Фотошежіреші

Ақпан 22 / 2018

 

Үмітхан АЛТАЕВА, «Оңтүстік Қазақстан».

Уақыт-керуеннің зырылдаған дөңгелегі тынымсыз қозғалып, әрбір сәтімізді тарих қойнауында қалдырып кетіп жатқанына мән бере бермейміз. Зымыран уақытты жарқ еткен фотоаппарат жарқылы ғана бір сәтке тоқтата алатындай... Кешегі күнді келешекке қаз-қалпында жеткізген хас шебер, уақтысында «Оңтүстік Қазақстан» газетінің фототілшісі болған, марқұм Үркімбек Елеубеков тірі болғанда 85 жасқа толатын еді.

 

Үркімбек аға Созақ ауданындағы «Қаратау» кеңшарында дүниеге келген. Білетіндер ата-бабаларының би-болыс болғанын айтады. Әкесі Жексембек өмірден ерте өткенімен, ауылдың шолақ белсенділері «байдың тұқымы» деп түртпектеп, анасы Хадишаны екі ұлымен Шаянға жер аудартады. Шаяндағы орта мектепті бітірген елгезек бозбала алдымен аудандық комсомол комитетінде, сосын аудандық газетте фототілші болып қызмет істейді. Фотоөнерді шебер меңгерген білікті фотографты көп ұзамай өлкелік газеті қызметке шақырады. Өлкелік газетте шеберлігі шыңдалған маманды 1972 жылы облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетінің редакторы Әмірсейіт Әлиев аттай қалап, облыстық басылымға қызметке қабылдайды.

Үркімбек аға ширек ғасыр қызмет атқарған жылдардағы «Оңтүстіктің» тігінділерін қарап отырсаңыз тәжірибелі фототілшінің үлкен шығармашылықпен жемісті жұмыс істегеніне куә боласыз. Көктемгі егіс тынысы, мақта теру науқанының қызу қарбаласы, шалғай отардағы шопандар өмірінен фоторепортаждар, жалт еткен жалқы сәттерден түсірілген фотоэтюдтер басылым беттерінен жиі көрініс тапқан. Иә, фототілшілік кәсіп дегеніңіз шын мәнінде жауапкершілігі өте ауыр жұмыс қой. Аядай суретке бүкіл тіршілік тынысын сыйғызып, уақыт ағымын сездіру үшін де маман тынымсыз ізденісте болуы тиіс. Зайыбы Ұлтай апамен әңгімелескенімізде: «Үнемі жасыл «Нивасымен» аудан-қалаларға іссапарға аттанып кететін. Көлікті жақсы жүргізе білмегеніне қарамастан өлермендікпен жұмыс істеді. Сапарынан аман-есен келсе екен деп тілеуін тілеп отыратынмын. Екеуара әңгімеде «өзгенің өмірін тарихта қалдырамын деп жанталасып жүргенімізбен, өзіміз үнемі кадр сыртында қаламыз. Келешек ұрпақ суреттегі адамдарға қарап-ақ сол ортаны, сол дәуір тынысын таниды. Әйтсе де, сол суретті кім түсірді деп естеріне де алмайды-ау...» деген еді» деп сыр тиегін ағытты.

Облыстың ширек ғасыр бойғы қоғамдық, саяси, мәдени, әлеуметтік өміріндегі тыныс-тіршілігі Үркімбек ағаның фотоаппараты арқылы газет беттерінде «сөйлеп» тұрды. Қарашаңырақтың фототілшісі үлкенмен де, кішімен де тез тіл табысатын, тосырқауды білмейтін қарапайым мінезімен қайсы ортаға да тез бейімделе кететін. Өңірге ат басын бұрып тұратын қазақтың классик жазушылары Мұхтар Әуезовпен, Сәбит Мұқановпен, Ғабит Мүсіреповпен қатар тұрып суретке түсуі де ол кісінің жатырқауды білмейтін ақжарқын мінезін танытса керек. Әріптестерінің айтуынша, редакцияда өтетін лездемелерде Үркімбек аға сөз алып, журналистердің мақалаларына пікірін білдіргенді жақсы көреді екен. Кей-кейде эмоцияға беріліп қолын сілтеп, арлы-берлі жүріп кететін сәтінде редактор Әмірсейіт аға сабасына түсіріп отыратын көрінеді. Редакциядағы ардагерлер ұйымының төрағасы Слам Нұрмағамбетов:

– Үркімбек аға аузын ашса жүрегі көрінетін аңқылдақ жан еді. Асабалық өнері бар, өлеңдетіп сөйлегенді ұнататын. Жастарға «Қаздай тізіліп жарасып жүріңдер, бір-біріңе қарасып жүріңдер, бір-біріңмен санасып жүріңдер» деп тілегін айтатын. «Слам, енді қандай план?» деген сөзі мәтел боп кеткен. Облысқа келген іссапарында Елбасы Назарбаев фототілшінің өз кәсібін ынты-шынтымен атқарып жүрген қызметіне риза болса керек, арқасынан қаққанын мақтаныш тұтушы едік. Облыс басшысы Сергей Терещенко Елеубековті елгезектігі үшін құрметтейтін. «Қаламгерлер қалжыңы» деген кітабымда ол кісі жайлы қағытпаларды көбірек жаздым. «Тек алға қарай жүретін» жасыл «Нивасымен» талай рет қызық жағдайға ұшыраған, – деп әріптес ағасы жайлы жылы лебізін білдірді.

«Тыл ардагері», одан басқа да мерекелік медальдармен марапатталған Үркімбек Елеубеков зейнеткерлікке үлкен абыроймен шыққан соң үш-ақ жыл өмір сүріпті. Ұлтай апай «жұмыс-жұмыс деп жүріп денсаулығын күтпеген екен, өмірі қысқа болды ғой» деп күрсінеді. «Оңтүстік Қазақстанның» фототілшісі Ү.Елеубековтің өзі өмірден өткенімен, ол жасаған тарихи суреттер музейлер мен облыс тарихына арналған кітап беттерінде өткен күндер шежіресінен сыр шертіп тұра бермек.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ