Аспан асты, жер үсті 0 пікір 0 лайк

Енді бәрі артта қалды

Ақпан 13 / 2018

Осылай деуге болады. Мектепті айтпағанда, балабақшаға кезекке тұрып, жолдама алу дегеніңіз, айқай-шу, талас-тартыс емес пе еді? Халық тиісті мекеменің алдына таң атпай барып ішке кіру үшін кезекке жазылатын. Кейде ол кезекте жаға жыртысуға дейін баратын жағдайлар болатын. Енді бұлай әуре-сарсаңға түсудің қажеті жоқ, мұның бәрі артта қалды...

Биыл балаңыз мектепке бара ма? Олай болса, оның құжаттарын өзіңіз қалаған мектепке үйде отырып-ақ тапсыра аласыз.

 

 

Былтыр Шымкентте осындай жүйе бойынша 21 945 бала 1 сыныптың табалдырығын аттады. Ал, 23 395 бүлдіршін балабақшаға жолдама алды. Керек десеңіз, енді «екі қолға бір күрек» іздеп мекемелердің есігін қағудың да қажеті жоқ. Ол үшін www.thunter.shymkent.gov.kz сайтына кіріп, өз өтінішіңіз бен түйіндемеңізді сонда қалдыруыңызға болады. Бүгінге дейін қалада 501 мұғалім электронды түрде жұмысқа қабылданып отыр.

Облыстық білім басқармасының басшысы Исатай Сағындықов «Цифрландыру жүйесі – балаларды мектепке орналастыруда ашықтықты, айқындықты қамтамасыз етеді» дейді. Сонымен қатар, ол бала санының кейбір мектептерде тым көп, ал ендібірінде аз болуына да жол бермейтінін айтады. Қазіргі таңда қалада 40 мектеп электронды түрде басқару жүйесіне енгізілген. Тексеру жұмыстарының нәтижесі көрсеткендей, бұл білім ұяларында оқушылардың сабақтан себепсіз қалу деңгейі алдыңғы жылдармен салыстырғанда 75 пайызға төмендеп, оқу үлгерімі 12 пайызға жоғарылаған.

 

Жалпы оқушыларды электронды тіркеу жүйесі негізінен жемқорлық әрекеттердің алдын алуға бағытталған жұмыстардың бірі болып табылады. Сондықтан, сала мамандары балабақшаға жолдама аларда, қызметке тұрарда, балаларды бір мектептен екіншісіне ауыстырарда пара талап ету секілді әрекеттерге байланысты түсетін арыз-шағымдардың азайғанын айтады. Демек, бұдан жаңа жобаның оң нәтиже беріп жатқанын аңғаруға болады.

Дилара БИМЕНОВА

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ