Рухани жаңғыру 0 пікір 0 лайк

Орнықты дамудың он бағыты

Ақпан 22 / 2018

 

4-бағыт: Көлiк-логистика инфрақұрылымының тиiмдiлiгiн арттыру

 

Бағыт – айқын, міндет – ауқымды

Елбасы Жолдауы - ел экономикасын жаңа нарықтық сапаға шығарып, әлеуметтің әлеуетін көтереді. Онда нақты іске асуы тиіс іргелі бастамалар көрсетілген. Алда айқын бағыт, ауқымды міндет тұр. Басымдық беретін салалар да белгілі. Бұл маңызды құжатты толықтай әрі уақтылы орындау – жаһандық бәсекеге қабілетті ұлттық экономика құрып, дамыған 30 елдің қатарына қосылуымыздың алғышарты.

Мен Жолдаудағы төртінші бағытқа ерекше тоқталғым келеді. Онда көлік-логистика саласына жаңа технологияларды енгізуді көздейді. Бұл бағыт бойынша Президент интеллектуалды транспорттық жүйені енгізу туралы айтты. Бұл дегеніміз – инфрақұрылымның жарқын келешегі. Заман үрдісіне сай сапалы өнім алуға және артық шығыннан құтылуға болады.

Бұл бағытта Елбасының бастамасымен «Нұрлы жол» бағдарламасы қабылданып, ол үшін 2015-2019 жылдар аралығында 7,6 триллион теңге бөлу жоспарланған. Бағдарлама Алматы, Астана, Ақтөбе, Шымкент және Өскемен қалаларын ұлттық және халықаралық деңгейдегі заманауи инфрақұрылымы бар хаб-қалалар ретінде айқындай отырып және мемлекеттік көлік инфрақұрылымын халықаралық көлік жүйесімен интеграциялай отырып, елдің макроөңірлерін қалыптастыру арқылы Қазақстанның бірыңғай экономикалық нарығын құруға бағытталған.

Осы орайда өңірімізде атқарылып жатқан нақты жұмыстарға тоқтала кеткен жөн. Өткен жылдың соңында Шымкент қаласында «Continental Logistics Shymkent» атты мультимодельді көліктік-логистикалық орталық іске қосылды. «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» тасжолына және халықаралық теміржол желісіне өте жақын орналасқан бұл орталық шығыс-батыс, оңтүстік-солтүстік тауар ағымына қызмет көрсетеді. Ақпарат құралдарынан білгеніміздей, онда құрғақ және климаттық жүк қоймалары, контейнерлік терминал, кедендік рәсімдеу аймағы мен ілеспелі құрылымдар бар. Орталық жылына 1 миллион тонна жүк өткізуге қауқарлы.

Жалпы, мемлекет «Нұрлы жер» бағдарламасының аясында көлік саласында 15 инфрақұрылымдық, оның ішінде автожолдар саласында 11 жобаны, теміржол көлігі саласында 3 жобаны және азаматтық авиация саласында 1 жобаны іске асыруды жоспарлап отыр.

Бегімбет БАЙҒАРАЕВ, Созақ аудандық мәслихатының хатшысы.

 

Мүмкіндік зорая түседі

Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты кезекті Жолдауы ел дамуының әлеуметтік-экономикалық басымдықтарын баяндап беретін маңызды саяси құжат.

Бұл Жолдау – Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік Кеңесіне Қазақстанның төрағалық етуімен қатар келіп отыр.

Жолдаудан төртінші өнеркәсіптік революция жағдайында ел дамуындағы экономикалық құбылыстарды болжауға болады. Ол үшін өндіріске киберфизикалық жүйелері жалпылай енгізіледі. Ол экономикалық құбылыстағы ақпараттарды игеру үшін машиналық әдістер пайдаланылады деген сөз. Бұл өз кезегінде сериялық өндірістегі (қазіргі шексіз ақпараттық кеңістіктегі байқалуы қиын) заңдылықтарды анықтауға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, Елбасы Жолдауда «Біз жаһандық өзгерістер мен сын-қатерлерге дайын болу қажеттігін ескеріп, «Қазақстан – 2050» даму стратегиясын қабылдадық. Алдымызға озық дамыған отыз елдің қатарына кіру мақсатын қойдық» деді.

Н.Назарбаев жаңа әлем көшбасшыларының қатарына қосылу үшін Қазақстанда қажетті нәрсенің бәрі бар екеніне сенімділігін білдіре отырып, ол үшін қоғам алдына 10 міндет жүктейді. Бұл міндеттердің барлығы да аса маңызды. Дегенмен, төртінші бағыттың маңыздылығын ерекше атап өтер едім. Өйткені, Қазақстанның аумағы Еуразия кеңістігінің жүрегінде орналасқан. Екі жағымызда әлемдік деңгейдегі алып екі нарық – Еуропа Одағы мен Қытай орналасқан. Егер олардың арасындағы тауар айналымының елеулі бөлігін өз жеріміз арқылы өткізетін мүмкіндік жасай алсақ, біздің еліміздің қазынасына мол қаржы құйылатыны анық.

Қорыта айтқанда, Жолдауда көрсетілген міндеттер жүзеге асырылған жағдайда еліміз үшін алдыңғы қатарлы 30 елдің қатарына кіру мүмкіндігі зорая түседі. Сондықтан да бұл Жолдау осыған дейінгі маңызды құжаттардың бірегейі болып табылады.

Қ.Қалықұлов, АӘИУ-нің «Бизнес» кафедрасының меңгерушісі, экономика ғылымдарының кандидаты, доцент.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ