Біз ата дейтінбіз

Ақпан 22 / 2018

 

«Оңтүстік Қазақстан» газетінің «Менің әкем» атты айдар ашқаны аса құптарлық. Алғашқы сөзді дос-қарындасымыз, айтулы ақынымыз Ханбибі айтты. Әкесі хақында. Керемет. «Ендігі кезек сіздікі» дейді қоңырау шалған Үмітхан ханымыңыз. Ойландық. Оқырманның бәзбіреулері: «Осылардан басқалар жоқ па? Онсыз да жиі шығады ғой» деуі бек бәлкім. Айтсын-айтпасын, көбірек көрінетініміз рас. Газетіңізде.

 

Дегенмен, әлдеқандай боп бас тартудың да жөнін таппадық, әрі әкеміз ана жайда қабақ шытып қалар деп, бірер жәйттерді ортаға салмаққа бекіндік.

Біз әкемізді ата дейтінбіз. Қазақтың қарапайым шалы-тұғын. Өз басымыз шал деген анандай, қария мынандай, ақсақал түгендей, абыз деген пәлендей мағынаны білдіреді деген тұжырымдарға онша қосылмаймыз. Шал, қария, ақсақал – синонимдер. Ал, абыз сөзін абайлап айтқан абзал. Ол – мүлде басқа ұғым. Алып ағаларымыздың көбісі адамзаттың Абайын да «қазақтың қара шалы» деп жазған.

Біздің қарапайым ғана қара шал ауыл бойынша ең үлкен ақсақал еді. Біз ес білгенде. Ол кісі 1888 жылы Түлкібас ауданының Таупістелі ауылында, Бозторғай асуының аузында туған. 1900 жылдары қарашекпенділер қарагер тұлпарына қызығып, туған ағасын атып кеткен. Байғұт жылқы емдейтін, ота жасайтын тәуіп болған. Жуалы, Шаян жақтан келіп емдетеді екен. Қимас жылқыларын.

Әуелгі әйелі ауырып қайтыс болған. Одан бір қыз қалған. Екінші әйелін айттырып барғанда, қап-қара боп түтігіп, жүдеп-жадап жүрген, жылқыларын алғашқы артель (калқоз) тартып алған жылқышыны Бүйрекбастау ауылының адуынды қатындары менсінбеген. Әкеміз сонда отыздан жаңа асқан екен. Қарауытқан түрін жасырыңқырап, ымыртта кірген ғой қызды ауылға.

«Ойы-ба-ай, қыз айттырған жігіт түннен түк көрінбейді ғой! Қайда отыр өзі? – деп кекетеді бір қатын. – Әй, шырағдан әкеліңдерші, жөндеп көрейік».

Сонда әкеміз: «Әкелсең, әкеле ғой шырағыңды; Көрсең талып түсерсің сияғымды. Жеңгелерді жүдә мен жақтырмаймын; Қиып түсем қыз деген қияғыңды...» деп бастап, әндете жөнеліпті. «Сияғымды» дегенін алғаш түсінбейтінбіз. Кейін аңғарсақ, әдемі, әдеби тапқырлық екен дә. «Әкең сөйтіп, қараңғы үйді жарқыратып жіберген» деп еске алатын екі-үш кемпір.

Екінші келіншегі 1932 жылы, ашаршылықта Жуалыдан тау асып келе жатып шейіт кеткен. Артында ағамыз қалған. Үшінші әйелі Әсем – менің шешем. Анамыздың үстіне соғыстан оралмаған аталас бауырының жесірі Пәтима апамызды алған.

Атамыз (әкеміз) таңғы сағат төрттерде Таупістеліден атпен аттанып, Сайрамның Қарабұлағындағы мал базарында жылқы саудасына делдалдық ететін. Кешке қарай ауылға оралатын. Қойын қалтасынан делдалдық табысын – қағаз ақша бумасын шығарғанда ше, таныс иіс танауларды жарып кете жаздайтын.

Бастауыштың бірінші класына барар жылымызда Байекең Қарабұлақтағы өзбек достарымен бірге Түркістанға тәу етіп, Әзірет Сұлтан әулиеден әлдебір көкжасыл бояулы, қайрақтай ғана тас әкелген. Ұл-қыздарын қамыс шатырлы үйдің алдына қатар сапқа тұрғызып, бәріміздің маңдайымызға бір-бір басып өткені жадымызда жаңғырады. Кейіннен жылқы мәселесімен Ташкентке талай барғаны есімізде сақталған. Шабандоз еді. Әсем апамыз айтып отыратын. Бірде Қарабастаудағы төркінінен екеуі құлынды биеге мінгесіп келе жатады. Құлбайшоқының күзгі көк жапқан жазығында көкпар қызған шақ екен дә. Құлынды шешемізге құшақтата сап, додаға қойып кетеді.

«Бір салым салдым» деп тезірек оралыпты әйтеуір. Қалқоз бастығы, өзінің құрдасы орталықтан үйге келсе болды, мына бізді орталарына отырғызып: «Кісі болар баланың кісіменен ісі бар; Кісі болмас баланың кісіменен несі бар?» деп әңгіме тыңдататын. Бастық құрдасы: «Өй, мына баланың мойыны ырғайдай ғой жүдә. Бұ қалқанқұлақтың нағашысы селсебет Таутай-ау?» дейтін. Әкеміз: «жоқ, ойбай! Таутай емес, Қайран Қаратай ғой!» дейді сонда шыж көбектеніп. Ағайынды, атақты Ахметовтер нағашыларымыз еді. Біреуі бай-құлақ ретінде айдалған. Екеуі соғыстан қайтпаған. Ал, Қаратай 1937 жылы аудан бойынша алғаш қамалған төртеудің бірі екен. Басшы қызметтер атқарған. Бертініректе білдік қой бәрін. Тірі қалған жалғыз Таутай селсебет екен. Әкеміз ол кісіні онша жақтырмайтын. Себебін қайдан сезейік.

«Балам! Есіңде болсын. Сенің нағашың Қаратай деген есіл ер...» Дейтін. Әкеміз күрсініп. Әсем апамыз ебіл де дебіл жылайтын.

Байекеңнің бағбандық шеберлігі туралы, бауының ауыл бойынша бірінші орын алғанын бұрын жазыңқырағамыз. «Ақтолғайда».

Біз екінші класта жүргенімізде, елу төртінші жылғы наурыздың соңғы күні әкеміз дүниеден озды. Көктемгі каникулда әпкеміздің ауылына баратынбыз. Біз қарсы беттегі Қарадөңге шыға бере құлапты. Атамыз. Алтыншы күні алып қайтқан. Ағамыз. Түсі суық еді. Ештеңе айтпаған. Үйге кірсек, шалқалап, ес-түссіз жатыр екен. «Байғұт! Ай, Байғұт! Балаң келді ғой, балаң!» деді Сырман молда. Байекең баяу ғана көзін ашты. Басын бұрып қарамаққа қатты қиналды. «Ата-а-а!» дедік шырқырап. Кенет екі көзінен екі жаққа қарата жас сорғалап қоя берді... Сәлден соң-ақ үйдің іші шу ете қалған.

Сол көктем көп жылады. Жаңбырдан көз ашпадық. Мамыр айының ортасында бейіті ойылып түсті. Топырағы қайта үйілді. Құран бағышталды. Аңыздар тарап кетті. Ауылдан-ауыл аралап. «Не дейсің, Байекең Ташкентте жүр екен». «Шымкентке барған біреулерге кездесіп қапты, ауылға айтпай-ақ қойыңдар депті». «Қарабұлақтағы өзбектердің ортасында сайран салып жүріпті. Қасында атлас көйлек киген келіншек»...

Түсімізде шынымен-ақ Ташкентті, Шымкентті, Түркістанды, Қарабұлақты көретін ек. Өңімізде көрмесек те. Атамыз аппақ шәйіден шапан киіп жүретін. Қасында атлас көйлекті келіншек. Қызғанып, жылап оянатынбыз. Тірі болса мейлі деп те қуанатынбыз. Кейде.

Жазға қарата ауылдың қозы-лағын жинап, ақыға бағуға кіріскенбіз. Әкеміз бардағы шәйі жейделер, қаракөк кәстөм-шалбар, қырым бәтеңке бірсін-бірсін көзімізден бұл-бұл ұшқан. Масақ тергендердің соңы біз болғанбыз.

Жалғыз суреті сақталған. Алдына бізді алып отырыпты.

Мархабат БАЙҒҰТ, «Түркі әлеміне қызметі үшін» халықаралық сыйлығының лауреаты.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ