ТАНЫС ТА БЕЙТАНЫС ИРАН ЕЛI

Ақпан 24 / 2018

 

Өмірзақ АҚЖІГІТ, «Оңтүстік Қазақстан».

 

Көнеден кешеге

Табиғатының, климатының қолайлылығына байланысты адам баласы тым ерте заманда-ақ қоныстанған қазіргі Иран жеріне б.д.д. 2-мыңжылдықтың басында Тұран жерінен (әйгілі «Шахнамада» Ир мен Тұр ағайындылар деп таратылады) қола мен темір балқытуды ерте игеріп, дамудың биік сатысына көтерілген көшпенді сақтардың өз өлкесіне басты түлігі саналған жылқы малын сыйдыра алмаған мадай және парса тайпалары келіп қоныстанады. Олар б.д.д. 673–672 жылдары қуатты Мидия мемлекетін құрып, 616–605 жылдары Ассирияны талқандап, аса ірі мемлекетке айналады. Б.д.д. 550 жылдары өкімет билігі парсалық Ахеменидтер әулетіне көшкен мемлекетті б.д.д. 330 жылы Александр Македонский талқандайды. Көшпенділердің екінші толқыны б.д.д. 2 ғасырдың орта тұсында Рим империясымен ұзақ жылдар бойы айқасқан Ұлы Парфия патшалығын құрды. Көрші жатқан ежелгі грек тарихшылары Герадот, Страбон, Дион Хрисостом скифтердің нағыз атауы сақтар екенін, билеуші этникалық парса тобының өкілдері көктемгі күн мен түн теңескен кезде «Сақая» деп аталатын айрықша мерекелерін еске алып тойлайтынын, ол күні өздерінің скифтік киімдерін киіп (бүгін Наурызда тек Маңғыстауда қыз-келіншектер түгел ұлттық киіммен шығады, ол күні бүкіл сұр өлке қызғалдақ-жауқазындай қызыл-жасыл түске еніп құлпырып кетеді), далалық ескі әндерін айтатынын, қаһармандық эпостарын тыңдайтынын жазып қалдырды.

224 жылдан бастап Персия аталған бұл елді билеген Сасанидтер әулеті Оңтүстік Арабияны, Сирияны, Палестинаны, Мысырды жаулап алды. Византияға қауіп төндірді, Түрік қағанатымен соғыс жүргізді. 7 ғасырда Сасанидтер мемлекетін арабтар жаулап алып, халифат құрамына қосса, 11 ғасырда ол түрік-оғыздар құрған селжүктер мемлекетінің құрамына кірді. 1220-56 жылдары Иранды моңғолдар басып алып, Хулагу әулетіне қарайтын илхандар мемлекеті пайда болды. 16 ғасырда Кіші Азиядан шыққан түркі тайпалары 1501-1610 жылдары елді толығымен бағындырып, Сефевидтер мемлекетін құрды. 19 ғасырдың аяғына таман Персия еуропалық мемлекеттердің жартылай отарына айнала бастады. 1909 жылы бірлескен Ағылшын-иран мұнай компаниясы (АИМК) құрылды. Елдің солтүстігіне Ресей, оңтүстігіне Ұлыбритания қожалық ете бастады. 1905-11 жылдарғы ұлт-азаттық қозғалысы нәтижесінде елде конституциялық монархия орнады, межіліс сайланды.

1921 жылы Ахмад шах сыртқы интервенттерге қарсы әскери төңкерісті ұйымдастыруға қатысқан генерал Реза Пехлевиді әскери министр етіп, 1923 жылы премьер-министр етіп тағайындады. 1925 жылы 12 желтоқсанда межілістің Құрылтай жиналысында Певлеви 35-ші Иран шахы болып жарияланды. Мемлекет билігін орталықтандыру шараларын жүзеге асырған ол Иранның экономика, саяси-мәдени, оқу-ағарту, сот және әскери саласында реформалар жүргізді. 1935 жылдан бастап Персия Иран атана бастады. Реза Пехлевидің тұсында елдегі демократиялық партиялар мен ұйымдар қатал жазаланды, 30-жылдардың орта шенінен бастап ол фашистік Германиямен жақындасты. 1941 жылы Кеңес Одағы мен Ұлыбритания әскерлерінің Иран аумағына кіргізілуіне қарсы болды, бірақ, кіргізілгеннен кейін биліктен бас тартып, шетелге кетуге мәжбүр болды. Оның орнына үлкен ұлы Мохаммед Реза келді.

 

Әлемнің соңғы шахиншахы

Мохаммед Реза Пехлеви Батыс елдерімен тығыз байланыс орнатты. 1951 жылы үкімет басшысы боп тағайындалған соң мұнай саласын мемлекет қарауына алған М.Мосаддықты ағылшын билігі америкалықтармен мұнай байлығын бөлісуге келісіп және солардың көмегімен 1953 жылы елде әскери төңкеріс жасап, биліктен кетірді. 1954 жылы Иран үкіметі Халықаралық мұнай консорциумымен (ХМК) келісімшартқа қол қойды. Консорциум акциясының 95%-ы шетелдік 8 компанияға – 40%-ы Бритиш Петролеумге (бұрынғы АИМК), 35%-ы америкалық 5 компанияға, 14%-ы ағылшын-голландық Ройял Шеллге, 6%-ы француздарға тиді. Дегенмен, Иран таза пайданың тең жартысын иемденді. Соның арқасында сыртқы саясат империялық сипат ала бастады. Иран әскери-әуе күштері мен тікұшақ паркы жағынан НАТО-да тек АҚШ-қа ғана жол берді, «үшінші әлемде» ең озық әуе қорғанысына ие болды, стратегиялық маңызы аса жоғары Ормуз шығанағын бақылауға алуға тырысты.

Иран сондай-ақ ОПЕК-ті (мұнай өндіруші елдер ұйымы) құрушылардың бірі болды. 1973 жылы ХМК-ның барлық мүлкі Иранның ұлттық мұнай компаниясына (ИИМК) берілді және алдағы 20 жылда ХМК таза пайданың 60%-ын ИИМК-ға аударып тұратын болды. Бұл қадамның, әрі 1973 жылғы «мұнай дағдарысының» салдарынан бағаның шарықтап өсуі арқасында Иранға мұнайдан түскен табыс 1972 жылы 2,4 млрд. доллар болса, 1974 жылы 20 млрд. долларға жетті.

Пехлевидің билігі тұсында АҚШ елдің ішкі өміріне белсене араласа бастады. Иран 1955 жылы АҚШ-пен әскери келісімдер жасасты, 1960 жылдан бастап Батыс үлгісінде дами бастады. Шах экономиканы индустрияландыруды қолға алғанымен, жер реформасын жүргізіп, шаруалардың жартысына жуығы жер үлесіне ие болғанымен өнеркәсіптік және әлеуметтік реформалар тең дәрежеде жүргізілмеді. Батыстан он мыңдаған маман шақырылуы жергілікті жұртты теңсіздікке ұрындырды. Мемлекеттік аппаратты түгелдей сыбайлас жемқорлық жайлады. Одан да бұрын елде шетел капиталының үстемдік алуы, ұлттық құндылықтардың аяққа басылуы, батыстық өмірдің насихатталуы мен саяси қысымның күшеюі, 1973 жылы билеуші бір партиялық жүйе орнап, басқа партиялар мен қоғамдық ұйымдарға тыйым салынуы, АҚШ-тың Орталық барлау басқармасы мен израильдік МОССАД үлгісімен құрылған аса қатыгез де құпия саяси полиция САВАК-тың шектен шығушылығы халықтың наразылығын тудырды. Мыңдаған адам түрмеге тоғытылып, талайы із-түзсіз жоғалып кетіп жатты.

 

Ислам революциясының бүгіні

Мұның бәрі 1978-79 жылдары халықтың жаппай шах билігіне қарсы бас көтеруіне алып келді. Оны елдегі шейіт дінбасылары басқарды. 1979 жылы 11 ақпанда болған революция нәтижесінде шах үкіметі құлап, 1 сәуірден бастап Иран Ислам Республикасы жарияланды. Билік басына шиит дінбасыларының көсемі, ұзақ жылдарын Францияда эмиграцияда өткізген аятолла Р.Хомейни келді. Саяси партияларға тыйым салынды, шах үкіметі жойылды, Батыстың иелігіндегі барлық компаниялар мүлкі мемлекет меншігіне алынды, ел СЕАТО блогынан шығып, Блоктарға қосылмау қозғалысына мүше болып енді.

1980 жылы тұрғындарының басым бөлігі арабтар болған және мұнайға өте бай Хузестанды тартып алғысы келген Ирак президенті Саддам Хусейн бастаған, он жыл бойы жүрген иран-ирак соғысы ел экономикасына өте ауыр тиді, оның зардабы 700 млрд. АҚШ долларынан асып кетті деп есептеледі.

Жалпы, өзінің әлеуметтік теңсіздікті жою жөнінде жария еткен ұран-ұстанымдары жағынан Ирандағы Ислам революциясы адамзат тарихында мүлдем жаңа қоғамдық формацияның үстемдік құруына алып келген 1917 жылғы Октябрь революциясымен ұқсас та, тағдырлас та. Егер 1917 жылғы Октябрь революциясы Ұлы француз революциясы көтерген «Азаттық! Теңдік! Бауырластық!» ұранын белгілі бір мөлшерде болса да іске асырса, капитализмді де, коммунизмді де бірдей қабылдамаған Ислам революциясы өзінің дербес жолын ұсынып, «Қанаушы да болма, қаналушы да болма!» деген ұранды ту етіп ұстаған «исламдық қоғамды» орнатуға тырысты.

Орната алды ма? Үзілді түрде «ия» немесе «жоқ» деп айту қиын. 39 жылда бұл ел басынан не өткермеді!.. «Революция өз баласын өзі жейді» деген француз революционері Робеспьердің сөзі бұл жерде де айнымай келді: 1979 жылы 15 ақпан күні 4 генерал атылса, 28 ақпанда аятолла Хомейни «революциялық қозғалысқа» қандай да болса қарсылық көрсеткеннің бәрін соттауға тапсырма берген соң екі айда 27 генерал, сегіз айда 250-ден астам офицер атылды. Радикалдық топтар революциядан кейінгі екі айдың өзінде 20 мыңнан аса «монархистердің» – армияның әскери мамандары мен САВАК-тың қызметкерлерінің көзін жойды.

1980 жылы 5 маусымда елдегі барлық жоғары оқу орындарын белгісіз мерзімге жабумен басталған «мәдени революция» мектеп пен ақпарат құралдарының, әйелдер қауымының өміріне көп кесірін тигізді. Мысалы, уақытша неке ресмиленді.

Сонымен қатар ұзақ жылдар бойы Батыс тарапынан экономикалық санкцияға тап болғанына қарамастан Иран елі төзімділік пен шыдамдылықтың үлгісін көрсетіп келеді. Ғылымын, техника мен технологиясын үздіксіз дамыту үстінде. Оның дәлелі ретінде Иран нанотехнология саласы бойынша өзіндік технологиялары жағынан әлемде 12-орында екенін айтсақ та жеткілікті. Иран әйелдерінің құқығын 1979 жылы қабылданған Конституция да қорғайды, олар бір емес екі жоғары білім алуға құқылы, олар вице-министр де, министр де, тіпті вице-президенттік мансапқа да ие болып жатыр.

Әрбір дербес елдей Иран да өз өмірін өзі сүріп жатқан кезде, 2017 жылдың аяғында табан астынан толқу пайда болды. Ішкі факторға келсек, экономикалық жағдайына халқы жүз пайыз ырза елді табу қиын. Ондаған жыл қатаң экономикалық санкцияға ұшырап отырған Иранда жалпы ішкі өнім (ЖІӨ) көлемі жан басына шаққанда 5252 доллар, бұл – 2016 жылғыдан 5 пайыз жоғары. Әлемдік БАҚ «басты кінәлі» деп тапқан инфляция 8% шамасында. Көрші елдердегіден әлдеқайда төмен. Оның үстіне Батыс 120 млрд. долларын санкцияға байланысты бұғаттап бермей отыр. Сол күндері әлеуметтік желілердің сарыны да, хабар беру үрдісі де «араб көктемін» қайталады да тұрды. Батыс бірден Ирандағы «адам құқығының аяққа тапталуын» айтып, терроризмге бюджетінің үлкен бөлігін жұмсап жатыр деп құпия болып саналатын цифрларды айқайлатып шыға келді. Жұмыртқаның қымбаттауына қарата айтылған наразылық ертесіне-ақ «Роуханиға – өлім!» «Иран – Сириядан шық!» деген саяси талаптарға айналды. Осындай сипатқа қарап 31 желтоқсан күні украиналық «Корреспондент» басылымы «халықтың көтерілуі» біраз уақыттан соң басылады» деп болжам жасаса, америкалық «Уолл Стрит Джорнел» газеті 5 қаңтардағы санында «егер біздің асқан жасқаншақ (?) батыс әлемі Иран үкіметі оқ атып жатқан адамдарға қолдау көрсетпесе, Иран ракеталары мен ядролық технологиясын оның шекарасынан шығармай ұстап тұра алмаймыз» деп сәуегейлік жасап жатты. «Нью-Йорк Таймс» тәрізді Батыстың ең беделді басылымы «Бүгінгі заманға сай өзгеріп жатқан халық пен өзгеруге дәрменсіз, батысқа қарсы позицияларынан айнымай отырған мемлекет басшылығы арасындағы алшақтық күннен-күнге ұлғайып барады, Тегеран көпшіліктің наразылық акциясына қарсы қатаң жауап бере алады» деп арандатушылықпен айналысумен болды.

Олармен салыстырғанда еуропалықтардың пікірінше, «ең сапалы газет» болып саналатын ағылшындық «Гардиан» шынайылық позициясы тұрғысынан табылды. «Көзге көрініп тұрған себеп болмаса да наразылықтың бірден бұрқ ете қалуы таңданыс туғызады. Израиль мен АҚШ-тың «репрессивтік Иран билігі құлайды» деген үміті жуық арада ақтала қоймас, өйткені, олар Хасан Роуханидің демократиялық жолмен президент болып сайланғанына жыл да толмағанын ұмытып кетіп отыр» деп жазды газет.

Қалай болғанда да Вашингтон мен оның ең сенімді екі досы – Израиль мен Сауд Арабиясы арандатушылық әрекеттер жасап бақты. Корольдің тақ мұрагері Салман Иранның Жоғарғы басшысы (Рахбор) аятолла Әли Хаменеиді «Таяу Шығыстың жаңа Гитлері» деп атады. Бірақ, бұл толқуда елін Ирак пен Сирияға айналдырғысы келмейтін Иран реформаторлары бас көтермеді. Оның үстіне сыртқы күштер Иранның ішкі дүниесін жете білмейтіндігін көрсетті. Иран – халқы саясатқа жақын ел. Онда түрлі себеппен көшеге шығу жиі болып тұрады. Азияда бірінші болып парламент құрған ел де Иран.

Иә, Иранның Сіз бен біз білетін тұсы осы. Ал, білетініміз бір тоғыз болса, білмейтініміз тоқсан тоғыз...

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ