Облыс республикада алдыңғы қатардан көрiндi

Ақпан 22 / 2018

 

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жыл басында Қазақстан халқына арнаған «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты жаңа Жолдауы барлық шепте тың серпін туғызып отыр. Өткен жылды табысты қорытындылаған өңіріміздің еңбек ұжымдары ескі жылдың қорытындыларын халық пен БАҚ өкілдері алдында сарапқа салып, сын-ескертпелерді назарға алу, мүлт кеткен тұстарды, орын алған кемшіліктерді болдырмау бағытындағы күреске жұмыла кірісіп кетті. Біз осынау дәстүрлі есеп беру науқаны барысында облыстық қаржы басқармасының басшысы Абдрахман ТАСЫБАЕВТАН өткен жыл қорытындылары мен одан алған сабақтар, алдағы міндеттер жайлы айтып беруін өтініп, әңгімеге тартқан едік.

 

– Абдрахман Батырбекұлы, сөз басында бір сауал, басқарманың былтырғы атқарған жұмыстарына көңіліңіз тола ма?

– 2017 жыл жалпы облыс үшін табысты жыл болғанын ерекше атап өтер едім. Өңірімізде мемлекеттік бюджеттің кірістер жоспары 102,1%-ға орындалып, жоспардан тыс 6,5 млрд. теңге қосымша кіріс түсті. Оның ішінде республикалық бюджет 101,3%-ға орындалып, жоспардан тыс 2,5 млрд. теңге түссе, жергілікті бюджеттің кірістер жоспары 103,4%-ға орындалып, 4 млрд. теңге артық түсті. Ал, 2016 жылдың қорытындысымен салыстырғанда түсімдер 18,4 млрд. теңгеге өсті.

Бюджеттің шығыстар бөлігі 99,9%-ға атқарылды немесе жоспардағы 609 млрд. теңгенің 608,3 млрд. теңгесі игерілді. Бұл көрсеткіш бойынша да облыс республикада алдыңғы қатардан көрінгенін айта кеткен жөн.

Енді басқарманың былтыр атқарған жұмыстарына көңіліңіз тола ма деген сұрағыңызға келетін болсақ, өздеріңізге белгілі, мен басқарма басшысы болып желтоқсан айының басында ғана тағайындалдым. Әйтсе де, басқарманың жұмысы маған таныс, көптеген мамандармен бұрын да тығыз байланыста жұмыс істегенбіз.

 – Дегенмен, бұдан да биік белестен көрінуге негіз бар сияқты. Қолда бар резервтер мен мүмкіндіктер толық игерілді деуге бола ма?

– Иә, былтыр бюджеттің кірістер жоспары асыра орындалды. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың 2017 жылы сәуір айында облысқа жасаған сапары кезінде берген тапсырмасына сәйкес салық салу базасын кеңейтуге және жергілікті бюджеттердің түсімдерін ұлғайту бойынша талдау жұмыстары жүргізіліп, облыс бюджеті қосымша 16,8 млрд. теңгеге ұлғайтылып, жалпы 124,4 млрд. теңгені құрады.

2017 жылдың басынан салықтар мен кедендік төлемдерді әкімшіліктендіру нәтижесінде мемлекеттік бюджетке қосымша анықталған резервтер есебінен барлығы 30 млрд. теңге өндірілсе, оның ішінде жергілікті бюджетке 10 млрд. теңге түсті.

Бірақ, бұл әлі бюджет кірістерінің шекті деңгейі емес. 2017 жылы жеке тұлғалардың көліктеріне салынатын салық бойынша облыс бюджетіне 4 млрд. теңге түсіп, 2016 жылмен салыстырғанда 1,2 млрд. теңгеге артқан. Ал, салыстырмалы түрде алып қарасақ, Алматы облысы бойынша өткен жылы салықтың осы түрінен түсімдер 6,4 млрд. теңгені құраған, яғни біздің облыспен салыстырғанда бюджетке 2,4 млрд. теңге артық түскен. Егер резервтерді толық пайдалана білсек, бұдан да үлкен нәтижеге қол жеткізуге болады.

– Біздің өңірімізде халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға жылдан жылға ерекше басымдық беріліп келеді. Өткен жылы облыс бойынша 608 287,4 млн. теңге қаржы игерілген. Бұл облыс тарихында бұрын-соңды болмаған қомақты қаржы. Осынау ірі соманың басым бөлігі қай бағыттарға жұмсалды?

– Иә, дұрыс айтасыз, облыстың 2017 жылғы бюджеті 600 млрд. теңгеден асты. Бұл қаржының 62,8%-ы немесе 382 млрд. теңгесі әлеуметтік салаға бағытталды. Яғни өткен жылмен салыстырғанда әлеуметтік салаға бағытталған қаржының көлемі 10 млрд. теңгеге артқан.

Нақтылап айтсақ, білім беру саласы бойынша 261,6 млрд. теңге игерілді, бұл 2016 жылмен салыстырғанда 23 млрд. теңгеге көп. Бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білім беруге 144,8 млрд. теңге бағытталып, бұл қаржы облысымыздағы 1029 білім беру мекемелеріне жұмсалды.

Денсаулық сақтау саласына 2017 жылы 54,2 млрд. теңге бағытталды. Оның ішінде республикалық бюджет есебінен 39,8 млрд. теңге игерілді. Бұл қаржы Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытудың 2016–2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасындағы бағыттарды іске асыруға жұмсалды. Атап айтқанда, жергілікті деңгейде тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін көрсетуге 18,6 млрд. теңге жоспарланып, ол толығымен игерілді.

Әлеуметтік көмекке және әлеуметтік қамсыздандыруға былтыр 33,5 млрд. теңге жұмсалып, 2016 жылмен салыстырғанда ол 13,2 млрд. теңгеге артты. «Өрлеу» жобасын іске асыру бойынша облыс бойынша 9,4 млрд. теңге игерілді. 2017 жылы шартты ақшалай көмек 21 860 отбасындағы 125 782 адамға тағайындалып, 25 866 еңбекке жарамды азаматтың 24 773-і жұмыспен қамтудың белсенді шараларына қатысты.

Мәдениет, спорт, туризм және ақпараттық кеңістiк саласына 32,7 млрд. теңге бағытталды. 2016 жылмен салыстырғанда бұл салаға жұмсалған қаржының көлемі 7 млрд. теңгеге ұлғайды.

Мәдениет саласындағы қызметтерге 8 млрд. теңге жаратылды. 2017 жылы өткізілген іс-шаралардың басым бөлігі Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы, ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесі және «Түркістан - Түркі әлемінің мәдени астанасы» жылы аясында өткізілді.

Спорт саласы бойынша 18,8 млрд. теңге игерілді. 2017 жылдың қорытындысы бойынша облыста дене шынықтыру және спортпен тұрақты түрде шұғылданушылар саны 767,8 мың адамды құрап, облыстағы барлық жастағы халықтың қамтылуы 26,3%-ға жетті.

– Елбасы биылғы Жолдауында еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуын шешу жолдары мен кемел келешегін айқындайтын 10 бағыттың бірі ретінде ауыл шаруашылығын дамыту мәселелеріне арнайы тоқталды. Енді осы саланы қаржылай қолдау мен оның нәтижелері туралы айтып берсеңіз?

– Соңғы жылдары ауыл шаруашылығы саласына мемлекет тарапынан ауқымды қолдаулар көрсетілуінің арқасында агроөнеркәсіп кешені қарқынды дамып, оң нәтижелерге қол жеткізілді.

Былтыр ауыл шаруашылығы саласын дамытуға барлығы 32 млрд. теңге бөлініп, оның 25 млрд. теңгесі 14 бағдарлама бойынша шаруаларға субсидия ретінде берілді. Мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде 2017 жылы ауыл шаруашылығы бойынша жалпы өнім көлемі 522,4 млрд. теңгені құрап, 2016 жылмен салыстырғанда 77,4 млрд. теңгеге артты.

Инвестициялық субсидиялау бағдарламасы шеңберінде 579 жобаға қолдау көрсетілді. Нәтижесінде ауыл шаруашылығы негізгі капиталына тартылған инвестициялардың көлемі 38 млрд. теңгені құрап, арғы жылмен салыстырғанда 3,4 есеге артты.

– Енді алда атқарылуы тиіс маңызды міндеттерге қысқаша тоқтала кетсеңіз...

– Алдағы міндеттердің бәрі де маңызды ғой, дегенмен, соның ең бір өзектісіне тоқталар болсам, Елбасы Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауында мемлекеттік органдарға бағынышты ұйымдардың санын қысқарту есебінен жекешелендіру жоспарын кеңейту және әкімшілік шығындарды азайту үшін ведомствоға бағынышты нақты қажетті ұйымдарды біріктіруді тапсырды.

Қазіргі таңда басқарма тарапынан мемлекеттік органдарға қарасты ведомстволық бағыныстағы ұйымдардың қызметтеріне талдау жүргізілуде. Атап айтқанда, бір-бірінің қызметін қайталайтын ұйымдарды біріктіру және әлеуметтік маңызды емес ұйымдарды бәсекелестік ортаға беру арқылы олардың санын қысқарту жолымен мемлекеттік меншік объектілерін тиімді басқару жүзеге асырылады.

– Әңгімеңізге рахмет, табыстан табысқа жете берулеріңізге тілектеспіз!

Слам НҰРМАҒАНБЕТҰЛЫ, ОҚО қаржы басқармасының баспасөз хатшысы, Қазақстанның құрметті журналисі.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ