенттегі «Бозарық» қосалқы стансасы 2016 жылы пайдалануға берілуі тиіс болатын. Алайда, құрылысы сағызша созылған ауқымды жобаның игілігін тұрғындар биыл да көрмейтін секілді. Мұның себебі облыстық қоғамдық кеңестің кезекті отырысында белгілі болды.

 

Негізі, «сақалды» құрылыстың жай-жапсарын Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Бейсенбек Жанбосынов түсіндіруі тиіс болатын. Бірақ, белгілі себептерге байланысты оның орнына қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Нұрлан Бектұрсынов келді. Оның айтуынша, 2015 жылы аталмыш стансаның құрылысы бойынша мемлекеттік сатып алу конкурсы ұйымдастырылып, 6 миллиард 417 миллион теңгеге бағаланған ауқымды жобаны «Шымкентхиммонтаж» серіктестігі ұтып алған. Алайда, бюджеттен бөлінген миллиардтарды қалтаға басқан мердігерлер өз міндеттерін тиісті деңгейде атқармаған. Ал, мердігер болса, құрылысқа тапсырыс беруші қала әкімдігімен соттасып жатыр. Екі арадағы келіспеушілікке құрылысқа қолданатын материалдардың қымбаттап кетуі себеп болыпты. Алдағы уақытта қуаттылығы 160 мың киловаттық қосалқы стансаның құны тағы өсуі мүмкін. Себебі, уақыт созылған сайын құрылыс материалдарының бағасы да қымбаттап барады. Мысалы, алғашқыда 6 миллиард теңгеге бағаланған нысан құрылысының құны енді 7 миллиард теңгеге бір-ақ жетіпті.

Кезінде қаланың солтүстік бөлігіндегі шағынаудандарға сапалы жарық жеткізеді делінген қосалқы стансаның бүгінгі жайы осындай. Кеңес мүшелері бөлім басшысының уәжіне қанағаттанбай, стансаның кешеуілдеу себебін келесі отырыста қала әкімінің орынбасарынан сұрауға ұйғарым жасады.

Кеңес отырысында бұдан бөлек төрт мәселе қаралды. «Азаматтардың жекелеген санаттарына амбулаториялық емдеу кезінде тегін дәрілік заттарды қосымша беру туралы» облыстық мәслихаттың 2008 жылғы шешіміне енгізілген толықтыруларды құптаған кеңес мүшелері мұндай мүмкіндік ардагерлерге де қарастырылса деген ұсыныстарын жеткізді. Ал, сәулет және қала құрылысы басқармасының есебін тыңдаған кеңес мүшелері «балалар теміржолын» қайта жаңғырту мәселесін көтерді.

Мұнан соң облыстық ақпараттандыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасының басшысы Бастар Есқараев көпшілікке «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында жүзеге асатын жобаларды таныстырып, бұған әрбір ұжымның барынша атсалысуы қажеттігін алға тартса, «Smart-ЖКХ» серіктестігінің бас директоры С.Ақылбаев қоғамдық көліктерге электронды билет жүйесін енгізудің тиімділігін түсіндірді.

– Біздің серіктестіктің іргетасы 1989 жылы қаланған. Соңғы жылдары қоғамдық көліктерге электронды билет жүйесін енгізу жұмыстарымен айналысып келеміз. Электронды билеттің тиімді тұсы – осы саладағы «көлеңкелі экономиканың» алдын алады. Яғни, қаржы бүгінгідей кім көрінгеннің қалтасына емес, тікелей бюджетке түседі. Әрбір жолаушы есепке алынып, техниканың жүріс-тұрысына дейін қатаң бақылау орнатылады. Оны әкімдіктен тікелей қадағалап отыруға болады. Бақылау көз алдында болғандықтан кеткен кемшілік жөнінде әкімдік тікелей компанияға талап қоя алады. Бұл Алматыдағы қоғамдық көліктерге енгізілген «Оңай» жүйесінің баламасы іспетті. Бірақ, бір артық тұсымыз – өнімдер түгелдей өзімізде жасалған, – дейді серіктестік директоры.

Сонымен, кеңес мүшелерінің «батасын алған» электронды билет алдағы уақытта қоғамдық көліктерге енгізілуі мүмкін. Ол үшін серіктестік қомақты қаржы салуға дайын отыр.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ