Руханият 0 пікір 0 лайк

ҚАЙНАРБҰЛАҚТАН ҚАНАТ ҚАҚҚАН ҚАРШЫҒА ҚЫЗ

Ақпан 13 / 2018

      Тұрсынай екеуміздің ауданымыз, кеңшарымыз ауылымыз һәм көшеміз бір еді. Бала шағымыздан қыдырған көгалымыз, шомылған бұлағымыз, аунаған топырағымыз ортақ болды. Есімнен шықпайтыны - Тұрсынай   тұлымшағы желбіреген, жанары мөлдіреген балалық шағынан-ақ ерекшелігі еренделіп өсті. Мектепте жүрген кезінен жақсы оқып көзге түсті: көркемпаздар үйірмесінің көркі іспетті еді. Мың бұралып би билеп, күмбірлете күй тартып, әсіресе, тамылжыта ән салып, тыңдаған көпшілікті таңдай қақтыратын. Оның қабілетінің ерте ашылып, қалың топқа танылуына туған әпкесі Лескүлдің тигізген әсері мол болды-ау деп ойлаймын. Лескүл-Лиза әпке облыстық филармонияда қобызшы музыкант болып жұмыс істейтін. Сондықтан да шаршы топқа танымал өнер иелері Оразбай атаның үйіне көп келетін. Осы жайдың ықпал-әсері ме екен, Тұрсынай еңбек жолын Ж.Шанин атындағы облыстық қазақ драма театрында әдебиет бөлімінің меңгерушісі болып бастады. Осы қызметпен қатар көптеген қойылымдарда рөлдерді сомдаған.

    1972-1978 жылдар аралығында ҚазМУ-дің журналистика факультетінде қатар оқығанымызда оны жақын таныдым. Қазақ тобында 10 қыз, 40 жігіт оқыды. Арамыздан  Мұса Рахманбердиев, Мереке Құлкенов, Жұмаш Көкбөрі, Заида Елғондиева, Айгүл Нөкербекова, Төрехан Рамбердиев , т.б. елге танымал журналист, жазушы, ақындар шықты. Солардың бірі әрі бірегейі, курс старостасы Тұрсынай Оразбаева болатын!                                     

       Әлі есімде «Жеті муза»  клубының жетекшісі Бақтажар Мекішев «Араларыңда ән айтатын  өнерлі қайсың барсың?» - дегенде бірауыздан «Тұрсынай бар» - дегенбіз. Ол болса  көркем күлімсіреп ортаға шығып, тебіреніске толы терең тынысты даусымен шырқады-ай дейсіз. Оның талантты орындаушылық шеберлігінің арқасында өнертанудың бір пар лекциясы кейде қазақтың халық әндерінің жанға жайлы концерті түрінде өтуші еді-ау...
         Ол 1970-1980 жылдары облыстық радио комитетінде, сондай-ақ облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетінде әдеби қызметкер болып істегенінде өлеңдері мен мақалаларын өндірте жазды. Нәтижесінде 1977 жылы «Таң шапағы», 1981 жылы «Іңкәр жүрек әуені» атты өлеңдер жинағы «Жалын» баспасынан жарық көрді.                                                                                                                      

             Ақын қыз қолы қалт етсе туған ауылы Қайнарбұлаққа ұясына асыққан қарлығаштай ұшып жетуші еді. 1988 жылы, онда мен облыстық партия комитетінің  үгіт-насихат бөлімінде нұсқаушы қызметіндемін, Тұрсынай қоңырау шалып: «Ауылда жаңа клуб салыныпты ғой, соның ашылуына шығармашылық кездесу өткізейік» деп ұсыныс айтты. Сондағы ауылдастарымыздың ықылас-пейілін көрсеңіз! Жас-кәрі, төрт көзі түгел бәрі, тайлы-таяғы қалмай жиналып, клуб ішінде ине шаншар орын қалмаған келісті кездесу болған еді. Кеш соңында математикадан сабақ берген ұстазымыз  Өскенбай Лесбекұлы Қайнари алғысын ақжарма жырымен білдірген-ді. Шіркін-ай, ол да бір бақытты дәурен екен-ау!                                                   

      Тұрсынайдың жырлары әнге сұранып тұратын. Содан болар, оның  өлеңдеріне  С.Сапарәлиев, Е.Хасанғалиев, А.Оспанов т.б. сазгерлер ән  арнады.  Соңғы кезде өзі де өлеңдеріне сырлы сазды бірқанша әндер жазды. «Сардана-Әсия-гүл» сазды жыр жинағы 2009 жылы «Талант» баспасынан жарық көрді.

          Мәскеу қаласында жоғары әдебиет курсын бітірген ақын қыз 1997 жылдан өмірінің соңына дейін Мәскеудегі халықаралық жазушылар Одағының қауымдастығында қазақ әдебиеті бойынша кеңесшісі болып қызмет атқарды. Осы кезеңде Тұрсынайдың ұйымдастырушылық, іскерлік, шығармашылық қабілеттері жарқырап көрінді. Тек біздің облыстан  ақын Н.Бегалыұлы К. Симонов атындағы, жазушы Е. Қойбағарұлы  А.Фадеев атындағы алтын медальдердің иегерлері атанды. Осынау жоғары марапаттарға қол жеткізу ісінде, әрине, Тұрсынайдың сіңірген еңбегі ересен екендігі айтпаса да түсінікті ғой.
        «Тұлпар болар құлының, кермесінде жұлқынар» дегендей, Т. Оразбайқызы жас шағынан-ақ армандаумен, алға ұмтылумен  болған екен. Сонау 1975 жылы жас жазушылардың  Бүкілодақтық VIII фестиваліне қатысуы, облыстық және  II республикалық ақындар айтысының жүлдегері болуы, А. Фадеев атындағы және «Алаш» халықаралық сыйлықтарының лауреаты атануы осы сөзімізге дәлел.  
     Біз білетін Тұрсынай сан қырлы талант пен қасиет иесі еді. Домбыра, қобыз, аккордеон, баян сияқты саз аспаптарын еркін меңгерген, музыкалық жады өте тұтқыр, есте ұстау қабілеті жоғары ғажап қабілетті болатын.

     Саха-Якутия еліне бірге барған Қ.Тұрсынқұлов, М.Байғұт т.б. жазушылардың естелігінде жазылғандарын оқып отырып, Тұрсынайдың ерекше дарындылығына қайран қалмасқа шараңыз жоқ. Атап айтар болсақ, сол аз ғана күн аясында Тұрсынай туыстас саха халық әндерін емін-еркін жаттап алып, айнытпай шырқап салып, саха бауырлардың ризашылығына бөленген. Сол алғашқы кездесуде-ақ олар Тұрсынай атындағы әдеби сұхбат ғимаратын (беседка) ашып, үлкен құрмет көрсеткен. Кейінірек бірнеше барыс-келістің, әдеби байланыстардың нәтижесінде Т.Оразбайқызына Саха - Якутия Республикасының «Еңбек сіңірген қайраткері» атағы берілді.

      Ал Мәскеудегі «Қазақ тілі», қазақ ұлттық-мәдени орталығы қоғамдық ұйымдары мен бірлестіктерімен бірге жүргізген іс-шаралары ұшан-теңіз деуге болады. Сол толайым тірліктердің басы-қасында бірге жүріп, бірге атқарысқан талантты тұлға Абылайхан Оспановтың айтуынша сондай жиындардың қозғаушы күші, ұйытқысы, ұйымдастырушысы, көркі және көркемдік жетекшісі талассыз Тұрсынай болған екен.

      Ақын қызымыздың өзі бір өлеңінде жазғанындай: «Ауыл мен Алматының, ауыл мен Мәскеудің арасында тынбай, талмай талпыныспен, сағынышпен өткен өмірі жатқанын» бағамдаймыз. Еңбек демалысында елге емірене, елжірей сағына келуші еді. Кездесулер өткізуге асығатын. Соның бірін облыстық достық үйі – С.Сейфуллин атындағы кинотеатрда өткізіп, көпшілік ықыласына бөленгені ерекше есте қалды.                                                                                                       

     Бір келгенінде: «Қанша жылғы өмірім, жастығым, студенттік шағым, сыйластар мен жора-жолдастарым, достарымның мекені аяулы Алматымда шығармашылық кешімді өткізсем» – деген ойын айтты. Оған, мынандай нарық заманында қомақты қаржы керек. Ойласа ақылдаса келе, өзінің туған сайрам ауданының әкімі, айтулы азамат, өнер жанашыры Қуаныш Айтахановтан демеушілік көмек сұрау қажет деген ойға табан тірелді. Әңгіменің тоқ  етері, Қуаныш ағаның қолдауымен Тұрсынай ақынның әдеби – шығармашылық кеші Алматыдағы Республика сарайында үлкен табыспен өтті.

       Ақын, сазгер, әнші, аудармашы, журналист, жазушы, аймаңдай ару, ақ тілеулі ана – қазақ қызы деген ғажап атқа лайық мен білетін – Тұрсынай Оразбайқызының бірер қыры осындай еді. Кезінде ол Қазақстан Республикасы Президентінің Құрмет грамотасымен, «Тәуелсіздіктің – 10 жылдығы»  мерекелік медалімен марапатталды. Өлеңдері «Молодые поэты средней Азии и Казахстана» ұжымдық жинағында (1982 ж)жарияланды.Сондай-ақ «Ты моя весна» (1986ж), «Гүлсезім» (1986ж), «Хомус и домбра» (1994ж), «Огни моей мечты» (2000ж)атты жыр кітаптары жарық көрді.

       Аяулы ауылдас армандасым, қадірменді қатарлас қаламдасым, тілектес дос-құрбым Тұрсынайға арналған естелігімді осыдан бір мүшел бұрын Шымкентте өткен шығармашылық кешінде оқылған өлеңіммен түйіндегім келеді. 

 

Ер қазақ, текті Тұран Тұрсынайы!

 

Жасыңнан жүрегінде тұнған арман,

Алысқа шақырғандай ұдайы алдан.

Талаптың тұлпарымен заулай ағып,

Талантсың Мәскеу барған, Саханы алған.

 

Далаңнан дауа іздеп, арда құрбым.

Шабыттың Шалқұйрығын қайда бұрдың?

Таланттар тірісінде тұғыр таппас,

Өнер деген бір тылсым майдан-ырғын.

 

Бір кейпің елестетер тылсым Айды,

Жадырап жарқ еткенің – гүл сыңайлы.

Жайыңды ел сұрамай кім сұрайды,

«Жат жақта жарылқа», -деп  Тұрсынайды.

 

Құралған үкілі үміт, сан арманнан,

Сағыныш сазы еседі сар даламнан.

Ағасы, ағайыны айналсын да,

Аңсатып бүрін жарған Сарданаңнан.

 

Әуелден әуез едің жайың бөлек,

Қазағым, Қас Сахам деп жаның әлек.

Сағынтқан боз далаңның бозторғайы,

Сайрай ма қияли – Иран бағыңа кеп.

 

Қанатты Құлагерді тайдан көрдім,

Ғашыққа куәгерді Айдан көрдім.

Көзінің тірісінде кемеңгер боп,

Дарынды дәріптелген қайдан көрдің?

 

Тұрғанда шалқып қазақ ән-ұраны,

Дей алмас ешкім «Өнер қаңырады»,

Әселхан,Ханбибі  һәм өзіңменен,

Биіктер Оңтүстік жыр-шаңырағы.

 

Атыңды ақық жыр мен ән шығарсын,

Талантың тамшы болып тасты жарсын.

Қайнардан қанат қаққан қаршығамсың,

Тағдырлық тайталасқа сан шыдарсың!

 

Қанат қақ өнер – көкте қаршыға қыз,

(Иілмеспіз, шайырлар, шарт сынармыз!)

Танытып тектілік пен мәртті нағыз,

Ұлттық ұлы өнер деп тақ тұрармыз.

 

Өршіл бол қара өлеңде, қаршыға қыз,

Талайларға теберік, таң шығармыз.

Сан жанға сәуле сыйлар шам шығармыз,

Қызуы басылмаймын жан шығармыз?

 

Сен тікте, қайда жүрсең ар-туыңды,

Кемітпе қызуың мен шарпуыңды.

Қайда да қабырғасы қайыспайтын,

Қоса бер хас өнерге нар туынды!

 

Бір кейіпің – жүзін ашқан гүл сыңайы,

Үр кейіпің – сырын шашқан жыр шырайы.

Қалды ізің өлең-өнер өлкесінде,

Ер қазақ, текті Тұран Тұрсынайы!!!

 

 Шымкент. Халықтар Достығы үйі.

 20.10.2005жыл                       

 Қабылбек Төретайұлы, «Құрмет орденінің иегері.

 

 

 

 

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ