Рухани жаңғыру 0 пікір 0 лайк

Орнықты дамудың он бағыты

Ақпан 17 / 2018

 

2-бағыт – Ресурстық әлеуетті дамыту

 

Ойдағыдай орындалуда

Мемлекет басшысы Н.Назарбаев «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында жұртшылықты табиғи ресурстарды тиімді пайдаланып, энергия көздерін табу мен үнемдеуге үндеп отыр. Өткен жылы елордамыз Астана қаласында өткен ЭКСПО – 2017 халықаралық көрмесінен кейін бұл бағыттағы жұмыстар өңірімізде белсенді түрде қолға алынуда.

Жергілікті биліктің бастамасымен өткен жылдың өзінде Сайрам, Қазығұрт аудандарында гидроэлектр стансалары іске қосылды. Ал, Шымкент қаласында кәріз суы қалдықтарынан биогаз алатын кешен пайдалануға берілді.

Облыс әкімі Ж.Түймебаев өңірге инвесторлар тарту бағытында ауқымды істер атқаруда. Инвесторларға ұсынылып отырған негізгі бағыттардың бірі – баламалы көздерден қуат өндіретін жобаларды жүзеге асыру. Қазіргі уақытта облыстың бірнеше аудандарында шетел инвесторларымен біріккен күннен электр энергиясын өндіретін нысандардың құрылысы жүргізілуде. Жалпы, ресми мәліметтер бойынша облысымызда жаңартылатын энергия көздерінің 14 жобасы жүзеге асырылып жатыр. Қуаттылығы 173,3 МВт-ны құрайтын 10 жобаны 2025 жылға дейін жүзеге асыру жоспарланған. Мұның барлығы Елбасы Жолдауының екінші бағытында көрсетілген міндеттің облыста ойдағыдай орындалып келе жатқанын көрсетеді.

Нұралы ӘБІШ, облыстық мәслихаттың депутаты.

 

Сарқылмайтын қуат көздері қажет

Адамзаттың болашағы – баламалы энергия көздерінде. Өйткені, қазіргі әлемде қолданылып жүрген энергия көздері түбі бір сарқылады. Мұнай, газ, көмір, уран, бәрі-бәрі қазір мол болғанымен, оның қоры шектеусіз емес. Ал, олар азайған сайын гидроэлектр стансаларын көбейте берсек, табиғаттың тепе-теңдігі бұзылып, экологиялық апатқа ұшырауымыз мүмкін. Демек, бізге сарқылмайтын қуат көздері қажет. Ол – күн мен жел энергиясы және биоотындар.

Міне, осынау күрделі мәселені назарда ұстаған Елбасы Н.Назарбаев Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауында ресурстарды тиімді пайдалану мәселесіне назар аударып, Үкіметке жаңа технологияларды энергетика саласына да енгізу жайын қарастыруды тапсырды. Сарапшылардың болжамдарынша 2050 жылы энергетикалық дағдарысқа байланысты әлемдік экономика құлдырауы мүмкін. Елбасы Жолдауында екінші міндет ретінде ресурстарды тиімді пайдалану, ол үшін жаңа технологияларды энергетика саласына да енгізу мәселесі айтылған. Бұл бүгінде барынша өзекті міндеттердің бірі. Себебі, көптеген елдер бүгіннің өзінде «жасыл» технологияларды белсенді дамытуға екпінді көшіп жатқанын назарға ала отырып, таяу болашақта жаңаратын ресурстардың дамуы дәстүрлі энергия көздерін алмастыруы мүмкін деп айтуға болады.

Мемлекет басшысының осынау өзекті мәселелерге күні бұрын назар аударатыны қуантады. Өйткені, баламалы көздерден қуат өндіруді жолға қоя отырып бір жағынан Қазақстан өзінің болашақтағы энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етсе, екінші жағынан бұл бастама еліміздегі қоршаған ортаны қорғау ісіне де оң ықпал етеді.

Талғат ШАЙМЕРДЕНОВ, А.Байтұрсынұлы атындағы орта мектептің тарих пәнінің мұғалімі, ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері. Созақ ауданы.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ