Сенің таңдауың – сенің болашағың!

Ақпан 17 / 2018

 

Ауламызда көктем лебі есе бастады. Бар дүние жасарып, жаңарып, түлей түсуде. Ал, мектепті биыл бітіретін түлектер үшін бұл көктемнің тым ерекше болары анық. Өйткені, олар болашақ мамандығы туралы ой-толғаныстарға беріледі. Қайсы мамандықты иелену үшін қандай оқу орнын таңдаған дұрыс? Қолдағы деректерге сүйенсек, соңғы жылдары мектеп түлектерінің көпшілігі М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетін таңдаған екен. Еліміздегі алдыңғы қатарлы ірі оқу орындарының бірі саналатын бұл университеттің жастар арасында кең танымал болуы және даму қадамдары жөнінде аталмыш жоғары оқу орнының даму стратегиясы жөніндегі проректоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, академик Жамбыл Талхаұлы Айменовпен сұхбаттасқан едік.

 

– Жамбыл Талхаұлы, техникалық білім беру сапасы жоғарғы деңгейді иеленген М.Әуезов атындағы ОҚМУ-дің бәсекелестік қабілеті қаншалықты және оқу орнының түлектеріне деген сұраныс қандай?

– Қазіргі таңда бұл университет –еліміздегі көп салалы, жетекші жоғары оқу орны ретінде шет мемлекеттерге де танымал болып отыр. Оның себебі мынада: біз техника және технология, механика және машина құрылысы, агроөнеркәсіп мамандықтары, жаратылыстану ғылымы, ақпараттық технологиялар, экономика, заң және тағы басқа мамандықтар бойынша болашақ кадрларды даярлауға бағытталған кең спектрлі тәсілдер ұсынамыз.

Дегенмен, негізгі саласы – техникалық және химия-технологиялық бағыттар болғанымен, М.Әуезов атындағы ОҚМУ мәдениет және өнер мамандықтарына да оқытатынын мақтаныш тұтады. Біздің түлектеріміздің көпшілігі өнеркәсіп және өндіріс орындары мен мемлекеттік қызметтерде жетекші лауазымдарды иеленуі – білім беру сапасының жоғары деңгейін көрсетеді.

Бәсекелестік қабілетіміздің артықшылығының негізгі себебі кадрлық құрылым мен материалдық-техникалық базаның мықтылығында. Қазіргі таңда университетте 140 ғылым докторы, 600 ғылым кандидаты дәріс беруде. Шетелдік профессура да белсенді түрде жұмысқа тартылуда. Ұлттық университеттердің ішінде мұндай ғылыми әлеуетімен мақтана алатындары кемде-кем.

Соңғы жылдары университетте зертханалық база толық жетілдірілді. Озық үлгідегі модельдік құралдармен жабдықталған 19 жаңа зертхана ашылды. 2017 жылы ірі IT-орталық өз жұмысын бастады. Оның құрамында робототехникалық және механотроникалық зертханалар, сараптама-интеллектуалдық, компьютерлік және бағдарламалық қамтамасыз ету жүйелері кіреді. Соңғы жылдары PhD магистратура және докторантура мамандықтарына сұраныс артуда.

Бірнеше жылдан бері біздің оқу орнымызда химия технологиясы бойынша Индустриялды инновациялық дамыту мемлекеттік бағдарламасы (ГПИИР) кәсіпорындарына 23 инновациялық бағдарламамен магистрлер даярлау ісі қолға алынды. Оның ішінде химия технологиясы, құрылыс және құрылыс материалдары, металлургия, ақпараттық технология, тамақ өнеркәсібі енеді.

Бұл білім беру бағдарламалары практикалық қолданысқа негізделіп, халықаралық серіктестік пен базалық кәсіпорындармен сәйкестендірілген. Стратегиялық әріптестер ретінде дүниежүзілік рейтингте жүздікке енетін Мюнхен техникалық университеті (Германия), Валенсия политехникалық университеті (Испания), Падова университеті (Италия), Гент университеті (Бельгия) және басқа да дүние жүзінің алдыңғы қатарлы оқу орындары таңдап алынған.

Бұдан өзге ЖОО мен кәсіпорындар арасында тығыз байланыс орнатылып, Карлс Крон секілді заманауи кәсіпорындарда мамандардың қосарлы дайындығы қолға алынған. Агроөнеркәсіптік мамандықтар үшін өнеркәсіптік негіз орнатылып, аграрлық бағыттағы студенттердің практикалық білім және ауыл шаруашылығы жұмыс тәжірибесін алуға жағдай жасалған. Осының бәрі мамандардың даярлығын күшейтіп, олардың ертең жұмысқа орналасу қабілетін арттыруда. Сондықтан бұл оқу орнында алған мамандық өмірлік кәсіпке айналарына сенім мол.

– М.Әуезов атындағы ОҚМУ аймағымыздағы аса үлкен ғылыми білім орталығы болып табылады. Осы жоғары дәреже университетте атқарылып жатқан жұмыс барысына қалай әсер етуде?

– Әрине, университет еліміздің оңтүстік аймағындағы белді оқу орны болғандықтан осынау дәреженің өзі жастарды тәрбиелеу мәселесіне, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуге және басқа да атқаратын жалпы қызметтерімізге үлкен жауапкершілік жүктейді. Мұнда басты мәселенің бірі – аймағымыздағы білікті мамандарға деген сұранысты қанағаттандыру.

Оңтүстік өңірінде өзекті мәселенің бірегейі агроөнеркәсіп саласы екендігін ескере отырып, біз осы сала мамандықтарына баса назар аударамыз. Осы бағытта ауыл шаруашылығы саласының, тамақ және тігін өнеркәсібінің жоғары мектебі жұмыс істейді. Бұл мектеп агроном, механик, кадастрлық және жер-су мәселесі жөнінде мамандар даярлайды. Сонымен қатар, мұнда болашақ мал дәрігерлері мен жеңіл өнеркәсіп мамандары да даярланады.

Оқу орнында математикалық және компьютерлік модельдеу, жылу энергетикасы, металлургия және машина құрылысы секілді ауыр өнеркәсіптің тың саласы бойынша да жаңа мамандықтар игерілуде. Аталған оқу бағдарламасын тәмамдаған жас мамандар еңбек нарығында үлкен сұраныстарға ие болатыны өз-өзінен түсінікті.

Біздің түлектерді тек Қазақстанда ғана емес, басқа да шет мемлекеттерде кездестіруге болады. Олар кәсіби тұрғыда экономиканың көптеген саласында білікті маман екендіктерін дәлелдеуде. Жеке кәсіпкер ретінде жемісті еңбек етіп жүргендер де аз емес. Міне, осы көрсеткіштердің бәрі педагогикалық тұрғыдағы еңбегімізге берілген жоғары баға деп білемін.

Ғылыми-зерттеу жұмыстарында аймақтық экономиканың басты ерекшеліктері мен сұраныс қажеттілігіне айрықша назар аударып келеміз. Негізі, бұл университеттің аймақтың даму барысындағы басты бағыттарын айқындайтын тың бастамалардың көшбасшысы екендігін көрсетеді.

Оңтүстік Қазақстан облысының инновациялық өркендеу бағдарламасын айқындауда ғалымдарымыз бірлесе еңбек етуде. Соның нәтижесінде аймақтың бәсекелестік қабілеті артып, облыс аудандарының мүмкіндіктерін ұтымды пайдалану жөнінде нақты ұсыныстар енгізілуде. Бұл – дүниежүзілік озық үлгілерді есепке ала отырып, аймақтың өркендеу саясатына ғылыми тұрғыда болжам айтуға мүмкіндік беретін орасан зор еңбектің арқасы. Осы зерттеу нәтижелері облыс әкімшілігінің оң бағасын алды. Осылайша облыс басшылығының облыстың өркендеу жобасына азды-көпті өзгерістер енгізуге келісім беруі университет ғалымдарының көңіліне қуаныш сыйлап, жауапкершілігін арттыра түсті. Бұдан әрі қарай да жемісті еңбек ете береді деп ойлаймын.

– Қазіргі таңда Қазақстанда индустриялды инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасы жүзеге асырылуда. Кәсіпкерлік секторына оқу орнының ғалымдары қандай тың идеялар ұсынуда?

– Сұрағыңыз өте орынды. Біздің ғалымдар Оңтүстік Қазақстан облысының даму бағдарламасы бойынша 100-ден аса инновациялық жобалар жасады. Олардың басым бөлігі химия өнеркәсібі, құрылыс материалдарының өндірісі, өнімдерді қайта өңдеу, сондай-ақ мал шаруашылығы мен егін шаруашылығындағы жаңа және жетілдірілген технологияларға байланысты. Сонымен қатар, химиялық тыңайтқыштар, тау-кен металлургия, мұнай өңдеу және агроөнеркәсіптік кешендеріне қатысты да қызықты жобалар бар.

– Бүгінде білім беру саласында бәсекелестік қызып тұрғаны белгілі. Осындай жағдайда М.Әуезов атындағы ОҚМУ өзінің алдыңғы қатардан көріну позициясын қалай ұстап отыр?

– Мұнда білім сапасын арттыру жұмысы жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Соңғы жылдары мемлекеттік білім грантын иеленуде сан жағынан университет тек алдыңғы қатардан көрінуде. Шетелдік студенттердің қызығушылығы оянып, қазіргі таңда олардың саны 1350-ден асады. Яғни біздің жоғары оқу орнына деген сенім артуда. Бұл өз жұмысымызды тұрақты түрде жетілдіріп отыру жауапкершілігін жүктейді.

Университет көтерген көптеген бастамалар еліміздің барлық жоғары мектептері үшін озық үлгі болып танылуда. Сонымен бірге, халықаралық аккредитациялаудан бірінші болып өттік. Өзіміз иеленген «Евробакалавр», «Евроинженер», «Евроинформатик» еуропалық сапа белгілерін түлектерімізге беріп келеміз. Алғашқылардың қатарында білім беру бағдарламасына ағылшын тілін енгізіп, қашықтықтан оқыту технологиясын жүзеге асырдық.

Университетте студенттердің Гамбург қолданбалы ғылыми университеті (Германия), Андже аграрлық ғылымдардың жоғары мектебі (Франция), Ресей Халықтар Достығы университеті (Ресей), Новосибирь мемлекеттік университеті (Ресей), Бауман атындағы Мәскеу мемлекеттік техникалық университеті секілді алдыңғы қатарлы оқу орындарымен бірлескен бағдарлама бойынша білім алып, қос диплом иегері атануларына жағдай жасалған.

Соңғы жылдары студенттер мен магистранттарымыз мемлекет қазынасы есебінен шет мемлекеттерде білім алу және тәжірибе жинақтаудың тамаша мүмкіндіктерін пайдалану арқылы академиялық ұтқырлық жүйесі бойынша Еуропаның озық үлгідегі жоғарғы оқу орындарында білім алуда. Шетелдік әріптестер оларға өз гранттарын ұсынуда. Міне, осылайша, М.Әуезов атындағы ОҚМУ-дегі білім беру деңгейі шетелдік университеттермен шамалас деуге болады. Сөзіміздің айғағы ретінде айта кетсек, біздің университет 2017 жылы әлемдегі үздік ЖОО-лар арасында QS World Ranking рейтингі бойынша ТОП 501 танымал топтамаға еніп, 108-ші ұстанымға тұрақтады.

Сіздердің басылымдарыңызды пайдалана отырып, Оңтүстік өңірінің жастарын жоғары әрі сапалы білім алу үшін біздің университетті таңдауға шақырамын. Осында алған мамандық бойынша өз аймағымыздың өркендеуіне үлес қосайық дегім келеді. Біздің университет қабырғасында тамаша білім алумен қатар, өз қалауыңдағы кәсіпті иеленіп, жас маман ретінде мемлекеттің қолдауының арқасында майталман кәсіп иесіне айналуға толық негіз бар.

– Әңгімеңізге рахмет! Университеттің кадр даярлау жұмысына шығармашылық табыстар тілеймін!

Сұхбаттасқан Атанбек НАУРЫЗ, «Оңтүстік Қазақстан».

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ