Экономика 0 пікір 0 лайк

Жылжымайтын мүлiктiң бүгiнгi нарқы қандай?

Ақпан 24 / 2018

 

Назгүл НАЗАРБЕКОВА,«Оңтүстік Қазақстан».

Бүгінде жер учаскесі мен баспана мәселесі қазақстандықтар үшін ең өзекті проблеманың бірі екендігі рас. Ресми дерекке сүйенсек, халықтың 14 пайызы баспанаға мұқтаж. Алайда, бұл ресми дерек қана...

Өткен жылдың соңында ҚР Ұлттық экономика министрлігі тарапынан үй бағасы қымбаттайтыны туралы айтылды. Бұл жаңалықтың халыққа жағымсыз естілгені айтпаса да түсінікті. Біз осы мәселеге орай облысымыздағы үй мен жер бағасына және жер берудегі түйткілдер жайында зерттеу жүргізіп көрген едік.

 

Әрбiр азамат 10 сотық жердi тегiн алуға құқылы

Соңғы жылдары облыс орталығы Шымкент қаласы мен өңірдегі барлық қала, аудандарда құрылыс жұмыстары өте қарқынды жүруде. Бұл баспанаға мұқтаждықты азайтуға сәл де болса көмегін тигізуде. Мәселен, өткен жылдың өзінде 6553 отбасы қоныстойын тойлаған. Бұған жуырда ғана Шымкент қаласында пайдалануға берілген 300 пәтерді тағы қосыңыз...

Әрине, мұнымен баспана мәселесі шешіліп кетті деуге болмас. Себебі, облыс орталығының өзінде қазіргі таңда 34 мың адам баспана, 120 мың тұрғын жер кезегінде тұр екен. Олардың қатарында әлеуметтік тұрғыдан аз қамтамасыз етілгендер, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалғандар, әскери, мемлекеттік және бюджеттік мекеме қызметшілері, үйлері апатты жағдайда тұрғандар және ҚИК бағдарламасымен, «Бәйтерек девелопмент» АҚ, «Самұрық–Қазына жылжымайтын мүлік қоры» АҚ-ға құжат өткізгендер де бар.

Ал, ұлтарақтай жердің құны арзан емес екені өздеріңізге мәлім. ҚР «Жер Кодексінің» 50-бабында «жеке тұрғын үй құрылысы үшiн 0,10 гектар жер тегін беріледі» делінген. Яғни, Қазақстанның кәмелетке толған кез келген азаматы 10 сотық жерді тегін алуға құқылы. Алайда, билік инженерлік инфрақұрылымдар тартылмай, жеке үй салуға жер телімдері берілмейтінін ескертті. Содан бері жер учаскелерінің берілуі бірден саябырсыған. ОҚО жер қатынастары басқармасының басшысы С.Әбдіқұловтың мәлімдеуінше, қазіргі таңда Шымкент, Сарыағаш, Түркістан, Сайрам сияқты халқы тығыз орналасқан аудан, қалаларда жер учаскелері жоқ. Жер берілмеуінің себебі сол. Ал, Отырар, Созақ секілді тұрғын саны аз аумақтарда тұрғын үй салу үшін жер теліміне шектеу болмағанымен, жоғарыда айтып өткендей, олардың инженерлік инфрақұрылымы сай болмай тұр.

 

«Бiздiң мiндет – көмек беру»

Алдымен «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» ипотекалық негізде берілетін үйлерінің бүгінгі құнына тоқталсақ. Банк менеджері М.Еңкебаевтың айтуынша, қазіргі таңда банк «Баспана» тарифтік бағдарламасы аясында жұмыс істеуде. Онда мемлекеттік бағдарламамен салынып жатқан пәтерлер құнының әр шаршы метрі 140 мың теңгеден есептелінуде. Бұл бағдарламаға тұрғын үй кезегінде тұрғандар қатыса алады. Ал, банк пен құрылыс компаниялары арасындағы келісімшарт негізінде салынып жатқан пәтер бағасының әр шаршы метрі 180 мың теңгеден асады. Әрине, екеуіне де қол жеткізу үшін банк салымшысы болуың керек. Одан кейінгісі – ипотекалық негізде берілетін үйлер. Мұнда алушы үйді өзі таңдайды және пәтер құнының 50 пайызын жинақтауы тиіс.

Демек, тұрғын үй кезегінде тұрғандар 46 шаршы метр болатын 1 бөлмелі пәтерді 6 млн. 440 мың теңгеге ала алады. Ал, әр шаршы метрі 180 мың теңгеден есептелінетін екінші бағыттағы бағдарламаға қатысқандар 1 бөлмелі пәтерге 8 млн. 280 мың теңге төлеуі тиіс.

Айта кетейік, қазір тұрғындар пәтер және жер учаскесін іздегенде негізінен интернеттегі сайттарға, сонымен қатар, «Шара-бара» газетіне үңілетіні жасырын емес. Біз де тұрғындар жиі жүгінетін «Шара-бара» газетін парақтап көрдік. Газетте 1522 үй, 500-ге жуық жер учаскесі жарнамаланса, «Krisha.kz» сайтында біздің өңір бойынша 5274 пәтер, 57 саяжайлық үй, 1348 жер телімі сатылымда тұр екен. Сондай-ақ, «kn.kz» – 148, «OLX» – 10125, «Маркет. kz» сайтында 4545 жылжымайтын мүлік саудаға қойылыпты.

Өңіріміздегі жылжымайтын мүлік­тердің бүгінгі шынайы бағасын білу үшін Шымкент қаласындағы жылжымайтын мүлікті сату орталығы «GOLD KAGANAT» ЖШС-іне бас сұқтық. 10 жылдан бері жылжымайтын мүлік саудасымен айна­лысып келе жатқан серіктестік дирек­торының орынбасары Гүлмира Қалды­бекқызы былтырғыға қарағанда жыл басынан бері үйге сұраныс өте төмен еке­нін айтады.

«Бұл халықта нақты ақшаның аз болуына байланысты шығар. Негізінде сұраушылардың көпшілігі үйді банк арқылы ресімдеп алғысы келеді. Алайда, оған сатушылар көне бермейді. Біздің міндет – көмек беру. Сатып алушыларға бүйрегіміз бұрып тұрғанымен, үй иесі де қалаған бағасына сатуға құқылы. Үй иелерінің көпшілігі пәтер құнын нарықтағы бағадан әлдеқайда жоғарылатып жібереді. Сол себептен де мұндай үйлер жылдар бойына сатылмай тұра береді. Мәселен, шынайы құны 20 миллион теңге тұратын үйге 30 миллион теңге сұрап тұрып алатындар бар. Ал, нарықтағы бағамен саудаға шыға­ра­тындардың пәтері жылдам сатылады. Ком­пания қызметкерлері клиенттер қолма-қол есептессе де, банк арқылы келісімшарт жасасса да құжат ресімдеуге бірдей қатысады» дейді Гүлмира Қалдыбек­қызы бізбен әңгімесінде.

Қазіргі таңда жер телімдерінің саудасы басталыпты. Жалпы, тұрғындар арасында үйден гөрі жер алуға сұраныс көп екен. Себебі, көпшілігінің қомақты қаржымен бірден үй алуға шамасы келмейді, бір жағынан үйді де өз қалауы бойынша тұрғызғанды қалайды.

Компания өкілдерінің айтуынша, қазір Шымкент қаласындағы «Самал-1, 2», «Қайтпас-1», «Нұртас», «Пахтакор» және «Академиктер қалашығы» шағынаудандарында үйге сұраныс көп. Олардың қатарында «Теріскей», «Шығыс», «Жоғарғы Отырар» және Байтұрсынов көшесі бойындағы пәтерлер де бар. Бүгінгі таңда 1 бөлмелі пәтерлер 6-8 млн. теңге, 2 бөлмелісі 8-10 млн. және 3 бөлмелі пәтерлер 11-13 млн. теңге көлемінде сатылуда. Ал, 8-10 сотық жер телімдері орналасқан ауданы орталыққа жақын болса 4 млн. теңгеден басталады.

P.S. Айта кетейік, аталған компанияның бір өзі 3000-нан аса жылжымайтын мүлікті саудалайды. Шымкент қаласында бұдан басқа да агенттіктердің бар екенін ескерсек, қаншама пәтер мен жердің саудада тұрғанын аңғаруға болады.

Мемлекет басшысы Н.Назарбаев «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты қазақ- стандықтарға арнаған биылғы Жолдауында «Баспанамен қамту көрсеткіші соңғы 10 жылда бір тұрғынға шаққанда 30 процентке өсіп, бүгінде 21,6 шаршы метрді құрады. Бұл көрсеткішті 2030 жылы 30 шаршы метрге жеткізу керек» деп атап өткен болатын.

Демек, алдағы болашақта елімізде баспана мәселесі оң шешіліп қалатынына үмітіміз мол.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ