Руханият 0 пікір 0 лайк

Әміреге құрмет – әнге құрмет

Ақпан 20 / 2018

 

Қазақтың ән өнерін әлемге танытқан Әміре Қашаубаевтың 130 жылдығына орай облыстық опера және балет театры «Ән әлемі – Әміре» атты лекция-концерт ұйымдастырды. Мәдени шараға келген қонақтар алдымен А.С.Пушкин атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасының «Қазақ ұлттық опера және балет жауһарлары» атты кітап пен ұлттық қолөнер бұйымдары көрмелерін тамашалады. Ал, театр фойесінде өткізілген лекция-концертте өнерпаздар Ә.Қашаубаев орындаған әндермен қатар, классикалық және ұлттық операларды орындады.

 

«Опера қойылымдарына жастардың жиі келуі бізге ерекше шабыт сыйлайды. Қазіргі әлемдік жаһандану заманында қазақ операсының құндылығын жоғалтпай, жоғары деңгейде насихаттап, таныту үшін аянбай жұмыс істеуіміз керек» дейді театр әртістері.

Көрермендер бұл күні А.Жұбанов пен Л.Хамидидің «Абай» операсын тамашалады.

Тағы бір айта кететін жайт, облыстық опера және балет театрының ұжымы Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласына орай «Мәдениет – ұлттық рухтың тірегі» атты жоба аясында көрермендерге жыл соңына дейін түрлі іс-шаралар ұсынбақ. Атап айтқанда, М.Төлебаевтың «Біржан – Сара» операсы наурызда, «Хор әуені әлеміне саяхат» атты концерт сәуірде, Е.Брусиловскийдің «Қыз Жібек» операсы тамызда, Астана қаласының 20 жылдығына арналған А.Серкебаевтың «Астана» мюзиклінің премьерасын қараша айында өткізуді жоспарлап отыр.

А.ЖАХИЯ.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ