Рухани жаңғыру 0 пікір 0 лайк

Дәстүрді дінге қарсы қою кімге қажет?

Ақпан 13 / 2018

 

Өмірзақ Ақжігіт, «Оңтүстік Қазақстан»

Міне, елдің әңгімесіне айналып жатқан шешім осындай. Қайталап айтайық, бұл сөздің бір де біреуі"Жаназа және жерлеу рәсімдері" атты кітапта жоқ. Бәрі де жергілікті имамдардың шығарып жүргені. Дәл соған ұқсас бастаманы былтыр Маңғыстаудағы Шетпе ауылының ақсақалдары да көтерген болатын. Енді осы 8 шешімнің ішінде көңілге қонатыны бар ма, болса қайсысы, соған тоқталайық.

1. Қонақасы немесе қаралы үй 3 күнге дейін қазан көтермесін деген талап қисынсыз. Себебі, кәзір қазақ ағайын-туғанымен бірге көшіп жүрген бұрынғы заман емес. Қалада тіпті орыс-орманның ортасында тұрып жатқандар көп. Жүз жерден көрші, мың жерден сыйлы болғаныңмен олар сенің қонақтарыңа арнап қазан көтере қоймайды. Сонда мәйіт қашан шығарылғанша жиылған жұртты аш қоясыз ба? Олардың жазығы не? Ендеше, құлаққа кірмейтін сөзді айтқанша мәйіт бір күн, екі күн қондырылса да, тамағыңды есік алдында, немесе көпқабатты үй болса (тіпті, көршің рұқсат етсе де) аулада пісіре бер..

Осы жерде бірден кәзір ең көп дау тудырып жүрген, мәйітті адам қайтыс болған соң қанша уақыттан кейін шығарған жөн деген мәселенің бетін аша кетейік. Дінде «қайтыс бола салып жерле, жарты күннен асырма, түнетпе, түнетсең діннен шығасың» деген үзілді-кесілді талап бар ма? Жоқ! «Жерге тапсыруға асық» деген тілек қана бар. Ендеше, кешіріп қойыңыз, қазақтың ұлттық салт-дәстүрін сақтаңыз! Дін – біреу, ұлт – көп. Әрқайсысының өз ерекшелігі бар. Алла-Тағала солай етіп жаратқан. Қазақтың кемі бір түн түнетіні ұнамай ма, өкпеңізді Аллаға айтыңыз... Ал, бұл салт, біріншіден, ата-ана, әйелі, бала-шағасы түс көргендей болып қалмасын, қоштасып, бойын  суытсын деген ойдан туған. Мысалы, жақында іссапарда инфаркттен қайтыс болған жолдасын таңертең Алматыдан алып келіп, түсте жерлегенде төбесінен жай түскендей болған бір жеңгеміз жасы жетпіске келгенде психологиялық депрессияға ұшырай жаздап, зорға түзелді...

Екіншіден, марқұмның ұлы немесе ұлдан туған немересі болса (қыздан туғандар - жиендер) қазақ оның жерлеуге жетуін бір күн, екі күн күтеді. (Өз басымыздан өткен). Неге? Қазақ салтында ұл бала қолына ұстаған орамалға бейіт басындағы әр адам бір уыс топырақ салады. Топырақ толған орамалды марқұмның басына жастық етіп қояды. «Ұл – ұрпақ, қыз – өріс» деген дана қазақ бұндай жағдайда «ол өлген жоқ, орнында ошағын өшірмейтін ұрпағы қалды» деп есептеген. Бұл – тірінің өліге көрсетер соңғы құрметі. Ол құрметтен айыруға қандай хақымыз бар? Қайда асығамыз?

 Үшіншіден, қазақ бұрыннан бір құдасы Арқада, бір құдасы Алатауда, үшіншісі Атырау, төртіншісі Алтайда тұратын халық. Олардың да келуге жарайтыны жерлеуге қатысуды мақсат тұтып шығады. Мәйітті бұзбай сақтау бұл заманда ешқандай қиындық туғызбайды. Төртіншіден, қысы қатты Арқа мен Алтайда жарты жыл бойы қалыңдығы жарты метр, кейде бір метр тоң жатады, қабырды сіз кемі бір күн қазасыз. Жердің табиғатын қалай еспке алмаймыз?

   2.Жаназада қаралы митинг кез келген пенденің маңдайына бұйыра бермейтін бақыт. Оған тарылмай-ақ қойсақ та болады. Тек жиын басшысы күннің қақаған суығы ия қайнаған ыстығына қарай «бауырлар, бұл шешендік салыстырар жер емес, мына аяғынан тіке тұрған халықты аяңыздар» (аямайтын шешендерге тап болған жағдайлар да бар...) деп алдын-ала ескерткені, регламент ұстағаны абзал.

3.Жыртыс бұрыннан жас өлікке емес, тек қана өскен-өнген, 70-80-ге келіп, немере-шөбере сүйіп, асарын асап, жасарын жасаған адам қайтса, «сондай мәртебеге сіз де жетіңіз» деген тілекпен тәбәрік ретінде беріледі.

Осы тұрғыдан келгенде бұрын қазақтың ең үлкен тойы сүндеттеу де, үйлену де емес, жасы келген, жапырағы жайылған, тамыры тереңге таралған адамның жылдық асы болғаны бекер еместігін ойлауымыз керек. Мұнда өте үлкен философиялық ой жатыр.

4.Бұл талаппен келісуге болады. Әсіресе, тор деген асыра сілтеу. Дегенмен, қаралы жиынға, той емес қой, жұрт бәсеке жасап жатқан жоқ. 90-ға, 100-ге келген атасына жағдайы жақсы ұрпағын дастарханы үшін кінәлаған қаншалықты орынды?

5.Ең қисынға келмейтін талап – осы. Қаладағы қуықтай бөлмелерге сыймай жатқанның несі жақсы? Ешкім ақшасы тасығаннан кафе жалдамайды, өзін сыйлап, марқұмды құрметтеп алыстан-жақыннан жиылған жұрттың да сәл жағдайы болсын дейді. «Үйіне барсын» дегенше оны мешітте өткізуді ұйымдастырып, бір жүйеге келтірген әлдеқайда дұрыс болмақ. Сонда қаралы үйге жақын маңайдағы мешітке бару ешқандай қиынға соқпайды.

6.Жас өліктің дастарханынан онсыз да ешкім үйіне ешнәрсе әкетпейді. Үй иелері оған қарамай «барған соң құран оқып жеңіздер» деп пакет таратуды тоқтатса, бұл да өз-өзінен бірте-бірте реттеледі.

7-8. Жаназадан соңғы тамақта, жетісінде топырағы әлі кеппеген адам жайлы ешкім сөйлеп жатқан жоқ. Ал, қырқы мен жылдық асында жиылған жұрттың еркіне қалдырған жөн болатын шығар. Сөз сөйлеуді ұйымдастырудың орнына тәлімді, тәрбиелі уағыз айту тиісті дәрежеде қолға алынса, әне, сол сауапты іс болар еді.

Жалпы, «малымды алсаң ал, пейілімді алма» деген қазақтың дастарханына көп қадала берген жөн бе? Ысырап болмасын дейміз, дұрыс-ақ. Дегенмен, піскен ас желінбей малға салынса, ысырап деген сол. Олай болып жатқан жоқ қой?  Осы тұрғыдан келгенде бұндай жиын, негізінен той-томалақ өтетін тойханалар қалған тамақты өз қызметкерлеріне де бөліп  бермейді екен, балалар үйіне де апармайды екен, қоқысқа тастайды екен деген сөз жиі естіліп жүр. Нағыз ысырапшылдық, міне, осы! Олар есік алдына мұздатқышқа артылған тамақты толтырып салып қойса, керек адам алар еді деген ұсыныс та айтылып жүр. Бірақ, тойхана алдында тұрған мұздатқыштар көрінбейді...

Қазақ «бір өліде, бір тіріде», «торқалы тойда, топырақты өлімде» деген дана халық. Осы екі жиында кеудесінде жаны бар ағайын-туыс, құда-жекжат, дос-жаранның басы бір қосылатын болуы тиіс. Басы қосылу – бірлікке ұмтылу деген сөз. Сондықтан қаралы жиын да, онда атқарылар діни рәсімдер мен ұлттық дәстүр-ғұрып та, бәрі-бәрі қазақтың басын қосуға, біріктіруге, ынтымаққа қызмет етіп келген. Алда да слдай бол бермек. Олар сонысымен де құнды! Хақиқи дініміздің мыңжылдықтар сөресінен сұрыпталып жеткен асыл салт-дәстүрімізді шетке шығару бұрын болған емес. Ендеше, «өнбейтін дауды өспейтін бала қуадының» керін келтірмейік, оның орнына бәріміз бірігіп қазақтың басын қоспайтын, арасын ашатын діни ағымдарға жол бермеуге тырысайық!

 

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ