Руханият 0 пікір 0 лайк

Ұлтты өзінің руханияты емдейді

Ақпан 20 / 2018

 

Үмітхан АЛТАЕВА, «Оңтүстік Қазақстан».

Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында ұлттық код мәселесіне кеңінен тоқталды. Жалпы ұлттық код дегенді қалай түсінуіміз керек? Алдымен осы мәселенің басын ашып алайық. Ұлттық код дегеніміз – қазақы тегіміз, қазақы діліміз, қазақы болмыс-бітіміміз бен санамыз. Яғни бір халықты өзге жұрттан ерекшелендіріп, танытатын және сол халықтың әлем қауымдастығы алдында басқаға ұқсамайтын таным-түсінігі мен бітім-болмысын айқындап тұратын сипаты.

 

Ендеше, қазақ халқы өзге халықтардан қандай қасиеттерімен ерекшеленген? Қазақтың дүниетанымын кеңейткен ең бірінші кезекте бесік жыры, ертегі, қисса-дастандары. Қазақтың ауыз әдебиеті – тұнып тұрған өсиет, насихат. Санасы сау адам дінді де сол ауыз әдебиетінен таба алады. Себебі, үлкенге құрмет, кішіге ізет, батырлық, ұлтын сүю, қонақжайлылық секілді адами қасиеттер халқымыздың ауыз әдебиетінде тұнып тұр. Кішкентайынан халық ауыз әдебиетін жадына тоқып, бойына жиып, санасына түйіп өскен бала Құдай сүймейтін жаман әдеттерден әрине, аулақ жүреді. Қазақтың мақал-мәтелдерін, тыйым сөздерін жаттап, жадына тоқыған баланың тілі бай әрі шешен, ойы ұшқыр, адамгершілігі мол болып қана қоймайды, рухы да жоғары болады, руханиятты тез табады. Ал, дініңіз сол руханияттың ішінде! Атасы мен әжесі немересін «қазанымызға арам ас түспесін, асыңды адалынан тап» деп тәрбиелеген. Адал еңбекпен табылған дүниенің ғана игілігі болатынын білген.

Елбасының аталған мақаласында «Жаңғыру атаулы бұрынғыдай тарихи тәжірибе мен ұлттық дәстүрлерге шекеден қарамауы тиіс. Керісінше, замана сынынан сүрінбей өткен озық дәстүрлерді табысты жаңғырудың маңызды алғышарттарына айналдыра білуі қажет. Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды» деп өте дұрыс айтылған. Бір қуанарлығы, соңғы жылдары ұлттық құндылықтарға, әдеп-ғұрып, салт-дәстүрімізге ерекше назар аударылып, мән берілуде. Шымкент қаласынан әдеп-ғұрып және салт-дәстүр орталығының ашылуы да осы сөзімізді тірілте түседі.

Осы орайда Отырар ауданының Қарақоңыр ауыл округіне қарасты Бестораңғыл елді мекенінде жас кәсіпкер Алмас Сыздықбеков ашқан «Алаш» этноауылы жайында сөз қозғағанды дұрыс көріп отырмыз. Қытай мен Ұлыбританияда білім алып, өзге елдердің салт-дәстүрлерімен жете танысқан жасты елімізде этнографиялық туризмнің ақсап жатуы алаңдатып, осындай жобаны қолға алыпты. Аумағы 4 гектар жерді алып жатқан этноауылда сегіз киіз үй тігіліп, қолөнер шеберлері, зергерлер, кілем тоқушылар, тері өңдеушілер бөлмесі жайғасқан. «Шетелдік туристерге халқымыздың ұлттық салт-дәстүрін таныстыру, жастарымызды патриоттық рухта тәрбиелеу мақсатымен «Алаш» этноауылын аштым» дейді ұлтжанды азамат. Облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма мен Отырар ауданы әкімдігі бірлесіп өткізген «Ауылдағы бір күнім» жобасында жігіттер мал сойып, ат ерттеп, отын жарып, самаурын қойып, жүн қырқып, ал, қыздар жағы табада нан пісіріп, түйе сауып, күбі пісіп, құрт қайнатып, бауырсақ пісіруден сынға түсіп, ата дәстүрге адалдықтарын танытты. Шымкент қаласында қолөнерші Болат Бейісбеков те қазақ ұлттық қолөнер орталығын ашсам деген ізгі ниет жетегінде жүр. Елжанды, ұлтжанды азаматтардың өркениет ағымына халқымыздың ұлттық құндылықтарымен ілессек деген ұмтылысы қуантады.

Жасыратыны жоқ, жаһандану процесінде жастар арасында әлеуметтік тоқырау, отбасылық өзімшілдік мінез көрсету, дәстүрлі емес діни ағымдардың жастарымыздың санасына әсер етуі секілді жат қылықтар да кеңінен көрініс табуда. «Қызға қырық үйден тыйым» жайына қалды. Қазақ қызының кім көрінгенге күйеуге шығуы үйреншікті жағдайға айналды. Нәрестесін қоқысқа тастайтын «көкек аналар» қаптады. Ата дәстүрге сай жетім-жесірге қамқор болатын ер-азаматтар азайды. Жат ағымның жетегінде кетіп, ұлттық салт-дәстүрді тәрк еткен уахабшыл-салафиттік бағытты, гүленшілдік бағытты, басқа да бағыттарды ұстанғандар тұтас ұлтқа қатер төндіруде. Трайбализм дегеніңіз «жау жағадан алғанда, бөрі етектен» дегенді еске түсіреді.

Ендігі жерде бізге жайбарақат, бар нәрсеге немқұрайды қарап отыра беруге болмайды. Жоғарыда айтылған кесел-кесепаттардан арылу үшін алдымен ұлтты өзінің руханиятымен емдеу қажет. Әрине, заман ағымына қарай, ғылыми-техникалық жаңалықтарға байланыс-ты ұлттық дәстүрлеріміз, салтымыз заманға бейімделуі мүмкін. Бірақ, олар ешқашан мәні мен мазмұнын жоғалтпауы тиіс. Елбасы айтқан ұлттық сананың жаңғыруы дегеніміз – қазақ өзінің қандай дәстүрі болса да заманға сай жаңғыртып отыруы қажет. Ең бастысы, ұлттық код сақталса, біз қай кезде де ұлт ретінде жаңа дәуірге лайықты бой түзей аламыз.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ