Заң-заман 0 пікір 0 лайк

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қарқын алды

Ақпан 15 / 2018

    Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев Қазақстан халқына арналған биылғы Жолдауында  ХХІ ғасырдағы  жаһандық сын қатерлерге алдын ала аса көрегендікпен жауап беріп отыр. «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» тақырыбындағы  Жолдауы — Қазақстанның жаңаша дамуына жол сілтеп, бағыт-бағдар берген маңызды құжат.  Бұл Жолдаудың мәні ерекше. Себебі Жолдау жаңа әлемге, яғни төртінші өнеркәсіптік революция әлеміне бейімделу мен жетістікке жету жолын табу үшін 10 міндетті айқындап отыр. Соның ішінде тоғызыншы міндетте жемқорлықпен күрес және заңның үстемдігі туралы айтылған.

 

    Елдегі сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендету бағытында бұл дерттің себептері мен алғышарттарын анықтап, оларды жою жұмысын күшейту қажет. Елбасымыз Жолдауда мемлекеттік органдардағы процестерді, соның ішінде олардың халықпен және бизнеспен қарым-қатынасын цифрландыру маңыздылығын атап өтті. Осы тұрғыда Оңтүстік Қазақстан облысының Төтенше жағдайлар департаментінде «Е-қызмет» персоналды басқару электрондық ақпараттық жүйесі жұмыс атқаруда. Департаменттің әкімшілік қызметшілері осы жүйе бойынша өздерінің қызметі бойынша барлық мәліметтерді алып жүр.

   Тағы да маңызды мәселенің бірі – мемлекеттік сатып алу саласы. 2017 жылдың қорытындысы бойынша мемлекеттік сатып алу порталында департаменттің 152 келісімшарты тіркеліп, олар бойынша жеткізілген тауарларға және қызметтерге қаржы бөлініп, толық игерілген. 

  Сонымен қатар департаментте өзекті мәселелердің бірі – қызметкерлердің заңдылықты және қызметтік тәртіпті сақтауы. Осы бағытта алдын алу жұмыстарын күшейту бойынша бірқатар шаралар ұйымдастырылған еді. Атап айтсақ, департаменттің құрылымдық бөліністерінде және ведомстволық бағыныстағы ұйымдарында жеке құрамның арасында «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы айлық» жарияланып, оның аясында 12 семинар, 28 дөңгелек үстел, халықпен 20 кездесу, флэшмобтар  өткізілді, 15 бейнеролик түсірілді.

   Айта кететін жағдай, департаменттің жас мамандары сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте белсенділік танытып, «Болашаққа – жемқорлықсыз!» атты акцияны ұйымдастырды. Осы акция аясында  қалалар мен аудандардағы төтенше жағдайлар басқармалары мен бөлімдері  «Ең үздік бейнеролик» номинациясына өзара сайысқа түсті. Сондай-ақ, бұл акция ҚР Ішкі істер министрлігі Төтенше жағдайлар комитетінің барлық аумақтық департаменттерінде  жалғасын тапты. Департаменттің бұл іс-шарасын облыстық прокуратура қолдап, ол құқық қорғау органдары өткізген «Оңтүстік – бизнеске қолайлы аймақ» акциясымен жалғасты.

   Осындай маңызды іс-шаралардың нәтижесінде департаментте теріс қылықтары үшін  жұмыстан шығарылғандардың саны 53% - ға төмендеп отыр. Ал, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес заңнамалары бойынша заңбұзушылық фактілері анықталған жағдайда хабарлау үшін департаментте «Сенім телефоны» жұмыс істейді. Алайда бүгінге дейін департамент қызметіне қатысты және мемлекеттік қызметшілердің әдепсіз қылықтары жөнінде азаматтардан ешқандай арыз-шағым болмаған.

   Жолдауда сыбайлас жемқорлықпен күрестің маңызды қырлары белгіленді. Қоғамдағы бұл дертке қарсы баршамыз күрес жүргізуіміз қажет.

 

 Нұрболат ДЕРБІСОВ,

азаматтық қорғау полковнигі,

Оңтүстік Қазақстан облысы

 Төтенше жағдайлар

 департаментінің бастығы

 

 

 

 

 

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ