Экономика 0 пікір 0 лайк

«Өлім зонасы» немесе рухтың күші

Ақпан 15 / 2018

 

Қазіргі кезде ОҚО бойынша 117 мыңнан астам шағын және орта кәсіпкерлік нысаны тіркелген. Бұл – республика бойынша ең жоғары көрсеткіш. Дегенмен, ресми деректерге бажайлап қарасақ, осы 117 мың кәсіпкердің жартысына жуығы жұмыс істемейді. Кәсіпті бастау оңай болғанымен, оның нәтижесіне қол жеткізу қиынырақ. Кәсіпкерлікті бастап, белгілі бір кезеңге жеткенде әртүрлі қиындықтар туындағанда бастаған істі тастап кету туралы ойлар жиі мазалайды. Сондықтан кәсіптің нәсібін табу үшін соңына дейін алған мақсаттан таймайтын табандылық, сосын нақты есеп қажет.

 

Әл-Фараби өзінің «Қайырымды қала тұрғын­дары» атты еңбегінде тұтас мемлекеттік жүйенің қалыпты жағдайда өркендеуін адам организм­індегі жасушалар мен органдардың бір-бірімен тығыз байланыста жұмыс істеу құрылымына теңейді. Мемлекеттің экономикалық тұрғыдан өсуі кәсіпкерлердің өндірісі мен қызметіне тікелей байланысты.

Табиғи ресурстар мен пайдалы қазбалардың, кен орындарының қоры уақытша, түбінде сарқылатын дүниелер. Әрбір кәсіпорын организмнің жасушасы іспетті қажетті өнім өндіріп отырғанда ғана организм қалыпты жағдайда жұмыс істей алады. Кәсіпкерліктің табысты болуы ең алдымен ерік-жігерге байланысты. Сондай-ақ, әуел бастағы ұсақ-түйегіне дейін есептелген бизнес-жоспарың да басты фактор болып саналады. Нақты ғылымға негізделген қысқа мерзімді стратегия жоқ болса, оның орнын діни догмалар жаулайды.

Белгілі австриялық экономист И.Шумпетер айтқандай, кәсіпкерлік – жұмыстың бір түрі ғана емес, тұнып тұрған ақыл-ой, жеке басқа керекті барлық қасиет. Жаңалыққа үйір болып қана қоймай, оны өндіріске

ұдайы енгізіп, эксперименттен өткізіп тұру қажет. Кәсіпкердің бойынан табылуы керек ең басты қасиеттің бірі – тәуекелге бел байлап, қорқыныш пен үрейді жеңе білу, нақты мақсат қойып, көздеген межеге қол жеткізу. Бейнелеп айтқанда, кәсіпкерліктің мақсаты – бір таудың ең биік шыңы десек, кәсіпкер барлық кедергілерді төзімділікпен еңсеріп, сол шыңды бағындыруы керек.

Осы орайда АҚШ-та оқып жүрген кезде бастан өткен бір оқиға еске түседі. Оңтүстік Калифорния университеті. «Мемлекеттік мекемедегі адам мінезі» сабағы басталғалы жатыр. Тақырып – «Көшбасшы». Аудиториядағы студенттердің орта жасы 23 пен 45 жас аралығындағылар. Көпшілігінің тәжірибесі мол, бірнеше ұлттың өкілдері. Жұмыс арасында біліктілік тәжірибелерін шыңдау мақсатында арнайы сабақ алушылар. Сабақ басталар алдында студенттер өзара күбірлесіп, әзіл-қалжың аралас әңгіме айтып отырды. Бір кезде аудиторияға енген профессор едел-жедел амандасты да тақырыпқа қатысты дәрісін бастап жіберді: «Калифорния штаты – АҚШ-тың 50 штатының ішіндегі ең ауқаттысы. Егер Калифорния өз алдына бөлек мемлекет болса, Ресейді артта қалдырып, әлемдегі экономикасы бесінші орындағы мықты ел болатын еді. Біздегі бір ғана «Apple» компаниясының табысы 60 млрд. долларға жетті. Бұл дегеніміз «Wall Street» биржасы бойынша Ресейдің бүкіл ұлттық компанияларын құнды қағаздарымен қоса жұтып қоюға қауқары бар деген сөз. Аграрлық сала бойынша ішкі өнім биыл 30 млрд. долларға жетті. Бір Лос-Анджелестің өзіне әлемнің түкпір-түкпірінен жылына 50 миллионға жуық турист келіп-кетеді. Диснейленд пен Голливуд өнімдері өз алдына бөлек тақырып. Осындай жетістіктердің бәрі тек бизнес пен озық технологияны жетік меңгерумен ғана емес, сонымен қоса әр компания көшбасшыларының біліктілігіне де тікелей байланысты. Әрбір көшбасшы өзін шын көшбасшы санау үшін өз командасын «өлім зонасынан» алып шыға білуі керек» деді.

Зілтемір көтерумен шұғылданатын, бұлшық еттері бұлтыңдаған қара нәсілді Артез сағызын шайнап отырып қолын көтерді де «өлім зонасы деген не?» деп сұрады. Профессор оған «Артез, «Көшбасшы» деген сөзге анықтама берші» деп өзіне қарсы сұрақ қойды.

– Көшбасшы деген – белсенді, позитивті және білімді қасиеттердің егесі, – деп жауап берді Артез.

– Дұрыс айтасың, осы қасиеттер сенде қай деңгейде екенін дәл қазір тексеріп көреміз, – деді профессор.

«Бүгінгі сабақта көшбасшы қабілеті ең мықтылар ғана өте алатын сынақтан өту тапсырмасы болады» деп профессор сөзін одан әрі сабақтады.

«Барлығың төлем карточкаларыңды алып Гарвард университетінің арнайы виртуалды сынақ сайтына 15 доллар төлеп, тіркеліңдер. Қазір Жер бетіндегі ең биік шыңның төбесіне шығасыңдар. Әрбір көшбасшы өз командасын сол шыңның өлім зонасынан аман-есен алып өтсе, нағыз көшбасшы саналады» деді де аудиториядағы 25 студентті бес-бестен бес топқа бөлді.

Осы арада айта кетейін, Гарвард университеті профессорлары 1996 жылы Гималай тауының Эверест шыңына шығамыз деп қаза тапқан бірнеше альпинистің трагедиясын жете зерттеген екен. Зерттеу тұжырымдамасы бойынша адамдар өліміне кінәлі көшбасшылар деген болжам көбірек айтылыпты. Сол қайғылы оқиғаға қатысы бар 600 адаммен жеке-жеке әңгіме өткізіліп, болған оқиғаны бастан-аяқ қайта қалпына келтіріп, сараптап, деректі фильм түсірген.

Бөлмеде видеопроекторды қосып, 7 минуттан тұратын деректі фильмді мұқият көріп шықтық. Бәріміз фильмді көріп, қай жерден қандай қате кеткенін талдадық. Оқиғаға қатысты пікірімізді білдіреміз деп жамырап та кеттік. Көбіміз бірауыздан «көшбасшының экспедицияны дұрыс ұйымдас-тырмағанынан» деген қорытындыға тоқтадық.

Профессор «ендеше өз бақтарыңды сынап көретін кез келді, толық тіркелдіңдер ме?» деп сұрады. Сонымен Гарвард университетінің «Эверест шыңы» деген магистрлерге арналған виртуалды ойынына тіркелдік.

Топтағы бесеудің арасынан келісіп, өз көшбасшымызды сайладық. Мен бақылаушы болдым. Бақылап, сараптама жасап отырамын. Артез – табиғаттанушы, жасы 45-тер шамасындағы еврей Самуэл – дәрігер, латын-американдық Армандо – фотограф. Көшбас-шымыз Қытайдан шыққан американдық – Дэвид.

Алдымызда биіктігі 8850 метр болатын аспанмен таласқан Гималай тауы тұр. Біздің команданың мақсаты – Эверест шыңына шығып, бір минуттай жан-жаққа қарап, суретке түсіп, жерге аман-есен оралу.

Ойын тарихы бойынша тек команданы дұрыс ұйымдастыра білген көшбасшы ғана Эверест шыңына аман-есен барып келе алады. Шыңға жету үшін әр деңгейлі биіктегі 4 лагерьге аялдау керек.

Бірінші лагерь – 5920 метр биіктікте;

Екінші лагерь – 6 400 метр биіктікте;

Үшінші лагерь – 7 300 метр биіктікте;

Төртінші лагерь – 7 900 метр биіктікте орналасқан.

Әр қадам мен әр минуттың құны өмір мен өлім мәселесін шешеді. Жоғары өрлеген сайын оттегі азайып, температура төмендеп, дауыл соғып, жол тарыла береді. Біздің топ 6400 метр биікке көтерілгенде фотограф Армандоның денсаулығы күрт нашарлады. Көшбасшы команда мүшелерімен не істейміз деп кеңесті. Бәріміз бірауыздан «команда мүшелерін жолға тастамаймыз», дәрі беріп, бір күн күтіп, сапарды одан әрі жалғастырамыз» дедік. Көшбасшы келісіп, бір күн аялдадық.

Ертесіне тағы да жоғары өрледік. Жоспардан тыс бір күн түнегендіктен баллондарға үрленген оттегілердің екеуін мерзімінен бұрын тауысып қойыппыз. Енді жоғары өрлегенде оттегі жетіспейтін болды. Екінші лагерьге жетпей фотографтың ыстығы қайта көтеріліп, жүруге шамасы келмей қалды. Лидеріміз атлет денелі Артезді «200 метр алда жүр, күрделі асуларды бізге алдын ала айтып отыр» деп жұмсаған болатын. Артез 100 метр алға шыққан бойы «менің баллонымда оттегі өте аз қалды, мен шамадан тыс қуат жұмсап қойыппын» деп дабыл қақты.

«Ештеңе етпейді, белгіленген жылдамдықпен тоқтамай жүре береміз, бір-бірімізден қалып кетпейік» деп топтасып 7 300 метр биіктегі үшінші лагерьге жеттік. Температура – 45, дауыл соғып, қар көшкіні жылжып жатыр. Жел екпіндеген сайын оттегі баллондары да азая түсті. Белгіленген уақытта жүріп үлгермесек, сол жерде қатып қаламыз. Фотографтың ыстығы 42 градусқа көтеріліп, жоғары өрлеуге мүмкіндік бермеді. Дәрігер тікұшақ шақыртты да науқасты алып қайтып кетті. Қалған бар дәрі-дәрмектің көмегімен төртінші лагерьге жеттік.

Төртінші лагерьден өткен соң өлім зонасы басталды. 8000 метр биіктік дегеніміз – «Боинг-757» ұшағы ұшатын деңгей. Жер бетіндегі оттегінің 20%-ы ғана бар, демалудың өзі бір ақырет. Терең, тастай су түбінде кетіп бара жатқандайсың. Сүйектен өтетін ызғар тұла бойды қарып барады. Қар белден, – 50 градус аяз. Әрбір қадамды басу үшін қажетті қуатты табу таптырмас дүние екен. Бір аяқ жол бойында мұз боп қатып қалған адам мәйіттері жатыр...

Көшбасшы... көш бастауды ұмытқан. Өзгелерді ұйымдастыру былай тұрсын, өз басымен қайғы болып кетті. Оттегі жетіспей өлім зонасына келгенде тоқтап, әрең ентіге демалып, өз ойын жеткізді. «Мен ары қарай жүре алмаймын, жүре беретін болсам осы жерде жан тапсыратыныма көз жетіп тұр. Сендер шыңға жетем десеңдер жүре беріңдер» деді де артқа шегінді.

Өлім мен өмір арасында арпалысып келе жатса да бар ойлары шыңға жету болып келе жатқан топ мүшелерінің үміті сөніп бара жатқан балауыз шамның әлсіз жарығындай еді. Алға қойған мақсаттан өмір қымбат деп ойлағандар кері қайтты. Сонда бар болғаны 100 метр қашықтықты жүру қиынның қиыны екенін ұқтық. Әрбір жұтым ауа, әрбір қадам, әрбір сөз, ой, қимыл нақты есеппен жасалу қажет екеніне көз жеткіздік.

Біздің топ өлім зонасынан өте алмады. Бес топ ішінен бір топтың екі мүшесі ғана шыңға шығып қайтты. Шыңға жеткен топ мүшелеріне барлығымыз орнымыздан тік тұрып, қол соғып құрмет көрсеттік.

Профессор сабақ соңында батыр атанған екі студенттен тәжірибелерімен бөлісулерін сұрады. Сөйтсек оларда ең алдымен нақты есептелген дұрыс жоспар болыпты. Барлық ықтимал кедергілер ескерілген. Бір-бірімен тығыз, ашық қатынаста болған. Коммуникация жақсы орныққан. Ауыр жағдайда да жоспарды бұзбауға тырысып, бір-біріне жәрдемдесу арқылы алға жылжып отырған. Олар өздерінің қара басын ойламай, тек топтың алға қойған мақсатын ғана санаға сіңірген. Бір-бірін рухтандыру арқылы көп қуат алып, ең қиын белестерден өтіп отырған. Бүкіл қуат таусылған кезде өлім зонасынан тек санадағы мақсатты ғана көздеген рухтың күші алып өткен.

Қорытынды ретінде айтарым, кез келген кәсіпкер бизнес бастау үшін нарықты анық көруі тиіс. ОҚО-дағы кәсіпкерлерге қатысты басқарма мен кәсіпкерлерді қолдау палатасы өңірде өндіріліп жатқан өнім мен импорт және экспорт тауарларын сараптап, нақты сандармен кәсіпкерлерге жеткізіп отыруы қажет.

Сонымен қатар, Батыс Еуропа мен Америкада осындай кәсіпкерлік жайлы мотивация беретін кітаптар, сабақтар мен ойын түріндегі тренингтер көп өтіп тұрады. Әрбір кәсіпкер – өз ісінің, өз командасының көшбасшысы. Біздің шымкенттік кәсіпкерлерге кәсіпкерлік рухты көтеретін қазақ тілінде бизнес мотивациялық әдебиеттер қажет, оқырман сондай әдебиеттерді жазатын авторларға зәру. Әрбір кәсіпкер өзінің жеке тәжірибесімен бөлісіп, бизнестегі сәтсіздіктері мен жеңістерін баяндап, бөлісіп отырса, бұл кәсібін енді бастаған әріптестеріне пайдалы, тіпті өмірлік сабақ болар еді.

Туған жеріне туын тігіп, «Қазақстанда жасалған» маркасы үшін қабырғасын сөгетін, бүкіл күш-жігерін өлкесінің өркендеуіне арнайтын ұлттық идеология айқындалса, кәсіпкерлік біліктілікті шыңдап рухтанған қазаққа өлім зонасынан өту түк те қиын емес.

Дархан ЖИЕНБАЙ, кәсіпкер.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ