Рухани жаңғыру 0 пікір 0 лайк

Қазақ тiлi мен әдебиетi пәнi мұғалiмдерi...

Ақпан 24 / 2018

 

олар тұтас ұлтты тәрбиелейтiнiн түсiнулерi керек!

 

Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы қазақ тілі және әдебиеті пәндері мұғалімдеріне де үлкен міндет жүктеп отыр. «Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда, ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс. Абайдың даналығы, Әуезовтің ғұламалығы, Жамбылдың жырлары мен Құрманғазының күйлері, ғасырлар қойнауынан жеткен бабалар үні – бұлар біздің рухани мәдениетіміздің бір парасы ғана» деген Елбасы ұлттық код, ұлттық мәдениет сақталмаса, ешқандай жаңғыру болмайтынын атап өтті. Ұлттық кодты баланың бойына дарытатын кім? Ол, әрине, қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімдері.

Бүгінде қоғамда қайырымсыз адамдардың көбейіп, қылмыс түрлерінің жыл санап жаңарып, санының да артып келе жатқаны жиі талқыға түседі. Айналамызда жамандық атаулының белең алуына себепті қоғамның рухани дағдарысқа ұшырауынан іздеушілер көп. Расы да осы. Бүгінгі бала кешегі балалар секілді ертегіге сенбейді. Оларға өз ұлтымыздың батырлары туралы жыр-дастандар да аса қызық емес. Қазақ даласындағы киелі орындар атауын өзіміз лиро-эпостық жырлардан оқып-біліп, қасиетті орындарды кие тұтуды үйреніп өскен едік. Салт-дәстүрді ұстану, жақсыны бағалап, жаманнан жиренуге, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуге де осы жырлар тәрбиелеп еді.

Ал, қазір ел ішінде бала тұрмақ, ересектердің арасында кімнің сөзіне иланып, қай ағымның соңынан еруді білмей адасып жүргендер көп. Президент осы мақалада жат идеологияға өзіміздің ұлттық құндылықтарымыз арқылы ғана төтеп бере алатынымызды қадап айтты. Ұлттық құндылықтар дегеніміз – рухани тамырымыз. Ол ауыз әдебиетінің тұрмыс-салт жырлары, жұмбақтар, мақал-мәтелдер, тақпақтар, шешендік сөздер, ертегілер, батырлар жыры, ғашықтық жырлар (лиро-эпос), тарихи жырлар, айтыс өлеңдер секілді жанрларында жатыр. Ал, осындай рухани тамырдан нәр алып өскен адамның адасуы мүмкін емес!

Қазақ тiлі және әдебиеті пәні мұғалімдері өз мамандығына осы жауапкершілік тұрғысынан қараса, өздерінің тұтас бір ұлтты тәрбиелеудегі миссиясы жоғары екенін түсінер еді дейміз.

Гүлжан ТӘЛІПБАЕВА, Шымкент қалалық білім бөлімінің әдіскері.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ