Роман – Қазақстанның абсолютті чемпионы!

Ақпан 14 / 2018

Ғабит САПАРБЕКОВ,

«Оңтүстік Қазақстан».

  Жуырда Алматы қаласында ересектер арасында үлкен теннистен Қазақстан Республикасының қысқы чемпионаты аяқталды. Дүбірлі бәсекеде шымкенттік Роман Хасанов қарсылас шыдатпай, бірінші орынға ие болды. Роман сонымен қатар, жұптық бәсекеде де алтын жүлдеге ие болды. Бұл – облыс теннис тарихында сирек кездесетін оқиға.

   Еліміздің абсолютті чемпионы атанған Роман Қазақстанның ерлер құрамасына қабылданып, Дэвис кубогы жолындағы бәсекеге де қатысқан болатын. Бүгінде әлемдік рейтингте 708-орында тұрған спортшы Дэвис кубогының ширек финалына да қатысады деп күтілуде. Сонымен қатар, осы чемпионатта Сүндет Нағыметов үздік сегіздікке енді.

   Білікті басшы Нұрлан Айтмұрзаев басқаратын ОҚО теннис мектебі спортшылары жетістіктері мұнымен шектелмек емес. Үстел теннисінен Тараз қаласында өткен ел чемпионатында облысымыздың жігіттері мен қыздары жүлделі үшінші орынды еншіледі. Сонымен қатар, ҚР теннис федерациясының шешімімен Шымкенттегі ұлттық теннис орталығының бапкерлері «Жылдың ең үздік балалар жаттықтырушысы» сыйлығына ие болды. Оны федерация президенті Болат Өтемұратов облысымыздың аға бапкері Серікғани Көшеровке салатанатты түрде тапсырды.

 Суретте ортада: Р.Хасанов пен ОҚО теннис мектебінің басшысы Н.Айтмұрзаев. 

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ