Рухани жаңғыру 0 пікір 0 лайк

ОРНЫҚТЫ ДАМУДЫҢ ОН БАҒЫТЫ

Ақпан 20 / 2018

 

3-бағыт – «Ақылды технологиялар» – агроөнеркәсіп кешенін қарқынды дамыту мүмкіндігі

 

Кооперативтер құрудың маңызы зор

Президенттің биылғы Жолдауындағы 10 міндеттің 7-еуі экономикаға, қаржыға ақылды қалаға арналған. Яғни, Елбасының алдымен экономика, сосын саясат ұстанымын еске түсіреді.

Мен ауыл шаруашылығы саласының маманы ретінде «Ақылды технологиялар» – агроөнеркәсіп кешенін қарқынды дамыту мүмкіндігі» деп аталған үшінші міндетті қызу қолдаймын. Елбасы «Аграрлық саясат еңбек өнімділігін түбегейлі арттыруға және өңделген өнімнің экспортын ұлғайтуға бағытталуы керек» деп нақты тапсырма берді. Ауыл шаруашылығы ғылыммен ұштастырылғанда ғана жетістікке жетуі мүмкін. Біз мақта талшығының тоннасын 2 мың АҚШ долларына сатамыз. Егер сол мақтаны терең өңдеп, трикотаж жасап, өзіміз киім және сүлгі шығарсақ, 1 тонна мақтадан 6,5-7 мың АҚШ долларын табуға болады екен. Міне, біз тек мақта емес, барлық дақылдарды осылай терең өңдеуге бет бұруымыз керек. Ал, оның бірінші қадамы – ұсақ шаруашылықтарды біріктіріп, кооперативтер құру. Өткен жылы өңірімізде 158 кооператив құрылып, нақты саны 640-қа жетті. Оған 55 мыңнан астам ұсақ шаруашылық пен фермерлік қожалықтар мүше болыпты. Бұл көрсеткіш бойынша облыс республикада бірінші орында тұр.

2017 жылы 212 гектар жылыжай салынып, жалпы алаңы 1 335 гектарға жеткен. Бұл республикадағы барлық жылыжайлардың 75 пайызы біздің өңірде орналасқанын білдіреді. Ал, тамшылатып суару әдісі өткен жылы өңірде 8 606 гектарға ендіріліп, осы әдіспен ылғалдандырылатын егістік көлемі 60 мың гектарға жуықтаған. Бұл көрсеткіш бойынша облыстың республикадағы үлесі 72 пайыз екен. Ал, индустрияландыру картасы бойынша 172 жоба іске қосылса, өңір экономикасына тартылған инвестиция көлемі 417 млрд. теңгені құрады.

Розақұл ХАЛМҰРАДОВ, қоғам қайраткері.

 

АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫНЫҢ КЕЛЕШЕГІ – ЖАҢА ТЕХНОЛОГИЯДА

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына Жолдауында агроөнеркәсіп кешенін жаңа технологиялық деңгейге көтеру қажеттігін айтқан болатын. «Ырыс» микроқаржы ұйымы осы уақытқа дейін қыруар ауыл шаруашылығы саласындағы мәселелердің шешілуіне себепкер болды.

Біздің компаниямыз негізінен мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асырушы ұйымдардың бірі болып табылады. Негізгі мақсат – мемлекеттік бағдарламаға бөлінген қаражатты халыққа жеткізуді қамтамасыз ету. Оның ішінде біздің компаниядан «Нәтижелі жұмыспен қамту және кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы бойынша бірқатар азаматтар қаржы алды. Сондай-ақ, көктемгі егіс, жазғы астық жинау жұмыстарына қатысты бағдарламаларды қаржыландыруды «Ырыс» микроқаржы ұйымы жүзеге асырады. Елбасы Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауында 10 салаға басымдық берді. Соның ішінде агросекторға қаржы бөлу және жаңа технологиялар енгізу керектігін атап өтті. Осы іс бойынша компания мамандары жан-жақты зерттеу жүргізді. Өздеріңізге мәлім, ХХІ ғасыр – жаһандану және жаңа технологиялар заманы. Өнеркәсіптік революция дәуірінде өмір сүріп жатқанымызды ұмытпағанымыз абзал. Әлемнің әр бұрышында күніне жаңа бір технология дүниеге келуде. Қазіргі таңда баламалы энергия көздерін қолдану мәселесі сөз болуда. Көптеген сарапшылардың айтуынша, әлемдегі мұнай қоры таяу келешекте сарқылады. Біз осыған дайын болуымыз керек. Елбасының көреген саясатының арқасында бұл қиындықты да еңсереміз деп ойлаймын. Ауыл шаруашылығы саласын қаржыландыратын ұйым болғандықтан біз де бұған дайындықты қазірден бастап кеттік.

Табиғи өнімге сұраныс артқан заманда ауыл шаруашылығы саласын қаржыландыру үлкен жеңіске бастайды. Табиғи өнімдер мен азық-түліктің қайнар көзі – ауыл шаруашылығы саласы.

Сүт кластерін құру мақсатында Ресей мен Түркиядан жаңа технологиялар алып келдік. Ауылдық жерлерде сүт қабылдау бекеттері ашылды. Қазіргі таңда облыс бойынша модульдік заманауи технологиялармен жарақтандырылған 10 бекет жұмыс істеуде. Әр бекетте 2 тонналық танкерлер бар. Сол арқылы сүттің сапасы мен майлылығын анықтауға болады. Онда сүт 48 сағат бойы сақталады. Сүт өнімдерін шығаратын компаниялармен келісімге отырғанбыз. Шымкент механикалық зауытының базасында сүт өңдейтін цех ашылды. Мұнда сүттен әртүрлі өнімдер дайындалады. Бұл нарықтағы сүттің көлемін ұлғайтады және оның бағасын төмендетуге әсер етеді.

Алдағы уақытта ет пен жеміс-жидектерді кептіретін құрылғы сатып алуды көздеп отырмыз. Осы технологияның көмегімен тауық, балық еті мен жеміс-жидектердің кептірілген түрін өндіруге болады. Шымкент механикалық зауытында өткен жылы ет цехы іске қосылды. Сүт қабылдау бекеттері Сарыағаш, Сайрам, Ордабасы аудандарында орналасқан. Қазіргі таңда олардың санын көбейту бойынша жұмыстар атқарудамыз. Алдағы уақытта мұндай бекеттер облыстың барлық аудандарында ашылады деп үміттенеміз.

Данияр АРҒЫНҒАЗИН, «Ырыс» микроқаржы ұйымының директоры.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ