Астанаға велосипедпен барғысы келеді

Ақпан 22 / 2018

 

Ерболат АЙНАБЕКОВ, «Оңтүстік Қазақстан».

Әрбір жанның өмірінде өзі үшін байлыққа бергісіз дүние болады. Ол мейлі зат болсын, мейлі сүйікті ісі болсын, оған ат басындай алтын берсеңіз де алмастырмайды. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз – жастайынан велосипедті жанына серік еткен Құдабек Раманқұлов. «Шайтанарбаға» қызығушылығы да тосыннан оянған екен. Бәрін басынан бастайық...

 

Құдабек аға Отырар ауданына қарасты Қоғам ауылында туып өскен. Ауыл адамдары оны Серік деп атайды. Ағасына «серік» болсын деп солай атап кеткен екен. Бірде оны әкесі көрші ауылдағы туыстарына сәлемдеме айтуға жұмсайды. Ол кезде қазіргідей байланыс құралдары атымен жоқ. Бір хабар айту үшін екі ортаға жол салу керек. Әкесінің тапсырмасы бойынша Құдабек аға жолға шығады. Қырсыққанда сол күні ауыл арасына қатынайтын автобус бұзылып, көп адам жолдан қалады. Әкесінің айтқан тапсырмасы уақыт күтіп тұрмайды. Содан Құдабек аға көрші ауылға велосипедпен тартады. Ауыл арасы – 45 шақырым. Барып-қайтуы бар, бас-аяғы 90 шақырымды велосипедпен жүріп өтіп, жұмысын тындырады. Велосипедке деген қызығушылығы сол кезден бастап ояна бастайды.

Тіпті, велосипедтің қалыпты жылдамдығына көңілі толмай, қайтадан өзі жасап шығады. Зауыттан шыққан «Урал» велосипедінің бастапқы жылдамдығын адам танымастай өзгертеді. Айтуынша, өміріндегі ең ұзақ сапарды осыдан аттай 20 жыл бұрын жасаған екен. Енді соған тоқталсақ.

1997 жылы ауылға Өзбекстанда тұратын әпкесі келеді. Туыстарымен сағынысып көрісіп, мауқын басып, мұндағыларды Өзбекстанға қонаққа шақырады. Сонда Құдабек ағаның көкейінде сол жаққа велосипедімен бару деген арман оянады. Туыстарына, достарына сондай ниеті бар екенін айтады. Бірақ, оған ешкім сенбейді. Жақындарының сенімсіздігі оның намысын келтіріп, жігерін жаниды. Жолға шығуға 1 жыл дайындалады. Дайындалып жүргенде әпкесі тұратын ауылдан көршісі трактор сатып әкеледі. Содан жолдың мән-жайын сұрап алады. Сөйтіп, ешкімге айтпай бір түнде Өзбекстанға тартып кетеді.

– Бірінші Жетісайға жетіп алуды көздедім. Жолға шыққанымды жан адам білмейді. Жетісайға барар жолда Ызакөл деген ауыл бар. Сол ауылда күре жолдың бойында әпкем тұратын. Оған көрінбейін деп әдейілеп ол ауылға кешкісін жеттім. Қараңғыда білдірмей өтіп кетпек ойым бар. Ол ойым іске асты. Дорбамда бір құты су мен бір таба наннан өзге ештеңе жоқ. Шардара су қоймасына жеткенімде алдымнан бір асхана шықты. Су толтырып алуға кіріп едім, қара суды да қызғанып, бермей қойды, – деп еске алады сол кездерді кейіпкеріміз.

Көңілі түсіп, жол жүруді одан ары жалғастырған. 5 шақырымнан соң бір ауылға кез болады. Су алған үйіне құдайы қонақпын деп айтуға қымсынып, ауыл шетіне шығып, далада түнеген.

Бұл уақытта Құдабек ағаны әкесі бүкіл Отырарды шарлап, шарқ ұрып іздеп жүріпті. Соңында «бір кетсе, осы Өзбекстандағы әпкесіне кетті» деп шешеді. Содан әкесі Жетісайдан келетін автобустың жолын күтеді. Күткен автобус та келеді. Сонда автобус ішіндегі ауылдас бір қыз Шардараның тұсында велосипедпен құйғытып кетіп бара жатқан Құдабек ағаны танып қойыпты. Әкесі көлігіне отырып, Жетісайға тартады. Екі ауданның құқық қорғау органдарын аяқтан тік тұрғызып, іздеу жариялайды. Құдайдың құдіреті де сол шығар, Құдабек аға су алуға әлгі ауылға кірген кезде әкесі сол ауылдың тұсынан өтіп кеткен. Әйтпегенде, ол сол жерде «құрықталып», арманына жете алмай, сапарын Шардарада аяқтауы бек мүмкін еді.

Іздеуден нәтиже шықпай, амалы таусылған әке ұлын шекара бекетінде күтуді ұйғарады. Құдабек аға, шекараға жеткенде нөпір көліктерді көріп, «машина базар екен» деп ойлайды. Жақындай келе әкесі мен Өзбекстанда тұратын әпкесін таныған. Әкесі оны көре сала ауылға әкетуге ниеттенген. Құдабек аға арманына үш-ақ шақырым қалғанда кері қайтуды ұят санайды. 300 шақырым жолды велосипедпен артқа тастаған ерлігі үшін шекарашылар оны бірде-бір құжатсыз өткізіп жіберіпті. Ұлының өміріне алаңдаған әке «Қайтар жолда автобуспен кел. Велосипедті мен әкетейін» дейді. Алайда, Құдабек аға оған да көнбейді. Автобуспен қайтуға сөз беріп, «көлігін» алып қалады. Бірақ...

Қайтар жолды да велосипедпен бағындарады. «600 шақырымнан астам жолды осы жаман белсебетіммен жүріп өттім» дейді Құдабек аға «шайтанарбасының» шаңын сүртіп қойып.

Оның басынан өткен тағы бір қызықты жайт ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай өткізілген велошеру барысында болыпты. Кілең кәсіпқойлар жиналған шеруге Құдабек аға да қатысуға ниет білдірген.

– Шеру болатын күні ескі велосипедімді алып, облыс орталығына келдім. Аңдасам, кілең спорттық велосипедтер. Барлығы да спорттық киім киген. Мен ғана үй киіммен, және «Урал» велосипедіндемін. Басында жұрттың бәрі маған қарап күлді. «Мына ДТ-ңызбен Темірланда қалып қоясыз ғой, көке» деп кекеткендер болды. Қырлы жолға түскенде менің «ДТ-ымның» күшін көрді. Қырдың бәріне бірінші болып мен шығып отырдым. Бәрі басын шайқады, – дейді ол.

Сонда бұған келіп, велосипед ауыстыруын өтінгендер де табылыпты. Қымбат велосипедті менсінбей, өзінің ескі велосипедін қимаған. 180 шақырымдық шеруді аяқтап, ауылға сол велосипедпен келген. Сол күні жалпы 240 шақырымды «шайтанарбамен» еңсеріпті. Өзі қазіргі таңда Шәуілдір ауылындағы Жамбыл атындағы мектеп-лицейінде кіші қызметкер. Шәуілдір мен Қоғам ауылының арасы 10-12 шақырым. Осы аралықта ол көлікке мінген емес. Жұмысқа «екі дөңгелекті көлігімен» барып келеді.

Қаншама жерді велосипедпен басып өткен ағамыздың арманы да жоқ емес. Енді ол елордасы Астана қаласына велосипедпен барып қайтсам дейді.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ