Экономика 0 пікір 1048 лайк

БОРАЛДАЙҒА СОҚПАЙ КЕТПЕҢІЗ...

Ақпан 13 / 2018

Қаланың бірсыдырғы тіршілігінен шаршағанда бір сәт табиғат аясында сейіл құру өте пайдалы. Тарихи орын, қасиетті тау,  емдік бұлақ көзі және үңгір, оазисті табиғат, қым-қуыт өркениеттен жырақта болу – туризмді дамытуға негіз болатын алғышарттар. Тұмса табиғаты мен сырлы тарихы ішкі және сыртқы туристердің назарын аударатын орындардың бірі – Бәйдібек ауданындағы Боралдай шатқалы.

Бұл шатқал «Сырдария-Түркістан» мемлекеттік өңірлік табиғи паркінің «Боралдай» филиалына жатады. Облыс орталығы Шымкент қаласынан 70 шақырым жерде орналасқан. Мұнда Үлкен Тұра жартасының тамаша көріністерін, Боралдай өзенінің аңғарын, Теректі әулие бұлағын, сан алуан өсімдіктер мен жануарларды тамашалауға мүмкіндік бар.

Боралдайға жылдың қай мезгілінде келсеңіз де көз тартар көрініске тап боласыз. Шатқалдағы әр шоқының аты, өзіне тән тарихы бар. Мәселен, бұрын Пакиза есімді құсбегі бір шоқының басында отырып, құс ұшырған. Сол құсбегінің құрметіне ол шоқыны Пакиза шоқысы деп атайды.

                                                    (Ара шоқысы)

Ал, көрер көзге тұрмыстық құралдардың бірі араны елестетін шоқыны жұрт Ара шоқысы деп атайды. Бір қызығы, ол шоқыда күн батар тұста қыз баланың бейнесі көрінеді екен. Қызарып батқан күн шоқыға шағылысып, шоқыда жерде жатқан қыз пайда болады.

Жергілікті халық шоқыларды сыртқы көрінісіне қарап атау қойған. Бұл жерден Кереге тас, Емшектас, Шаншар секілді шоқы атауларын кездестіруе болады.

Өңіріміздегі ең үлкен үңгірлердің бірі де осы аймақтан табылған. Халық ауызында жүрген аңызға сенсек, Ырысымбет деген шопан бір атар қойын сол үңгірге қамап, баққан екен. Үңгірдің үлкендігі соншалық оған бір мезетте 800-1000 қой сыйып кеткен. Жұрт бұл үңгірді Ырысымбет үңгірі деп атайды. Үңгірді көруге алыс-жақын шетелден туристер келеді.

Туристердің назарын аударатын тағы бір нәрсе – Теректі әулие бұлағы. Қазақ халқы бұлақты тазалық пен нәр көзі ретінде бағалаған. Теректі әулие бұлағының да тазалығы туристердің таңданысын тудырған. Тіпті, сонау Германия жерінен бұлақты көру үшін туристер келген көрінеді. Сонда неміс-туристер бұлақтың мөлдірлігіне тәнті болып, басын шайқаған.

                                                      (Теректі әулие бұлағы)

Мемлекеттік өңірлік табиғи парктің филиалы орналасқан жерде туристерге арнап кішігірім демалыс орны жасақталған. Бұлақтың жағасында демалыс үйі мен экологиялық монша тұрғызылған. Бұл жерден табиғаттың көрінісі де ерекше көз тартады. Демалыс үйінде жатар орын, жуынатын жер заманауи үлгіде жасақталып, теледидар қойылған.

Алайда, шатқалға жету жолдарында қиындықтар бар. Жол талғамайтын көлік болмаса қарапайым темір тұлпарыңыз «зорығып» қалады. «Сырдария-Түркістан» МӨТП-нің мамандары да осы мәселеге алаң білдіріп отыр. Көктем мезгілінде шатқалға жету қиынның қиыны. Лай-батпақтан көлік жүре алмай, жолда қалады. Табиғи парктің мамандары мұнда асфальт төсеп береді деген үміттерін әлдеқашан үзгендерін айтады. Тек екі өзен арнасына көпір істеп берсе екен деген тілектері бар. Көктемде су тасыса арғы бетке өту мүмкін болмай қалады.

Аңдасақ, халықаралық экономикалық тұрақсыздық, қаржылық дағдарыс болып жатқан уақытта туризмін дамытқан елдердің мұртын балта да шаппайды екен. Туризмді дамытамыз десек оның тетіктері өте көп. Ең бастысы – инфрақұрылым. Өзге мәселелерді «жолай» шешіп кетуге болады. Қолда бар нәрсені бағалап, қадіріне жете алсақ біздің өңірдің туристік әлеуеті өте жоғары.

 

Ерболат АЙНАБЕКОВ

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ