Мәңгілік Ел 0 пікір 0 лайк

Қазаққа құрмет

Ақпан 22 / 2018

 

1944 жылдың қараша айы болатын. Грузияның оңтүстігіндегі Ахыска ауылын мекендейтін ахыска түріктерін бір күнде жер аударатын болды. Мен секілді ойын балалары болмаса, ауылдың еркек біткені түгелдей соғысқа кеткен.

Туған жерін тастап кету кімге оңай тисін?! Әсіресе, улап-шулаған кемпір-шал мен бала-шаға қайда барарын білмей дал. Тек киім-кешек пен азын-аулақ ас-ауқат алуға бір күн мұрсат берілді. Ертеңіне ауру-сырқауына қарамай, 82 мыңдай адамды пойызға малша тиеп, белгісіз бағытқа кете бардық. Қайда барамыз, не үшін кетіп барамыз? Белгісіз. Өкініштісі, соның 17 мыңдайы жол-жөнекей қаза болды. Содан бір ай жол жүріп, Шымкент қаласының маңындағы Қызылсай ауылына келдік. Пойыздан түссек, алыстан қонақ күткендей, бізді бір-бір атарбамен қазақтар күтіп тұр. Арып-ашыған, аш-жалаңаш біздерді арбаға бөліп, ауыл-ауылға таратты. Біз «Қызыл Октябрь» колхозында тұратын Жандар дейтін арбакештің үйіне түстік. Кейін бұл ауыл «Ленин жолы» аталып, бертініректе «Ақарыс» атын иеленді. Қазіргі Ақсу мен Арыс өзендерінің түйіскен жерінде. Сөйтіп, Жандардың шиеттей бала-шағасына біз қосылдық.

Әлі есімде сол ауылдағы Ошақбай дейтін атамыз Байшуақ, Әбен, Жайлаубай, Ожай секілді қариялардың басын қосып, біздің жайымызды ақылдасты. Колхоз төрағасы Сейіл Таштаев пен мектеп директоры Әбдуәлі Әлмұқанов та мәслихаттан сырт қалмай, бірі жұмыс тауып беруді, бірі балаларды оқытуды мойнына алды. Бізге керегі де осы еді. Бауырына тартып, барын алдыңа тосып отырған мұндай асыл адамдарды қалай ұмытарсың? Бәрі де күні кешегідей көкіректе қаттаулы тұр. Әсіресе, Ошақбай атаның суретін әлі күнге дейін сақтап келемін. Ауылдастары алдын кесіп өтпейтін, өте сыйлы, сөзі өтімді кісі еді. Бауырмалдығында шек жоқ. Тарихтан тәбәрік болсын деп суретін жиынға арнайы ала келдім.

Тарихқа жүгінсек, біздің ата-бабаларымыз бір кездері Түркістан маңындағы Жанкентті мекен еткен екен. Алайда, аласапыран шақта Кавказға үдере көшкен көрінеді. Кей кездері «біз Отанымызға қайта оралған халықпыз» деп жанымдағыларға әзілдеп қоямын. Сондықтан Қазақстанды тарихи Отанымыз деуге толық негіз бар. Қиын-қыстау уақытта бауырына тартып, жарты нанды бөлісіп жеген қазақтың жақсылығын қайқайсысымыз да ұмытпауға тиіспіз. Мұны балаларыма, келіндеріме, немерелеріме үнемі айтып отырамын.

Садир ГАСАНОВ, облыстық түрік этномәдени бірлестігінің мүшесі.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ