Мәңгілік Ел 0 пікір 1060 лайк

Алғыс айту он күнге жалғасады

Ақпан 22 / 2018

 

Дәулет ТҰРСЫНҰЛЫ, «Оңтүстік Қазақстан».

Алғыс айту күніне орай бастау алған онкүндік шараның беташары «Қазақ еліне мың алғыс!» монументі алдында бастау алды. Жиында облыстық шешен-ингуш этномәдени бірлестігі төрағасының орынбасары Бисолт Дециев, түрік этномәдени бірлестігінің мүшесі, еңбек ардагері Садир Гасанов сөз сөйлеп, қиын-қыстау кезеңдерде пана болған қазақ халқына алғыстарын білдірді. «Тарихқа тағзым күні» шарасы аясында тағдыр тәлкегімен қоныс аударған этностардың өткені мен бүгіні туралы арнайы көрме ұйымдастырылып, патриоттық әндер шырқалды.

 

Осыдан екі жыл бұрын Елбасы Жарлығымен белгіленген Алғыс айту күнін биыл облыс жұртшылығы ерекше леппен атап өтеді. Ақпанның 20-сы күні бастау алатын мерекелік шаралар 10 күн бойы өңірді дүбірге бөлеп, айтулы күннің айбынын асқақтатпақ. Әр күнге атау беріліп, соның аясында тағлымы мол іс-шаралар ұйымдастырылады. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары, хатшылық меңгерушісі Мұратәлі Қалмұратов мәлімдеді.

– Айталық, 20 ақпанды «Тарихқа тағзым күні» ретінде белгілесек, одан кейінгі күндерге «Қайырымдылық», «Шабыт», «Көршіге ізет», «Тазалық», «Құрмет», «Өлкетану», «Келісім», «Ықылас» күні ретінде айшықты атау беріп отырмыз. Мұндағы мақсат – түрлі этнос өкілдерінің қазаққа деген құрметін бір күнмен шектемеу. Қайта осы онкүндік аясындағы шаралар арқылы ұлттық құндылықтарымызды тани түссе деген ниет, – дейді Мұратәлі Оразалыұлы.

Брифинг барысында өңірлік ассамблеяның өткен жылғы жұмыстарына талдау жасалынды. Мәселен, былтыр ассамблея тарапынан 952 қайырымдылық шара өткізіліп, мұқтаж жандарға 349 миллион теңгенің көмегі көрсетілсе, есепте тұратын 14 науқас балаға қажетті ем-дом үшін қаражат жиналған. Мұнан өзге табысты кәсіпкерлердің шеберлік дәрістері ұйымдастырылып, «Ассамблея асары», «Достық керуені», «Қайырымдылық – қайырлы іс», «Қазақ дастарқаны» сынды жобалар сәтімен іске асыпты.

Ассамблея жұмысының бір парасы – медиацияны ілгерілету. Бұл ретте медиаторлардың араласуымен 6590 даудың шешімі табылса, түрлі деңгейдегі қоғамдық келісім кеңестері жергілікті жерлердегі 287 мәселенің түйінін тарқатуға себін тигізген. Бұдан тыс бұқараның талап-тілегін жоғарыға жеткізіп, олардың орындалуын бақылауда ұстаған.

Хатшылық меңгерушісінің айтуынша, биыл ассамблея тарапынан көптеген шаралар жүзеге аспақ. Облыстың жаңарған этнокартасы дайындалып, ассамблеяның қызметі жайында кітап әзірленбек. «Әр этностың бренді» жобасы шеңберінде тұрақты шеберлік дәрістері мен ашық көрмелер ұйымдастырылып, түрлі форматта 300-ден аса қоғамдық іс-шаралар өткізу жоспарланып отыр.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ