Экономика 0 пікір 1057 лайк

Шымкентте банктер несиені қанша пайызбен береді?

Ақпан 16 / 2018

Шыны керек, адамдардың санасында ақша жүрген жерде ұрыс-керіс жүреді деген ой қалыптасып қалған. Бірақ бәрібір де ақшаның аты ақша. «Оны ұнатпаймын» деген адамның өзі іштей мәселенің барлығы да қаржыға келіп тірелетінін мойындайды. Қалай десек те қазір рухани байлықтан гөрі, материалдық құндылықтың алға шыққан заманында өмір сүріп жатқанымыз шындық.

 

Нарықтық қатынас қоғамында қалтаңда көк тиын болмаса, бір адым да аттай алмайсыз. Өкінішке орай, жұртшылық бүгінде сол ақшаға қол жеткізу, оны жарату жағына келгенде қаржылық сауатсыздық танытады. Әсіресе, бұл несие алғанда анық байқалады. Өйткені қазір несиеге, яғни қарызға ақша алу неғұрлым жеңілдеген сайын, оның қайтарымы керісінше өте ауыр болып тұр. Себебі пайызы жоғары. Ал, халық несиеге қол жеткізудің ең оңай жолдарын ұсынатын қаржылық ұйымдарды таңдап, тезірек иемденуге асығады. Бірақ, оның артында үлкен қиындық тұрғанын сезбейді. Сөйтіп, банктерді кінәлап жүргені. Бізді де мазалайтыны  сол, тұрғындар несие алғанда қаржылық ұйымның талаптарымен толық таныспайды, пайыздық мөлшерлемесіне көңіл бөлмейді. Осы мәселені өзімізше зерттеп көруге талпындық.

Екінші деңгейлі банктердің несие беру тәсілін және пайыздық мөлшерлемесін салыстырып көру үшін жеке тұлға ретінде облыс орталығындағы бірқатар банк филиалдарына кіргенбіз. Тұрғындарға түсінікті болу үшін  200 мың теңгені 18 айға, яғни 1,5 жылға есептетіп көрдік.

Мәселен, «Қазақстан Халық Банкі» АҚ-ның талабы бойынша кепілсіз несие алу үшін осы банктен жалақы алуың керек. 200  мың теңге қарастырып  бергені үшін сұраған қаржыңыздың 8 пайызын, яғни 16 мың теңгесін ұстап қалады. Сөйтіп, қолыңызға 184 мың теңге ұстатады. Оны ай сайын 12953 теңгеден құйып отырасыз. Мұны 18 айда 233 148 теңге етіп қайтарасыз. Демек, 1,5 жылда 184 мың теңгенің үстіне 49 мың теңге қосылады екен.  Ал, «Forte bank» АҚ-ның менеджерлері 200 мың теңгені толық қолымызға беретінін айтады. Бірақ, несиені ай сайын 14 мың теңгеден төлеп, қорытындысында алған қаржымыздың үстіне 52 мың теңге қосылмақ. Сол сияқты «Банк ЦентрКредит» АҚ-ның облыстағы филиалы аталған соманың 0,5 пайызын  ұстап қалып, қолымызға 190 мың теңге ұстатады. 18 айда 13 242 теңгеден құйып отырғанда, үстіне  48 356  теңге берешек боламыз. Сондай-ақ, «Казкоммерцбанк»  АҚ-ы бойынша 200 мың теңге  қолымызға таза түседі. 1,5 жылда 12500 теңгеден төлеп, оны жалпы 225 мың етіп қайтарады екенбіз. Үстіне бар-жоғы 25 мың теңге!

Ал, «Kassa Nova» банкі болса пайыздық мөлшерлемені несиені қайтару мерзіміне қарай есептейді екен. Мұнда аталған соманың 8,7 пайызын алып қалғанда 182 600 теңгеге қанағат етіп қайтасыз. Одан соң айына 13 500 теңгеден төлегенде үстіне 57 400 теңге қосып қайтарасыз.

Енді, бүгінде халықтың көп жүгінетін, қашан барсаңыз да кезектен көз ашылмайтын «Kaspi bank» АҚ-ның филиалдарына да жол түсті. Бірақ, кіру оңай болған жоқ. Ұзын-сонар кезектің салдарынан бірнеше мәрте баруға тура келді. Бірақ менеджердің қабылдауында болсаңыз, меселіңізді қайтармайды. Әсіресе, несие мәселесін бір күнде емес 1-2 сағатта-ақ шешіп береді. Есесіне, мен бұл банктен 1,5 жылға 200 мың теңге алатын болсам оны ай сайын 17 720 теңгеден төлейді екенмін. Мен мұны 18 айда 318 960 теңге етіп қайтарамын. Сонда осы уақыт аралығында үстіне 118 мың 960 теңге қосылып отыр.

Ендеше, қай банктен несие алу тиімді екенін өзіңіз екшелей беріңіз, қадірлі оқырман. Бірақ, қаржы саласының мамандары лажы болса, өсімақыға қарыз алмай тірнектеп ақша жинаған абзал деген кеңес береді. Ең бастысы, ақшаны сауатты жаратуға үйренейік.

 

Назгүл НАЗАРБЕКОВА

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ