«Лейтенантты шаңғымен соғып құлаттым»

Ақпан 20 / 2018

«Мен әскерде жүргенде...» айдарының бүгінгі кейіпкері – Қазығұрт ауданы әкімінің баспасөз хатшысы, танымал журналист Сапарбек Қалботаев (суретте оң жақта). Ол 1977 жылы Келес ауданынан (бүгінгі Сарыағаш) әскер қатарына алынып, Ресейдің Воронеж қаласында Отан алдындағы борышын өтеген. Сапекең әскери өмірдің ер-азамат үшін маңызы өте жоғары екенін айтып, басынан өткен бірнеше қызықты оқиғаларды еске алады.

 

– Пойызбен үш күн, үш түн жүріп, Воронеж қаласындағы 43029 әскери бөліміне жеттік. Түрлі ұлт өкілдерімен бірге қызмет еттік. Шыңдалдық. Қазір жастар бір жылдық әскердің өзіне қиналып жүр ғой. Мен үшін екі жыл қызықты өтті. Қиындықтары да бар, әрине. Онсыз бола ма? Құрылыс батальонына қабылданған соң бізге қабілетімізге қарай түрлі міндеттер жүктелді. Жүргізуші куәлігім болғандықтан маған көлік жүргізуші қызметін ұсынды. Базаға барып «ГАЗ-69» көлігінің кілтін алдым. Воронеж қаласының көшелері кең әрі ол кезде қазіргідей емес, көліктер аз болатын. Сондықтан еркін көсілуге мүмкіндік бар. Бірде базаның алдында тұр едім, Зарубин деген майор «Сен бе жаңа жүргізуші? Жүр, кеттік, оталдыр көлікті» деді. «Қайда барамыз?» дегеніме «Жағалаудағы үйіме!» деп жауап берді. Жүйткіп келе жатып, көлікті төртінші жылдамдығына ауыстырайын десем жылдамдық реттегіш қозғалмайды. Мұны байқап қалған майор «ГАЗ-69»-да төртінші жылдамдық болмайды, сен қандай жүргізушісің өзі?» деп күлді. Үйіне барған соң да «ол әзілдеген шығар» деп жылдамдық реттегішті біраз олай-бұлай қозғадым. Кейін алматылық жауынгер досымнан шынымен де «ГАЗ-69» көлігінде төртінші жылдамдық жоқ екенін білдім ғой.

– Тағы бірде Өзбекстанның Саид деген жігіті екеумізге кен балғасын (отбойный молоток) іске қосу жөнінде бұйрық берілді. Ауылда жүргенде мұндай техниканы көрген емеспіз, бір-бірімізге аңтарылып қарап қалдық. Бірақ, бұйрықты орындау керек, «нартәуекел» дедік те бір бөшкесіне жанармай, екіншісіне су құйдық. Рота командирі Никифоров пен өзге де әскери басшылар «техниканы оталдырыңдар» деген соң, іске қоссақ, жұмыс істемейді. Содан капитан Никифоров Зотов деген механикті шақырды. Зотов біздің қателігімізді айтып берді. Сөйтсек, су құятын жерге жанармай, керісінше, жанармай құятын жерге су құйып жіберген екенбіз. Капитан қатты ашуланып, «осыны өздерің үйренгенше қарап тұрамын» деп өзімізге істетті. Осы бір оқиға еш есімнен кетпейді. Жалпы, Воронеждің қысы өте суық. Қар қалың түседі. Әр жексенбі сайын сарбаздарды спортқа баулып, шаңғы тепкізеді. Шаңғы деген нәрсені бұрын көрмегенмін. Жұрттан қалмайын деп қырдан құлдилай жөнеліп, не тоқтауға, не бұрылуға шамам келмей қалды. Сөйтіп Юрьев деген лейтенант пен екі жауынгерді соғып құлатып, 2-3 метр жерге дейін ұшырып жібердім. Айта берсем, әскери өмірдің қызығы мен шыжығы жетерлік. Менің ойымша, әрбір ер азамат әскерге барып, азаматтық борышын өтеуі, шыңдалуы тиіс. Қазір жастардың арасында әскерге қызығушылық төмендеген сияқты. Өз еркімен ұмтылатын жастар аз. Мұның себебін зерттеу керек. Бәлкім, әскерде тәртіп нашарлады ма, бәлкім әлімжеттіктен сескене ме? Негізі әскери өмір – жігітті шарболаттай шыңдап, қару-жарақ ұстауды үйретіп, денсаулығын нығайтатын үлкен мектеп қой. Сондықтан әскерге бару – әрбір жігіттің парызы. Отаншылдық дегеніміз – елді қорғау. Оны сөзбен ғана емес, әскерде іспен дәлелдейсің.

Сапарбек ҚАЛБОТАЕВ, Қазығұрт ауданы әкімінің баспасөз хатшысы.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ