Кинорежиссер Жасұлан ПОШАНОВ: "КИНОҒА ЖАҢА КЕЛБЕТ ӘКЕЛСЕМ ДЕЙМІН"

Ақпан 13 / 2018

 

Қазақтың бұлбұл әншісі Күләш Байсейітова жайындағы «Күләш» және композитор Шәмші Қалдаяқов туралы «Ән аға» фильмдерінің режиссері Жасұлан Пошанов Оңтүстік Қазақстан облысы Бәйдібек ауданы Кеңестөбе ауылында дүниеге келген. Туған жеріне келген сапарында Жасұланға жолығып, сұхбаттасудың сәті түскен еді.

– Жасұлан, өнер жолына қалай келдіңіз?Кинорежиссер мамандығын таңдауыңызға кімнің әсері болды?

 – Әкем Қуаныш оқу-білімге, өнерге құштар жан еді. Кітапты көп оқитын, әңгіме жазатын. Әкеме еліктеп мен де бала кезімнен кітапқа құмар болдым. Ол кісі  «Менің ұлым режиссер болады» деп армандайтын. Әкемнің айтуымен Алматыдағы Өнер академиясында кинорежиссер мамандығы бойынша білім алдым. Бір өкінішім, әкем мен түсірген бірде-бір киноны көрe  алмай өмірден өтті. Белгілі кинорежиссер, профессор Дәмір Манабайдың шеберханасында шыңдалдым. Дипломдық жұмысым «Алматы-Шымкент» кинокомедиясын түсіруге «Қазақфильм» киностудиясының директоры Ермек Аманшаев көмектесті. Осы туындым республикалық «Дидар» жастар  сыйлығын жеңіп алған соң Ермек аға маған сенім артып, жобаларын ұсына бастады. Алғашқы жұмысым «Жел қызы» фильмінде көне дәстүр бойынша қала аруын алып қашқан үш достың хикаясы баяндалады.  Мұнда экспериментті, авторлық және көрермендерге арналған киноны біріктіріп, жаңа бағыт енгізуге тырыстым. Комедия сәтті шыққан соң «Ғашық жүрек» фильмінің 2-бөлімін түсірдім. Негізі кино деген – ұжымдық еңбек, оның қиындығы мен қызығы да осында.

Соңғы кезде «Хабар» агенттігінің ұйытқы болуымен танымал тұлғалардың өмірін суреттеген телесериалдар көрермендерге жол тартуда. Соның ішінде Күләш Байсейітова мен Шәмші Қалдаяқов жайындағы телехикаялар өзіңіздің режиссерлігіңізбен түсірілді. «Ән-аға» телехикаясын түсіру қалай өтті?

– Ең қиыны, телевизиялық фильмге өте аз уақыт берілетіні. Себебі олар телехикаяны көркем фильм деп емес, ағымдағы жоба ретінде қарайды. Сол аз уақытта әлгі дүниені түсіріп үлгеруге тиіссің. Бұл жүйеге қойылған, мәселен өздеріңіздің күнделікті газет шығаратындарыңыз секілді, конвейер ғой. Әрине, уақыт тым қысқа, асығыс тірлік болған соң, әдетте көркемдік деңгейі ақсап жататыны бар. Әйтсе де тарихи тұлғалар туралы фильм жасаудың жауапкершілігі ауыр. Бұл көзсіз батырлықты талап ететін нәрсе. Сол себепті бұған екінің бірі бара бермейді. Мәселен, туындыда бір ғана Шәмшіні емес, ол өмір сүрген ортаны, Мұқағали, Төлеген ақындарды, Асанәліні көрсетуге тиіссің. Сол дәуір тынысын көрермен сезінуі тиіс. Телехикаяның оқиғасын композитор туралы жазылған он кітаптың ішінен алдық. Шәмші ағаның 15 әнінің тарихын беруге талпындық. Біз Шәмшінің өмірінің бір ғана  сәтін алмай, барлық кезеңін қамтуға тырыстық. Хикаяны тамашалағандар Шәмшінің композиторлық қырын ғана танымай, биік адамгершілігіне, достыққа адалдығына, қажет кезінде қауіпті қадам жасаудан тайсалмайтын ержүректігіне куә болады.

Отырар ауданының әкімі Ерлан Айтаханов ұйымдастыру жұмыстарына үнемі көмектесіп отырды. Аудан орталығынан ескі жатаған үйлердің табылуы сол тұстағы уақыт тынысын сезіндіре алған сияқты. Музей қызметкерлері көне бұйымдарын пайдалануға беріп, көп қарасты. Соның арқасында түсіру жұмыстарын үш айдың ішінде сәтті аяқтадық. «Хабар» телеарнасы о баста төрт серия түсіруді жоспарлағанымен, біз оны сегіз серияға жеткіздік. Өйткені оқиғалар ауқымы көп болып, төрт серияға сыйдыра алмадық. Әрине, Шәмші секілді бірегей тұлға жайында 20 серия түсіруге де болатын еді, бірақ қол қысқа, қалта жыртық дегендей жәйт қой. Дегенмен, ұжымға, уақытпен санаспастан жұмыс істеген кино түсіруші топқа рахмет айтамын.

– Өзіңіз жайлы белгілі кино мен театр өнерінің корифейлері Сатыбалды Нарымбетов пен Асанәлі Әшімов жақсы пікір білдіріпті. Композитордың рөліне актерлерді қалай іріктедіңіздер? Түсіру барысында қиындықтар орын алды ма?

– Режиссерлыққа өз сүрлеуін айқын салып үлгермеген мен секілді жасқа мақтау есту әлі ертерек сияқты. Шәмші ағаның рөліне танымал актер Дәурен Серғазинді таңдадық. Оның шеберлігі жайында мамандар өте жақсы пікір білдірді. Негізі өзім киноға жаңа келбет әкелсем деймін. «Ән-аға» сериалында «бала Шәмші» мен «егде Шәмші» дебюттік рөлдерін ойнады.  Он үш жасар Нұрбол Мейрамбаев рөлін шынайы сомдаса, егде жасын ойнаған Отырар аудандық мәдениет бөлімінің қызметкері  Мейірбек Қауымбаев композиторға  ұқсайтындығымен ерекшеленді. Шәмші ағаның көзін көргендердің берген  мағлұматтары оның  образын ашуға көп көмектесті. Әскери борышын атқарған Сахалин өлкесіндегі сәттерін Алматының баурайында ақ қар, көк мұзда далада түнеп, қар кешіп жүріп түсіруге тура келді. Отырарда түсірілген көрініске сары жигули табылмай, біраз қол байлады. Түркістаннан тапқанымызбен иесі келіспей, араға қалалық мәслихаттың депутаты Рахым аға Тәңірбергенов түсіп, алып берді. Бірақ иесі көлігін Алматыға әкетуге келіспеді. Кейінгі көріністерде Талдықорғанның бір ауылынан тапқан автокөлікті кішкене әрлеп барып түсірдік. Осыншама қиындықпен түсірілген киноға сын айтушыларға түсірілу мерзімінің тым қысқа болғанын қалайша түсіндірерсің...

– Бүгінге дейін қанша кинотуынды жасадыңыз? Қай туындыңызда режиссерлық қабілетімізді таныта алдым деп ойлайсыз?

– Негізінен телесериалдарды «Хабар» арнасының ұсынысы бойынша түсіріп жүрмін. Қазірге дейін 13 фильмге режиссерлық еттім. Күләш Байсейітова фильмі 5 сериялы, «Шалғайдағы оқиға» 20 сериялы, «Ән-аға» 8 сериялы ірі жұмыстар болды. «Көзайым» телесериалының екінші маусымын түсірдім. Осылардың ішінде  режиссерлық қолтаңбамды көрсете алған авторлық жұмысым – «Шлагбаум» фильмі.  Мәскеуде өткен кинофестивальде жүлделі болған осы туындыға жасөспірімдер психологиясы, бай мен кедей балалар  арасындағы қақтығыс арқау етілген. Бұл мәселе күн тәртібіндегі өте өзекті тақырып саналады. «Шалғайдағы оқиға» украиндықтардың дүниесі болатын, соны қазақы қалыпқа түсірдім. Әр кейіпкерді әр жанрға салып көргім келді. Бірі комедия, екіншісі мелодрама, келесісі драманы сомдаса, әр адам өзінің іздегенін тапса деген ой болды.  Соңғы жылдары елімізде киноиндустрия даму үстінде, телесериалдар өте көп түсірілуде. Әттеген-айы, режиссерлер орыстілді ортаға жұмыс істегісі келеді. Ауылда, қазақы ортада өскендіктен болар, үнемі қазақы тәрбиеге басымдық беремін. Туындымнан ауылдың исі шығып тұрса деймін.

– Қазір қандай жұмысты қолға алдыңыздар?

– «Пошанов пикчерс» жекеменшік киностудиямыз авторлық жұмысым Шоқан Уәлиханов жайлы  «Қашқарға саяхат» атты тарихи кино түсіру үстіндеміз. Басты рөлге Рүстем Жанаманов деген актер түсті. Қазіргі қазақ киносының жұлдызды актерлеріне айналған Берік Айтжанов, Бауыржан Қаптағай, Алмас Шаяхметовты көрермен осы туындыда көреді. Алдағы уақытта геолог-ғалым Қаныш Сәтбаев пен  тұңғыш кинорежиссер Шәкен Айманов туралы туынды түсірсек деген ойымыз бар.

      – Арман-мақсаттарыңыздың орындалуына тілектеспіз. Сұхбат үшін рахмет!

Сұхбаттасқан Үмітхан АЛТАЕВА,

«Оңтүстік Қазақстан».

 

 

 

 

 

 

 

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ