Рухани жаңғыру 0 пікір 0 лайк

Инновациялық технологияларды енгізу жеңілдейді

Ақпан 22 / 2018

 

Латын әліпбиіне көшу заман талабы екені белгілі. Бұл мәселе қоғамымызда соңғы 25 жыл бойына айтылып жүрді. Елбасы жаңа графикаға 2025 жылға дейін көшу жөнінде нақты тапсырма бергеннен кейін бұл тақырыптағы пікірталастар қыза түсті. Ғалымдардың, білікті мамандардың қатысуымен латын графикасы негізіндегі қазақ әліпбиінің бірнеше нұсқасы жасалып, ұсынылды. Енді, міне, Елбасы Жарлығына өзгерістер енгізіліп, тағы бір нұсқа бекітіліп отыр. Осының өзі елімізде бұл мәселенің халықтың талқысына салына отырып, нағыз демократиялық тәсілдермен шешіліп жатқанын байқатады.

 

Латын әліпбиіне көшу – уақыт талабы. Сол арқылы бір жағынан жас ұрпағымыздың санасы отарсызданып, ой-өрісі кеңейіп, пайым-парасаты жетіле түседі. Екінші жағынан қазіргі таңда іргелі ғылымдардағы ғылыми жаңалықтардың көбі ағылшын тілінде және латын әліпбиінде ашылады. Яғни, латын әліпбиіне көшу арқылы әлемдік деңгейдегі ғылым-білім кеңістігіне құлаш ұрамыз, бізге жаңа әліпбиіміз арқылы жаңа, инновациялық технологияларды енгізу де әлдеқайда жеңіл болмақ.

Оқушылармен күнделікті тығыз байланыста жүрген ұстаз ретінде айтарым, балалар латын әліпбиін игеруде ешқандай қиналмайды. Олар қазірдің өзінде бұл әліпбиді күнделікті өмірде қолданып жүр. Ендігі жерде оларға ана тіліміздің заңдылықтарына негізделіп жүйеленген әліпби ұсына білсек болғаны. Әліпбидің жаңа нұсқасы сол талапқа сәйкес келеді деп сенемін.

Манат БЕКЗАТОВА, №1 білім-инновация ер балалар лицейінің мұғалімі. Шымкент қаласы.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ