Аспан асты, жер үсті 0 пікір 0 лайк

Ринат -- «Үздік жас сәулетші»

Ақпан 13 / 2018

Шымкент қаласының тұрғыны Ринат Рахмеев сәулет өнеріне бала күнінен қызыққан. Мектеп қабырғасында жүргенде жазғы демалыста құрылысшы болып жұмыс істеп, бұл саланың қыр-сырымен таныса бастағанын айтады. Оның болашақта өзін осы саланың маманы ретінде көруге ынтықтырған арманы да сол кезде туса керек.

 

Білім ұясын тәмамдағаннан кейін М. Әуезов атындағы ОҚМУ-ға «Мұнай және газды қайта өндеу» мамандығына оқуға түскенімен, кейіннен өз қалауы бойынша архитектор мамандығын меңгереді. Ол үнемі «Қандай ғимараттар сызбасын сыза аламын? Қайтсек әлемнің ірі қалаларымен иық теңестіре аламыз?» деген ой жетегінде жүреді. Оның алғашқы жобасы бүгінде ел игілігінде. Кейіпкеріміз оны университетте оқып жүргенінде жасаған екен.

-- «САНИ» ЖШС-де бас сәулетшінің көмекші болып жұмыс істегенімде, Тәуке хан мен Д. Қонаев даңғылдарының қиысында орналасқан «Мега орталықтың» жобасын жасауға өз үлесімді қосқанмын, -- дейді.

Ринат мұнымен қатар «Сити Инжиниринг», «КАЗНИИХИМПРОЕКТ», «Рекон-Проект», «Архитектура Дизайн-Ш» ЖШС-де де қызмет атқарып, шаһардағы көз тартар бірнеше ғимараттың сызбасын сызған болатын.

Тынымсыз еңбек етуге дағдыланған кейіпкеріміз өткен жылдың қорытындысы бойынша «Жылдың үздік жас сәулетшісі» аталымына ие болып, облыс әкімі Жансейіт Түймебаевтың қолынан арнайы марапат алды. Жас сәулетші жігіт сұлу қаламыздың ажарын одан әрі аша түсетін өзге де нысандардың жобасын жасауды алдына мақсат еткен. Биыл мектепті тәмамдап қай саланы таңдарын білмей жүрген бітірушілерге сәулетші мамандығына келуге кеңес береді. Өйткені, бұл елімізде енді ғана дамып, қарқын ала бастаған сала. Сондықтан, оның өркендей түсуіне бірге атсалуға шақырады.

Дилара БИМЕНОВА

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ