Заң-заман 0 пікір 0 лайк

"Монополистерді жүгендеу қажет"

Ақпан 16 / 2018

Бұрын бұқара бұйымтайы билікке жетпей, көбінесе «ұлып жұртына қайтатыны» жиі-тін. Енді ол үрдіс үзілді-кесілді жойылды демесек те, көпшілік көкейіндегі пікірін жоғарыдағыларға жеткізе алады. Оған дәнекер – қоғамдық кеңестер. Дегенмен, көпшілігіміз оның қызметі жайлы түсіне бермеуіміз мүмкін. Елбасының тікелей тапсырмасымен өмірге келген кеңестің мақсаты жұрттың жоғын жоқтап, мәселенің оң шешілуіне ықпал ету. Бұқара мен атқарушы органның ортасында алтын көпір міндетін мойнына алған өңірлік қоғамдық кеңес екі жылдан аса уақыт ішінде бірнеше маңызды мәселенің шешімін табуына ұйытқы болыпты. Бұл туралы бізге кеңес төрағасы, облыстық мәслихаттың депутаты Өмірзақ МЕЛДЕХАНОВ әңгімелеп берді.

 

-Өмірзақ Пердебекұлы, Сізді көпшілік облыстық мәслихаттың депутаты әрі «Нұр Отан» партиясының Шымкент қалалық филиалының төрағасы ретінде жақсы біледі. Бұдан бөлек облыстық ішкі істер департаменті жанындағы қоғамдық кеңесті басқарып келесіз. Міне, облыстық қоғамдық кеңестің тізгінін ұстағаныңызға да жылдан асты. Осынша қоғамдық ұйымдардың жұмысын үйлестіру қиынға соқпай ма?

- Әрине, оңай емес. Әйтсе де қиын екен деп, қоғамдық жұмыстан шеттеп қалуға тағы болмайды. Халықтың қамын күйттегің келсе, күн демей, түн демей жұмыс істеуге тиіссің. Өзің айтқандай, қазір осы үш ұйымның жұмысын үйлестіріп отырған жайым бар. Бөле жаратыны жоқ, бәрі бір-бірімен сабақтас, халықтың игілігін көздейтін қоғамдық негіздегі жұмыстар. Халық пен билік арасында дәнекер рөлін атқарып, елдің естілмей жатқан сөзін, айта алмай жүрген пікірін, шешімі табылмай жүрген мәселесін тікелей билікке жеткізсек дейміз. Қысқасы, «Бізді еститін құлақ болса» деп жүрген қарапайым тұрғындар үшін «халықтың көзі, құлағы һәм тілі» болсақ деген әрекет.

-Дегенмен, осыдан екі жыл бұрын жұмысын бастаған қоғамдық кеңестер жайлы жұршылық жете біле бермейді. Тіпті, кейбірі бұл құрылымды әкімдіктегі көп кеңестердің бірі деп біледі. Өзіңіз басқарып отырған кеңес жайлы тарқатыңқырап айтып беріңізші.

-Ұлт Жоспары аясында өмірге келген қоғамдық кеңес Елбасының тікелей тапсырмасы негізінде құрылған ұйым. «100 нақты қадамның» 99-шы қадамы дәл осы қоғамдық кеңеске арналған. Алғашында оның қызметі жұртшылыққа беймәлім еді. Бірақ білек сыбана кіріскен қоғамдық кеңестер заман талабынан туған құрылым екенін дәлелдеп келеді. Енді «Қоғамдық кеңестің мақсаты не?» деген сауалға келсек, олар мемлекеттен бөлініп жатқан бюджет қаржысының қандай, нендей мақсатқа жұмсалып жатқанын бақылайды. Өйткені, ол – халықтың ақшасы. Депутаттар бюджеттік қаржыны орны-орнымен, әрбір мекеменің қажеттілігіне қарай бөліп отырады. Ал, сол бөлінген қаржы қалай жұмсалып жатыр, біз соны бақылаймыз. Кеңестің басты ұстанымы – дербестік, жариялылық. Яғни, салалық басқармаларға бағынбай, жұртшылық көкейіндегі келелі мәселелерді облыс әкіміне жолдаймыз. Қажет болған жағдайда министрлікке, сотқа жүгінуге құзыретіміз бар. Бұдан бөлек, кеңесте жергілікті және атқарушы органдардың нормативтік құқықтық актілерінің жобалары қаралып, талқылау жүргізіледі. Құқықтық актілер кеңестің қолдауынан кейін ғана Әділет органдарына тіркеуге жіберіледі. Сондықтан ынта білдіріп, арыз жолдағанның бәрі бірдей кеңеске мүше бола алмайды. Міндетті түрде үміткердің білімі, тәжірибесі, әлеуметтік белсенділігі, тіпті, қай партияға мүше екендігі де ескеріледі. Бүгінгі кеңес құрамында тек Қазақстан коммунистік халық партиясының адамы жоқ демесеңіз, қалғандарынан өкілдер бар. Былайша айтқанда, сан түрлі көзқарастардың тоғысқан орны. Жақында аудан, қалалардағы қоғамдық кеңестің 15 төрағасын қатарымызға қабылдап, мүшелер санын 55-ке арттырдық. Мұндағы ойымыз – солар арқылы аймақтардағы ахуалды назардан тыс қалдырмау. Кеңес мүшелерінен төрт тұрақты комиссия құрылған. Олар бюджет, ауыл шаруашылығы, әлеуметтік және құқық салаларына жіті назар аударады. Ай сайын оның отырыстары ұйымдастырылып, тұрғындардың арыз-шағымдары тыңдалады. Ең бастысы, бұқарадан келіп түсетін арыз-шағымдардың бірде-біреуі біздің тарапымыздан жауапсыз қалмайды.

-Расында, кеңеске шағымданып келетіндер көп пе?

-Өте көп десем де болады. Біз әрбір келген кісінің аманатын, ұсыныс-тілегін мұқият тыңдап, тиісті орындарға жеткізіп отырамыз. Өйткені, кез келген тұрғын қандай да бір мекемеге өздігінен кіре алмайды ғой. Ал, қоғамдық кеңес әрбір келіп түскен ұсыныс-тілекті әкімшілікке, тиісті орынға жеткізіп, оның орындалуын қадағалап отырады. Оның үстіне, «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы жанынан ашылған «Құқық қорғау қызметтері орталығы» біздің жүгімізді сәл де болса жеңілдетіп отыр. Келем деушілерге біздің есігіміз қашанда ашық, телефонымыз күн-түні істеп тұр. Осы орайда облыс әкімі Жансейіт Түймебаев пен облыстық мәслихаттың хатшысы Қайрат Балабиевке үлкен алғысымды жеткізгім келеді. Кеңестің маңыздылығын ескеріп, облыс әкімдігі ғимаратынан үш бөлме қарастырып берді. Ішін қажетті жиһаздармен жабдықтап, тіпті көлігімізге дейін сайлап берді. Енді тек алаңсыз жұмыс істеуіміз қажет.

-Кеңестің күн тәртібінен түспейтін мәселелерінің бірі – тариф мәселесі. Жұртшылық тарапынан наразылық күшейген сайын біздегі электр, газ, су, жылу бағасы бұғалыққа бой бермей барады? Айтыңызшы, мұны реттеуге не кедергі болып отыр?

- Қазір монополистердің бірі тарифті көтерсе болды, қалғаны жаппай қымбаттата бастайды. Бұл жыл сайын, жылдың басында, көктем шыға және күзге қарай қайталанып отыратын үрдіске айналды. Биыл да солай, жаңа жылдан бастап барлық қызмет көрсету салалары қымбаттады. Алайда, бұдан қызмет көрсету сапасы жақсарып жатқан жоқ. Керісінше, кері кетіп барады. Олардан тарифтің бұлайша жиі құбылу себебін сұрасаң, бірінші кезекте активтерді жаңғырту, қызмет сапасын және экономиканы дамыту үшін қажет болды деген уәжді алға тартады. Бірі электр энергиясы қымбаттығын алға тартса, енді бірі оның өндіру мен жеткізу құнының өскендігін айтады. «Жылудағылар» да әдеттегісінен танбай, көмір, газ, мазуттың шарықтаған бағасын ескеруін сұрайды. Осылайша, монополистер бірін-бірі түртіп, келісіп алғандай, тарифтің өсуіне негіз жасайды. Бұған жыл сайын «құбырларды ауыстырамыз» деген сылтау қосылады. Бірақ жаңарып жатқан құбыр аз. Сонда құбырларды жаңарта алмаса, халықтан жиналған қаржыны қайда жұмсап жатыр? Себебі, монополистер коммуналдық жүйелерді жекешелендіріп алар тұста осы құбырларды жаңарту, салаға инестиция тарту, халыққа сапалы қызмету, жаңа технологияларды енгізу арқылы тарифті төмендетеміз деген міндеттеме алады. Алайда, бұл міндеттеме орындалып отыр ма? Осылайша, тарифтердің негізсіз көтерілуі халықтың орташа табыс деңгейімен сәйкестендіріп жасалмағандықтан, тұрғындарға өте ауыр тиіп отыр. Бағаны өсіруге келгенде жан басына шаққандағы орташа табыс ескерілмей қалады. Өйткені, белгіленген қызмет құны біреулер үшін тиын сияқты болса, енді біреулердің белін қайыстыратын батпан жүк болуы мүмкін. Қалай дегенде де, қаншама ақша құйылып жатыр, бірақ сапаның жақсарғанын ешкім сезініп отырған жоқ. Сол үшін тариф мәселесіне қоғамдық бақылау қажет.

Тарифтің көтерілуіне қатысты өңірдің мүмкіндігін екшеп отыратын біздегі салалық басқармалардың жұмысына да сын көп. Бұл жерде сөз бен істің арасында үлкен алшақтық бар. Халықты монополистерден қорғауға «антимонополистердің» де шамасы жетер емес. Көп жерде солардың сөзін сөйлеуге бейіл. Осы мәселелерді кеңестің күн тәртібіне жиі шығарып, кейбір жауапты тұлғаларды «сілкіп» алатынымыз бар. Содан болар, кейбір бұқаралық ақпарат құралдары бізді «пәлен басқарманың соңына түсіп алыпты» немесе «түгеншені тұқырту келісіп алған тірлік» деп қоғамдық кеңеске сын тағып жатады. Алайда, біздің ниет екі өкпені қысып бара жатқан тариф болсын, басқа да өзекті мәселе болсын, түйткілдің ақ-қарасын анықтау. Бұл тұрғыда мейлінше, бұқараның ығына жығылу.

Өкінішке қарай, тариф құнын төмендетуге деген талпыныс әзірге нәтиже бермей келеді. Бұл жөнінде Үкімет басшысына, Қазақстан Респубикасының Энергетика министріне сауал жолдағанбыз. Әзірге мардымды жауап жоқ.

-Өзіңіз де білесіз, мемлекет коммуналдық салалардың инфрақұрылымы үшін қазынадан қыруар қаржы бөліп жатыр. Газ, су құбырын тартып, электр жүйелерін жаңарту көп жағдайда бюджет қаржысына жүргізіледі. Яғни, монополистер «дайын асқа тік қасық» деген сөз. Мемлекеттің осындай қолдауынан кейін баға түсуі керек емес пе? Болмаса, басқа түйткілдері бар ма?

-Әрине, баға түсуі керек қой. Бірақ біздің монополистер мемлекеттің осындай қамқорлығын жете түсінбейтін секілді. Себебі, олар сол салып берген объектілерді қабылдауға келгенде «жеті рет өлшеп, бір рет кесетін» пиғылын аңғартып, асыға қоймайды. Ал, халық олардың бұл әрекетін күтіп отырмайды ғой, оларға су керек, газ керек, жарық керек. Бұл өз кезегінде салықтық түсімдердің кемуіне соқтырады.

Ал, біздегі монополист компаниялардың стратегиялық мақсаттарына көз жүгіртсең, көңілің сүйсінеді. Барлығы жаңа технологияларды енгізу негізінде жұмыстың жоғары тиімділігі мен көрсетілетін қызметтің жоғары сапасын қамтамасыз ету, өндірістік шығыстарды азайтуды көздейді. Шығынды азайтса, тариф құны неге көтеріледі, керісінше баға төмендеуі тиіс емес пе? Бүгінде бағаның жиі көтерілуінен тұтынушылар «көтерем» болып титықтап, оны төлей алмайтын халге жетті. Монополистер болса тұтынушылардан қарызды сот арқылы талап етіп, мәжбүрлеп төлетуге құмбыл. Ал, кешегі аязды күндері жылусыз, жарықсыз, газсыз қалдырғаны үшін оларды ешкім сотқа беріп жатқан жоқ қой. Сондықтан тариф мәселесі тиісті орындарға сұрау салумен ғана шешілмейтін іс секілді. Ол үшін қоғамдық бақылауды күшейтіп, БАҚ арқылы ықпал ету жолдарын қарастырғанымыз дұрыс. Өйткені, мұның айналасында тарифті өсіруге мүдделі топтар да жоқ емес. Оның үстіне, бағаның төңірегінде орын алған заңсыздықтарды тізгіндеуге бұрынғы құқық қорғау органдарының басшылары да қауқарсыз болды. Сондықтан қадағалау органына келген жаңа басшылық мұны ретке келтіреді деген сенім мол. 

- Осы жылы нақты қандай істерді қоғамдық кеңестің күн тәртібіне енгізбексіздер?

-Заңға сай, қоғамдық кеңес өңірдегі күрмеулі мәселелерді көтеріп, аймақ басшысына ұсынып отырады. Әсіресе, жер дауы, каналдар жайы, субсидия мәселесі, жолаушылар тасымалы, медициналық көмек тағы басқа да өзекті проблемалар кеңестің күн тәртібінен түспек емес. Қоғамға қатысты шараларға да атсалысуға міндеттіміз. Ол үшін азаматтармен барынша тығыз қарым-қатынас орнатуды көздеп отырмыз.

-Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Дәулет ТҰРСЫНҰЛЫ,

«Оңтүстік Қазақстан».

 

 

   

 

 

                          

 

 

 

   

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ