Әдiл төрелiк

Ақпан 24 / 2018

 

СЕҢКІБАЙ БИ ОРАЗҒҰЛҰЛЫ 1709 жылы Қарағанды облысы Қарқаралы ауданында туып, 1786 жылы Жезқазған облысы Шет ауданының Қызылту жайлауында қайтыс болған.

 

Баянауылда күйеуі өліп, жесір қалған бір келіншек әмеңгерлік салттың шырмауынан қалай құтыларын білмей жүреді. Тоқалдыққа алмақшы боп жүрген Әлкен деген бай қайнағасының жылқысын бағып жүрген бір момын жігітпен көңіл қосады да, екеуі бір түнде қашып кетеді. Қашқанда да жай қашпайды, екеуі жылқыдан екі бедеуді міне қашады. Жылқышы жігіт Қарқаралы жағынан екен. Екеуі еліне келіп, отау тігіп ел қатарлы тіршілік етіп жүре береді. Екі бедеуді сатып, керек-жарағына жаратады.

Қыс кетіп, жаз шығады. Жесірін іздеп Әлкен бай сабаудай алты жігітпен Қарқаралыға келеді. Бұл кезде Сеңкібайдың билік, шешендік даңқы сол өңірге жайыла бастаған кезі екен. Баянауылдықтар Сеңкібайдың өз үйіне түседі. Мал сойылады, дастарқан жайылады. Әңгіме басталады. Әлкен бай ожарлық мінезіне басып:

– Жесірімді қайтар! Екі бедеу атымның ықтиярын өзіме бер. Оның жазасын өзім беремін, – деп екілене түседі. Сеңкібай би ары-бері жөнге салса, ол көне қоймайды. Сонда би:

– Әлеке, – депті, – ертеде сіздің бір атаңыз Баянтау баурайындағы көк майса жайлауға таласып, оязға былай деп шағым айтыпты: «Баянтау да менікі, ондағы жайлау да менікі, оның талы да менікі, аңы да менікі, құсы да менікі. Қысқасы, Баян да менікі, Баяннан қашқан қоян да менікі» деп дауды көбейте беріпті. Сонда әлгі ояз қу неме екен, тілмашынан сұрап түсініп алыпты да: «Черт возьми, все твоя, а другим что остается!» деген екен. Сол айтпақшы, сіз «Жесір де менікі, құл-құтан да менікі, олар мініп кеткен ат та менікі» деп үйірімен жылқы сұрайсыз. Сонда өзгеге не қалады? Қой, өйтіп құнқұмарлыққа салып дауды көбейтпеңіз! Жесір теңін тауыпты, теңін тапса тегін бер деген. Екеуі сүйіп қосылыпты. Енді екі жастың обалына қалмаңыз. Олар да адам. Екі бедеуіңізге жылқыдан таңдап екі ат алыңыз. Жігіт кәдесін істесін. Осылайша кұда-жекжат боп, тату-тәтті қатысып жүріңіздер! Ал, жұртшылық бұған қалай қарайсыздар? – дегенде, көпшілік «Сеңкібай би дұрыс айтады» деп шу ете қалыпты. Бір қария Әлкен байға қарай құшағын жая беріпті.

(Бұл әңгіме 1961 жылы Ғылым Академиясында өткен ақындардың айтыс-мәслихатында Семей жағынан келген шежіреші ақын Тәңірберген Әмірановтан жазып алынды).

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ