Тұрғындарды жеке мәселелерiмен қабылдады

Ақпан 20 / 2018

 

Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Ж.Түймебаев тұрғындарды жеке мәселелерімен қабылдады. Естеріңізге сала кетейік, өңір басшысы есеп беру жиынында бірқатар азаматтардың арыз-шағымдарын тыңдау мақсатында жеке қабылдау өткізетінін айтқан болатын. Осыған байланысты облыс әкіміне мәселелерін жеткізуге келген 34 азамат өздерін мазалаған сауалдарын ортаға салды. Қабылдауға облыстық сот, прокуратура, облыстық және қалалық жергілікті полиция қызметінің, Ішкі істер және әділет департаментінің басшылары қатысты.

 

Қабылдауға бірінші кірген шымкенттік азаматша Н.Смирнова көршісінің жалпыға ортақ жер телімін заңсыз иемденіп алғанына шағымданды. Нәтижесінде қос тарап арасындағы дау туындап, бір бітімге келе алмай соттасып жүргендеріне 4 жылға жуықтапты. Мәселенің мән-жайымен танысқан өңір басшысы ұзаққа созылған даудың заң аясында шешілуіне ықпал ету үшін тиісті сала басшыларына тапсырма берді.

«Көршілер арасындағы даудың басталғанына біраз уақыт өтіпті. Бірнеше рет сотқа да жүгініпсіздер. Демек, бұл мәселені шешу үшін тереңірек зерделеу керек. Сондықтан да мен құқық қорғау және әкімдік қызметкерлерін арнайы шақыртып отырмын. Енді сіз айтып отырған мәселені мамандар заң аясында шешуді мұқият қарайды. Бұл мәселе жеке қадағалауымда болады» деді Жансейіт Қансейітұлы.

Ал, өз кезегінде Н.Смирнова облыс әкіміне алғысын білдірді.

«Бүгін бізді жеке қабылдап, мәселені оңтайлы шешуге тапсырма бергеніңіз үшін сізге алғысым шексіз» деді қала тұрғыны.

Ал, Ақтас елді мекенінің тұрғыны Қ.Жайнова ауылында ауызсу, жарық, газдың жоқтығын айтты. Оның айтуынша, елді мекендегі электр энергиясының сапасыздығынан үйдегі тұрмыстық техникалар күйіп кетуде екен. Сондай-ақ, ол ауыл мектебі мен медициналық бекеттің интернетпен қамтылмағанын жеткізді.

Шымкенттік Д.Кемелбекова болса, «Достық» шағынауданынан 2016 жылы заңды түрде жер алғанын айтады. Оның сөзінше, уақыт өте келе сол жер теліміне заңсыз қаулы шығып, мүлігінен айрылып қалған.

«Қайнарбұлақ» саяжайының тұрғыны баласының өліміне қылмыстық әрекеттің себеп болғанын айтып, жергілікті тәртіп сақшыларының өз жұмысына салғырттығын сынға алды.

Өңір басшысының қабылдауында болған өзге азаматтар жер дауы, мал ұрлығымен қатар қоғамдық көлік қатынасының жоқтығын айтып шағымданды. Ал, бір тобы ауыл шаруашылығы саласында құрылған кооператив туралы арызданды. Олар кооператив төрағасын заңсыз әрекеттерге барды деп айыптап отыр.

Мәселенің мән-жайына қаныққан облыс әкімі қабылдауда болған азаматтардың көтерген өтініш-тілегіне барынша назар аударып, оңтайлы шешуді жүктеді.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ