Руханият 0 пікір 1061 лайк

«Бұл – қанға біткен өнер»

Ақпан 20 / 2018

 

Айгүл СҮНДЕТОВА, «Оңтүстік Қазақстан».

Жуырда Түлкібас ауданында «Салбурын мереке ғой саятшыға» атты этнографиялық шара өтті. Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында өткен басқосуды облыстық әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығы мен Түлкібас аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі бірігіп ұйымдастырды.

 

Саятшылық, құсбегілік өнерді қайта жаңғыртуды мақсат еткен шарада өңірдегі қазақтың төл өнерін жанына серік еткен жігіттер бақ сынады. Этнотанымдық шараның ашылу салтанатына қатысқан белгілі жазушы Мархабат Байғұт, белгілі саятшы Мұхтар Атахан, көкпаршы Әбілхан Дауылбаев ұлттық салт-дәстүріміз бен әдет-ғұрпымыздың ұрпақ тәрбиесі мен қоғамдағы мән жайын сөз етті.

«Саятшылық, аңшылық – қазақтың қанына біткен төл өнері. Мұнда ердің жігіттігі, батылдығы, ептілігі сынға түседі. Бүгінгі заманда біз осындай ұмыт бола бастаған, өскелең ұрпаққа үйретуге тиіс құндылықтарымызды жаңғыртып, көрсетіп отыруымыз керек. Бұл – әрқайсымыздың парызымыз» деді Мархабат Байғұт.

Шара аясында бүркіт баптау, құмай тазыны аңшылыққа баулу мен аңға салу жайы насихатталды. Тазы баптаушылар Сейілхан Есбаев пен Рахат Дуанабеков, Оңтүстік өңіріне белгілі құсбегі Жомарт Кеуенов пен саятшы Мұхтар Атахан өз кәсіптерінің қыр-сырын ашып, саятшылық төңірегінде қойылған сұрақтарға жауап берді.

Сондай-ақ, саятшылық пен аңшылық жайлы қысқа метражды бейнефильм түсірілді. Соңында әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығының директоры Жәнібек Тағаев тағлымды іс-шараға атсалысқан азаматтарға алғыс білдіріп, шарада ерекше көзге түскен саятшыларды марапаттады.

Түлкібас ауданы.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ