«Кәдімгі Сәбит Мұқанов!»

Ақпан 22 / 2018

 

Біреу сенер, біреу сенбес, кешегі алпысыншы-жетпісінші-сексенінші жылдары ақын-жазушылардың абырой-беделі дегеніңіз кез келген министрден, кез келген бірінші хатшыдан, кез келген депутаттан жоғары болмаса, төмен болмаған. Алматыға қыдырыстап бара қалған қазақ зәуіде бір ақынды ма, жазушыны ма, театрдан, стадионнан, тіпті болмағанда көшеден көріп қалса да сол оқиғаның өзін ауылына келіп жылдап айтып жүріпті. Ал, ауылға ақын-жазушының келуі кішігірім мерекеден бір кем болмаған.

 

Сіздер көріп отырған мына сурет 1966 жылы Кентауда түсірілген. Өлеңінің соңына «кәдімгі Сәбит Мұқанов!» деп қол қойған ұлы Сәбең Кентауға іссапармен келгенде осындағы Ы.Алтынсарин атындағы №1 мектепке бас сұғып, оқу ордасының мұражайымен танысыпты. Фотограф та әбжіл-ақ екен, осынау тарихи сәтті шырт еткізіп үлгеріпті.

Сол кездері «Ащысайтүстіметалл» комбинаты кәсіподақ комитетінің төрағасы қызметін атқарған Парсұлтан Қаңлыбаев бұл сурет жайлы «Кентау» атты кітаптағы естелігінде былай дейді: «Менің үйімде өте құнды әрі көне фотосурет сақталып қалыпты. С.Мұқановты сол кезде қаланың табиғаты таңқалдырды. Жазық дала және таулар, ағып жатқан өзендерді көріп, «Жасыл желекті Кентау қаласын халық «Құмдағы оазис» деп бекерге атамаған екен» деген еді».

Мектептегі музейде орналасқан Ы.Алтынсарин жайындағы материалдарды көріп, «Сіздер көрікті қала Кентаудағы бір мектепті қазақтан шыққан тұңғыш ағартушының есімімен атағандарыңыз қандай жақсы болған. Жас ұрпақ қазақ ұлдарының еңбегін, мәдениеті мен қоғамға жасаған игі істерін біліп жүруі керек» деген өсиетін айтыпты.

Міне, бүгінде тарихқа айналып үлгерген сіздер көріп отырған суреттің түсірілгеніне де 52 жыл толыпты. Одан бері де талай су ақты, талай тауды жел мүжіді, тіпті сол кездегі мемлекеттің – империяның өзі де келмеске кетті. Бірақ, қазақ жадында Сәбит Мұқанов есімі бәрібір қалды. Оның әрбір шығармасы, ол жайлы айтылған естеліктер тарихқа айналды. Ендеше, мына сурет те тарих! Сіздер бұл суреттен Сәбит Мұқановты ғана көріп отырған жоқсыздар, осыдан жарты ғасыр бұрынғы өмірімізден де өрнек тауып отырсыздар. Сол кездегі адамдардың киім киісі, шаш қою үлгісі, костюмдеріне таққан ромбиктері – бәрі-бәрі тарих... Адамдардың жүзінде жылылық бар, көздерінде мейірім бар. Бұл да тарих...

...Ескі суреттер осынысымен де ыстық қой!

Қайрат ЗАЙНИШЕВ. Кентау қаласы.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ