Экономика 0 пікір 0 лайк

Ипотекалық қарыз алушылар көмексiз қалмайды

Ақпан 17 / 2018

 

ҚР Ұлттық банкі ОҚО бойынша филиалының таратқан мәліметіне сүйенсек, 2017 жылы облыс экономикасына бөлінген несие көлемі 332,1 млрд. теңгені құрады. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 43,7 пайызға көп. Соның ішінде былтыр шағын кәсіпкерлік субъектілеріне 51,6 млрд. теңге несие үлестірілді. Бұрнағы жылға қарағанда несие көлемі 12,4 пайызға өскен. Облыстағы екінші деңгейлі банктердің несие берешегі 2018 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша 400,9 млрд. теңгеге жетті. Ал, мерзімі өткен несие қарыздары 36,3 млрд. теңгені құрады. Бұл облыстағы банк филиалдары несие портфелінің 9 пайызына тең. Бүгінгі таңда Ұлттық банк Елбасы Жолдауындағы тапсырмаға орай тұрғындардың валюталық ипотекалық заемдары бойынша мәселені шешудің механизмдерін қарастырып жатыр.

 

Облыста 177411 шағын және орта бизнес субъектісі бар. Олардың саны 2016 жылмен салыстырғанда 5 пайызға көбейген. Бизнес субъектілерінің жартысынан астамы жеке кәсіпкерлер болса, қалған көпшілігі фермерлер мен шаруалар. Шағын кәсіпкерлердің несие қарызы 75,6 млрд. теңгеге жетіп отыр. Оның 62,9 млрд. теңгесі ұзақ мерзімді несиелер. Былтыр несие 15,5 пайыз орташа сыйақы мөлшерлемесімен берілсе, биыл ол 15,4 пайыз болды. Яғни, бұл несие пайызының шамалы болса да төмендегенін көрсетеді.

Мемлекет басшысы Үкімет пен Ұлттық банкке өзін-өзі ақтай алатын, рентабельділігі жоғары бизнес салаларын ұзақ мерзімді несиемен қамтамасыз ету туралы міндет жүктеген болатын. Осыған орай бүгінгі таңда Ұлттық банктің облыс бойынша филиалы тарапынан тиісті жұмыстар қолға алынуда. Сондай-ақ, Ұлттық банктің көмегімен ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыру бағдарламасы одан әрі жалғасын табуда. Мәселен, облыс әкімдігі жанынан ипотекалық қарыз алушылардың шағымын қарайтын арнайы комиссия құрылған. Оған Ұлттық банктің облыстағы филиалының қаржылық ұйымдарды бақылау және қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау бөлімінің басшысы мүше. Ресми дерекке сүйенсек, өткен жылы 301 азаматтың өтініші қаралып, 161 өтініш бойынша екінші деңгейлі банктерге бағдарлама бойынша қарыздарды қайта қаржыландыру туралы шешім қабылданды. Бұдан бөлек, былтыр Ұлттық банктің облыстағы филиалына тұрғындар тарапынан қаржылық құқықтарын қорғау мәселесіне қатысты 1012 өтініш келіп түсті.

Ә.НҰРЖІГІТҰЛЫ.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ