Балуандар Шымкентте бақ сынады

Ақпан 14 / 2018

Ғабит САПАРБЕКОВ,

«Оңтүстік Қазақстан».

   Шымкенттегі жоғары спорт шеберлігі мектебінде грек-рим күресінен КСРО-ға еңбек сіңірген жаттықтырушы Владимир Угрениновты еске алуға арналған турнир өтті. Жарыстың ашылу салтанатында грек-рим күресінен КСРО-ның 7 дүркін чемпионы, Олимпиада ойындарының екі дүркін жүлдегері Дәулет Тұрлыханов құттықтау сөз сөйлеп, спортшыларға сәттілік тіледі. Облыстық денешынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Айтмахаметәлі Бердашев өңірімізде күрес түрлері жоғары қарқында дамып келе жатқанын айтып, жарыстың құрметті қонақтарына естелік сыйлықтар табыс етті.

 

   Дүбірлі додаға еліміздің барлық өңірлерінен бөлек, Өзбекстан, Тәжікстан және Қырғыз Республикасынан 300-ден астам балуан қатысты. Нәтижесінде 55, 67 және 87 келі салмақ дәрежелерінде өзбек балуандары топ жарса, Алматы облысының жігіттеріне 2 алтын жүлде бұйырды. Оңтүстік Қазақстан, Павлодар, Қызылорда облыстары мен Алматы қаласы және Қырғыз Республикасының өрендері де бір-бір алтын жүлдеге иелік етті.

Суретті түсірген Ілияс Жолдас.

 

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ