Аспан асты, жер үсті 0 пікір 0 лайк

Мемқызметшiлерге талап күшейдi

Ақпан 22 / 2018

 

2015 жылғы мамырда ҚР Президенті Н. Назарбаев «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын жариялаған болатын. Ұлт жоспарының алғашқы қадамдары кәсіби мемлекеттік аппарат құру мақсатын көздеді.

 

Мемлекеттік қызметте әділ мансаптық модель қалыптасты. Яғни төменгі лауазымдардан бастап одан әрі қарай сатылап өсу тек конкурс арқылы әрі іскерлік қасиеттер негізінде жүзеге асырылады. Бұл ретте, жоғары лауазымдарға ішкі конкурстардың өткізілетіндігін атап өтуге болады. Оған білімі мен тәжірибесі бар сол мемлекеттік органның немесе басқа мемлекеттік органдардың мемлекеттік қызметшілері қатыса алады. Мұндағы мақсат – әлеуеті жоғары азаматтарды мемлекеттік қызмет жүйесінде мансаптық өсіру.

Ал, мемлекеттік қызметке орналасу үшін жалпы конкурс арқылы жан-жақты іріктеу сатыларынан өтеді. Жаңадан келген азаматтарды жұмыстың қыр-сырына үйрету мақсатында мемлекеттік қызметтің тарихында бұрын-соңды болмаған «3+3 формуласы», «тәлімгерлік» сипатындағы жаңа институттар енгізілді. Мұны жаңа мемлекеттік қызметшілер үшін мемлекет тарапынан жасалған қамқорлық деп білеміз. Себебі, «3+3 формуласының» мәні тереңде.

Мемлекеттік қызметке алғаш немесе біраз үзілістен соң қайта кірген азаматтың лауазымға сәйкестігін анықтау мақсатында міндетті үш ай сынақ мерзімі белгіленеді. Осы кезең ішінде оның бойында қызметке сай әдеп пен жауапкершілікке үйретіп, тәрбиелеу мақсатында тәжірибелі, өнегелі мемлекеттік қызметшілер арасынан тәлімгерлер бекітіледі. Ал, үш ай сынақ мерзімі аралығында өзін оң қырынан таныта алмаған қызметшіге тағы бір мүмкіндік ретінде қосымша үш ай сынақ мерзімі беріледі.

Кәсіби шеберлікті анықтаудың тағы бір көрінісі ретінде мемлекеттік қызметшілерді жыл сайынғы бағалау институтын айтуға болады. Әрбір мемлекеттік қызметшінің атқарған еңбегі есепке алынады.

Бүгінге дейін мемлекеттік қызметшіге санаты мен қызмет өтіліне қарай лауазымдық жалақы төленіп келеді. Ал, Ұлт жоспарының қадамдарында көрсетілген стратегиялық мақсаттарға орай, республикамыздың жекелеген аймақтарындағы өңірлік коэффициенттер ескеріле отырып, әркім атқарған еңбегіне сай жалақы алатын болады. Қабілетіне сәйкес қосымша бонустар алуға да мүмкіндік бар.

Заңның жаңа моделі бойынша мемлекеттік қызметшілердің тағлымдамасы институтына көбірек назар аударылған. Яғни мемлекеттік қызметшілердің тұрақты жұмыс орнынан тыс жерге барып, кәсіби білім алуы мен тәжірибе алмасуы үшін олардың тағлымдамасын жүзеге асыру көзделіп отыр.

Ең негізгі мәселелердің бірі – мемлекеттік қызметшілерді оқыту. Мемлекеттік қызметшілердің кәсіби деңгейін көтеру мақсатында олардың үш жыл ішінде біліктілігін арттыруы Ұлт жоспарында айқындалып, Заңға міндетті талап ретінде енгізіліп отыр.

Ұлт жоспарының он бесінші қадамы бойынша 2017 жылдың І жартыжылдығында мемлекеттік қызмет атқарып жүрген «Б» корпусының мемлекеттік қызметшілері кешенді түрде аттестатталды. Бұл саясаттың негізгі мақсаты – мемлекеттік қызметтегі азаматтардың кәсіби дайындығы мен атқарып отырған лауазымына сәйкестігін анықтау. Аттестаттау кезінде құзіреттілік бойынша мемлекеттік қызметшілердің өз қызметін басқару деңгейі, елге сапалы қызмет көрсету, сондай-ақ, жеке басының адалдығы, жауапкершілігі, бастамашылдығы және стреске орнықтылығы сынды қасиеттері айқындала түсті.

Бүгінде мемлекеттік қызмет саласындағы тарихи маңызды реформаларға байланысты әрбір мемлекеттік қызметшіге күрделі міндеттер жүктеліп отыр. Оның халық алдындағы қызметі терең білімділік пен іскерлікті ғана емес, үлкен жауапкершілікті де талап етеді. Сондықтан да халыққа қызмет ету сындарлы да абыройлы іс екенін жүрекпен ұғынып, мінсіз мемлекеттік қызметке қол жеткізуді мақсат тұтуымыз қажет.

Г. ЗЕЙНУЛЛА, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі ОҚО бойынша департаментінің Мемлекеттік қызмет басқармасының басшысы.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ