Руханият 0 пікір 0 лайк

Дәстүрдi дiнге қарсы қою кiмге қажет?

Ақпан 22 / 2018

 

Өмірзақ Ақжігіт, «Оңтүстік Қазақстан».

Әлеуметтік желіде соңғы апталардағы мына жазу қызу пікірталас тудырып отыр. Қаңтардың 12-сінде Ахмет ишан Оразайұлы атындағы Жезқазған мешітінде жұма намаздан соң «Жаназа және жерлеу рәсімдері» атты семинар өтіпті.

Семинарға бас имам Мәди Тоқпанұлы, наиб-имамдар және қала ақсақалдары қатысыпты. Жиында ҚМДБ-ның 2017 жылы жарық көрген «Жаназа және жерлеу рәсімдері» атты кітапта жарияланған пәтуалар негізінде бірнеше мәселе жөнінде төмендегідей шешім шығарылыпты. 1. Қонақасы беру тоқтатылсын (қаралы үйде 3 күнге дейін тамақ берілмейді). 2. Жаназада митинг тоқтатылсын. 3. Жаназада марқұмның артынан жыртыс тарату тоқтатылсын. 4. Құдайы ас дастарқанында торт, жеміс-жидектер қойылмасын. 5. Марқұмның жетісі кафеде емес, тек үйде берілсін, оған көңіл айтатын адамдар ғана баратын болсын. 6. Жаназаның асында дастарқаннан ештеңе алынбасын, өйткені қаралы үйге көңіл айтуға келетін қонақтары болады (қайта-қайта шашылмас үшін). 7. Жаназаның асында, қырқында, жылында сөз сөйлеу тоқтатылсын. 8. Жаназаның асында, жетісінде, қырқында, жылында бейнеролик көрсетілмесін. Сонымен бірге, мешіт асханасындағы ас мәзірі де бекітіліпті: 1. Бауырсақ. 2. Май. 3. Қант. 4. Жент. 5. Өрік-мейіз. 6. Кәмпит. 7. Печенье.

Міне, елдің әңгімесіне айналып жатқан шешім осындай. Қайталап айтайық, бұл сөздің бір де біреуі «Жаназа және жерлеу рәсімдері» атты кітапта жоқ. Бәрі де жергілікті имамдардың шығарып жүргендері. Дәл соған ұқсас бастаманы былтыр Маңғыстау облысындағы Шетпе ауылының ақсақалдары да көтерген болатын. Енді осы 8 шешімнің ішінде көңілге қонатыны бар ма, қонбайтыны қайсысы, осы мәселелерге тоқталсақ.

Бізге ең алдымен «қонақасы немесе қаралы үй 3 күнге дейін қазан көтермесін» деген талап қисынсыздау көрініп тұр. Себебі, қазір қазақ ағайын-туғанымен бірге көшіп жүрген бұрынғы заман емес. Қалада тіпті орыс-орманның ортасында тұрып жатқандар көп. Жүз жерден көрші, мың жерден сыйлы болғаныңмен олар сенің қонақтарыңа арнап қазан көтере қоймайды. Сонда мәйіт қашан шығарылғанша жиылған жұртты аш қоясыз ба? Олардың жазығы не? Ендеше, құлаққа кірмейтін сөзді айтқанша мәйіт бір күн, екі күн қондырылса да, тамағыңды есік алдында немесе көпқабатты үй болса (тіпті, көршің рұқсат етсе де) аулада пісіре бер...

Осы жерде бірден қазір ең көп дау тудырып жүрген, мәйітті адам қайтыс болған соң қанша уақыттан кейін шығарған жөн деген мәселенің бетін аша кетейік. Дінде «қайтыс бола салып жерле, жарты күннен асырма, түнетпе, түнетсең діннен шығасың» деген үзілді-кесілді талап бар ма? Біздіңше, «жерге тапсыруға асық» деген тілек қана бар. Ендеше, кешіріп қойыңыз, қазақтың ұлттық салт-дәстүрін сақтаңыз! Әр ұлттың өз ерекшелігі бар. Алла Тағала солай етіп жаратқан. Қазақтың кемі бір түн түнететіні ұнамай ма, өкпеңізді Аллаға айтыңыз... Ал, бұл салт, біріншіден, ата-ана, әйелі, бала-шағасы түс көргендей болып қалмасын, қоштасып, бойын суытсын деген ойдан туған болса керек. Мысалы, жақында іссапарда инфаркттен қайтыс болған жолдасын таңертең Алматыдан алып келіп, түсте жерлегенде төбесінен жай түскендей болған бір жеңгеміз жасы жетпіске келгенде психологиялық депрессияға ұшырай жаздап, зорға түзелді...

Екіншіден, марқұмның ұлы немесе ұлдан туған немересі болса (қыздан туғандар - жиендер) қазақ оның жерлеуге жетуін бір күн, екі күн күтеді. (Өз басымыздан өткен). Неге? Қазақ салтында ұл баланың қолындағы орамалға бейіт басындағы әр адам бір уыс топырақ салады. Топырақ толған орамалды марқұмның басына жастық етіп қояды. «Ұл – ұрпақ, қыз – өріс» деген дана қазақ бұндай жағдайда «ол өлген жоқ, орнында ошағын өшірмейтін ұрпағы қалды» деп есептеген. Бұл – тірінің өліге көрсетер соңғы құрметі. Ол құрметтен айыруға қандай хақымыз бар? Қайда асығамыз?

 Үшіншіден, қазақ бұрыннан бір құдасы Арқада, бір құдасы Алатауда, үшіншісі Атырау, төртіншісі Алтайда тұратын халық. Олардың да келуге жарайтыны жерлеуге қатысуды мақсат тұтып шығады. Мәйітті бұзбай сақтау бұл заманда ешқандай қиындық туғызбайды. Төртіншіден, қысы қатты Арқа мен Алтайда жарты жыл бойы қалыңдығы жарты метр, кейде бір метр тоң жатады, қабырды сіз кемі бір күн қазасыз. Жердің табиғатын қалай есепке алмаймыз?

Тағы бір мәселе жыртыс таратуға қатысты. Жыртыс бұрыннан жас өлікке емес, тек қана өскен-өнген, 70-80-ге келіп, немере-шөбере сүйіп, асарын асап, жасарын жасаған адам қайтса, «осы кісінің жасына сіз де жетіңіз» деген тілекпен тәбәрік ретінде беріледі.

Осы тұрғыдан келгенде бұрын қазақтың ең үлкен тойы сүндеттеу де, үйлену де емес, жасы келген, жапырағы жайылған, тамыры тереңге таралған адамның жылдық асы болғаны бекер еместігін ойлауымыз керек. Бұған Сағынайдың асы да дәлел бола алады. Мұнда өте үлкен философиялық мән жатыр.

«Құдайы ас дастарқанына торт, жеміс-жидектер қойылмасын» деген талапты қабылдау былай тұрсын, мәнісін түсінудің өзі қиын. Жалпы, 90-ға, 100-ге келген атасына жағдайы жақсы ұрпағын дастарқаны үшін кінәлаған қаншалықты орынды?

Ең қисынға келмейтін талап – «марқұмның жетісі кафеде емес, тек үйде берілсін» деген талап болып тұр. Қаладағы қуықтай бөлмелерге сыймай жатқанның несі жақсы? Ешкім ақшасы тасығаннан кафе жалдамайды, өзін сыйлап, марқұмды құрметтеп алыстан-жақыннан жиылған жұрттың да сәл жағдайы болсын дейді. «Үйіне барсын» дегенше оны мешітте өткізуді ұйымдастырып, бір жүйеге келтірген әлдеқайда дұрыс болмақ. Сонда қаралы үйге жақын маңайдағы мешітке бару ешқандай қиынға соқпайды.

Сосын жас өліктің дастарқанынан онсыз да ешкім үйіне ешнәрсе әкетпейді. Үй иелері оған қарамай «барған соң Құран оқып жеңіздер» деп пакет таратып жатса, оны ниеті біледі.

Ал, жаназада, марқұмның жетісінде, қырқында сөз сөйлеу тоқтатылсын (бұған бейнероликтің қатысы жоқ) деген талапты ойланып көруге болады. Расында да шешендік жарыстырып кететініміз бар. Бүгінде ерлерден қалыспай, әйелдер де суырылып сөйлейтін болып жүр. Мұның орнына тәлімді, тәрбиелі уағыз айту тиісті дәрежеде қолға алынса, әне, сол сауапты іс болар еді.

Жалпы, «малымды алсаң ал, пейілімді алма» деген қазақтың дастарқанына көп қадала берген жөн бе? Ысырап болмасын дейміз, дұрыс-ақ. Дегенмен, піскен ас желінбей көшеде шашылып қалса, аяқасты болса, малға салынса, ысырап деген сол. Олай болып жатқан жоқ қой! Осы тұрғыдан келгенде мұндай жиын, негізінен той-томалақ өтетін тойханалар қалған тамақты өз қызметкерлеріне де бөліп бермейді екен, балалар үйіне де апармайды екен, қоқысқа тастайды екен деген сөз жиі естіліп жүр. Мұны зерттеу керек. Расымен солай болса, нағыз ысырапшылдық, міне, осы! Олар есік алдына мұздатқышқа артылған тамақты толтырып салып қойса, керек адам алар еді деген ұсыныс та айтылып жүр.

Қазақ «бір өліде, бір тіріде», «торқалы тойда, топырақты өлімде» деген дана халық. Осы екі жиында кеудесінде жаны бар ағайын-туыс, құда-жекжат, дос-жаранның басы бір қосылатын болуы тиіс. Басы қосылу – бірлікке ұмтылу деген сөз. Сондықтан қаралы жиын да, онда атқарылар діни рәсімдер мен ұлттық дәстүр-ғұрып та – бәрі-бәрі қазақтың басын қосуға, біріктіруге, ынтымаққа қызмет етіп келген. Алда да солай бола бермек. Олар сонысымен де құнды! Хақиқи дініміздің мыңжылдықтар сөресінен сұрыпталып жеткен асыл салт-дәстүрімізді шетке ысыруы бұрын болған емес. Ендеше, «өнбейтін дауды өспейтін бала қуадының» керін келтірмейік, қазақтың басын қоспайтын, арасын ашатын мәселелерге жол бермеуге тырысайық!

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ