Байзақова синдромы немесе бүкiл қоғамға ортақ рухани тұғыр неге жоқ?

Ақпан 13 / 2018

 

Айдар ҚҰЛЖАНОВ, «Оңтүстік Қазақстан».

Әлеуметтік желінің дәурені жүріп тұрған осы күндері біз біртіндеп хайптармен (ақпараттық дүрбелең, көбіне негізсіз болып келетін айқай-шу) өмір сүретін қоғамға айналып бара жатырмыз. Кеше бір дөкейдің ұлына халықаралық іздеу жарияланды. Сайттар мен газеттер оны жарыса жазды, желі қолданушылары сол тақырыпты жапатармағай талқылады. Одан біраз бұрын концертке келген көрерменге дөрекілік көрсеткен әншіні жерден алып, жерге салдық. Бүгін ол хайп та ғайып болды... Өстіп ақпараттар тасқынының ағынымен жөңкіліп бара жатырмыз. Кешегі «күйіп» тұрған проблемалар арада апта өтпей ұмытылып қала береді.

 

Отандық ақпараттық кеңістікте хайптардың көп болуының екі түрлі себебі мен салдары бар. Біріншіден, біздегі БАҚ-тар қоғамдағы шын мәніндегі өзекті проблемаларды көтеріп, оны билік пен бұқараның талқысына ұсынғаннан гөрі, ақпараттық ілік пен рейтингтің соңына түскенді жақсы көреді. Мұның салдары – жүйелі, тұрақты түрде қозғалып отыруы тиіс ауқымды проблемалар (қоғамдағы моральдық ахуал, отандық ғылымның дамуы, экология және тағы басқа) хайптардың тасасында қалып, қоғамның да, биліктің де назарына ілікпейді. Осыдан кейін барып айтылмаған, талқыланбаған, шешу жолдары қарастырылмаған проблемалар қордалана береді. Екіншіден, сол жағымсыз хайптардың өзі де бір күнде, аяқ астынан, кездейсоқ пайда болған жайттар емес. Олардың көпшілігінің артында үлкен-үлкен қоғамдық проблемалар жатыр. Біз оны бір-екі күн шулап талқылаймыз, онда да жеке пікірімізді білдірумен, мәселенің бетін ғана қалқып өтумен шектелеміз. Оның түпкі себебіне үңілуге көпшіліктің зауқы соқпайды.

Сондай хайптардың бірі өткен жылдың соңында әлеуметтік желінің жұлдызы әрі спортшы Айжан Байзақованың төңірегінде болғаны мәлім. Біздің қоғам сол тұста тағы да бірнеше топқа бөлінді. Бір жағы «ұятсыз, арсыз неме» деп аямай сынап жатса, екіншілер оны үш тәулікке абақтыға жапқан құқық қорғау органдары мен ел билігін «демократиялық қағидаларды аяққа таптады, адам құқығын шектеді» деп шуласты. Бірақ, негізгі сұрақтар тағы да жауапсыз қалды.

Біздіңше, ол сұрақтар мынадай: Осындай әрекетке барған немесе баруға іштей әзір жүрген Қазақстандағы жалғыз бойжеткен Байзақова ғана ма, әлде көпшіліктің назарына әзірге ілікпеген «Байзақовалар» ішімізде өріп жүр ме? Көп болса қанша? Мың, 10 мың, 100 мың... Осы сауалға нақты жауап беретін әлеуметтік зерттеу жүргізілсе, оның қорытындысы біздің қоғамдағы моральдық ахуалды мейлінше дәл бейнелеп берер еді. Екіншіден, Байзақова деген жалпы кім өзі? Бұл сұраққа да әркім әртүрлі жауап қатпақ. Діни фанаттар оны «жын иектеген азғын, тас боранға алу керек» десе, дәстүршілдер «ұлтымыздың атына кір келтірген шіріген жұмыртқа» деуі мүмкін. Өздерін жаңашыл санайтын либералист-демократтар «ол қазақтың батыл әрі талғамы тым ерекше қызы, оның үстіне әркім өз өмірінің қожайыны» деп жатыр. Осы көзқарастардың өзі біздің қоғамның моральдық деградацияға ұшырағанын, бүкіл қоғамды біріктіретін рухани платформаның жоқ екенін байқатады.

Күлекбаев, Баяндарова, Байзақова, «91» тобы мен жаңа туған нәрестесін қоқыста қалдырып кетіп жүрген көкек аналар... Мүмкін мұның бәрін «бір тарақпен тарауға» болмайтын шығар. Бірақ, олардың әрқайсысының әрекеттері өздерінің ішкі жан дүниесінің ғана көріністері емес, бұлардың бәрі – еліміз нарықтық қатынастарға көшкелі бері үздіксіз жүріп жатқан құндылықтар эволюциясының «жемістері». Дұрысырағы, бұлар рухани болмысымызға қатысты мәселелерді ширек ғасыр бойына екінші планға ысырып қоюдың салдарынан пайда болған індеттің кесірінен теріні жарып шыққан жаралар. Ал, «50 мың теңгеге қыздарды шешіндіру» байқауы – сол жараның аузы жарылып аққан іріңі мен сары суы. «Батпандап кірген ауру, мысқалдап шығатыны» ақиқат. Демек, қазақ социумын «Байзақова синдромы» әлі талай жыл меңдейтіні аян. Өкінішке қарай, бұл індеттің әзірге біздің қоғамның көзі көріп, құлағы естімеген бұдан да күрделі, бұдан да сорақы асқынулары болуы да ғажап емес.

Тәуелсіздік кезеңінің ұрпақтары деп тоқсаныншы жылдардан емес, сексенінші жылдардан бері қарай туғандарды атаған дұрыс шығар. Солай десек, тәуелсіздіктің ұрпақтары бүгінгі қоғамның негізгі бөлігін құрап отыр. Осы бір тұтас ұрпақ өсіп-жетілген тұста қазақ ортасында руханият саласында екі-ақ проблема бардай көрінді. Біріншісі – қазақ тілінің жағдайы, екіншісі – экстремистік ағымдар. Көпшілік қандастарымыз «балаларымыз қазақша сөйлесе, уахапшылардан аулақ жүрсе болды» деп ойлаған сыңайлы. Бірақ, көріп отырғанымыздай, назардан тыс қалған қаншама өзекті проблемалар бар екен. Әйтпесе, жоғарыда аталғандардың ішінде Күлекбаевтан басқасының экстремистік ағымдар мен секталарға қатысы жоқ, көпшілігі қазақша сөйлей алады. Тәуелсіздік кезеңнің ұрпақтары есейді дедік. Есейген қоғамды құндақтап, бесікке бөлеп, қайта тәрбиелеймін деген бос әурешілік. Демек, қазақ енді рухани тұрғыдан қанша оңалғанымен, қайтадан бұрынғы қалпына келмейді. 

Бұдан шығатын қорытынды біреу, ол – біздің қоғамға халықты тұтастай қамтитын рухани тұғыр қажет. Ол белгілі бір топтың көзқарастарына негізделмей, қоғамның кез келген мүшесі шын ниетпен қабылдай алатындай болуы керек. Әрі қарапайым этика нормаларын, ұяттың баршаға ортақ шекараларын белгілеп беруі тиіс. Осы жерде болашақта біздің қоғамның рухани-моральдық бет-бейнесі қандай парадигмаларға негізделуі тиіс деген сауал туындайды. Жауаптың бірнеше нұсқасы бар. Біріншісі – дәстүрлі қазақ қоғамындағы салт-дәстүр мен әдет-ғұрыптарға негізделген мәдени-әлеуметтік қалыптар. Екіншісі – Ислам шариғатының құқықтық-әлеуметтік нормаларына негізделген концепция. Үшіншісі – либерал-демократиялық философияға негізделген қағидалар, көзқарастар мен ұстанымдардың жиынтығы. Қазір қоғамда бұл үшеуіне де жүгінетін айтарлықтай салмақты топтар бар. Олардың әрқайсысы басқа топтардың қоғамда толық үстемдік етуін қабылдамайды. Сол себепті бізге үшеуінің синтезінен туындаған бір ғана тұғырнама қажет.

Мысалы, дәстүршілдер мойындағысы келмегенімен либералистік көзқарастар өмірдің барлық салаларына дендеп еніп бара жатыр. Бұл – жаһандану үдерісінің нәтижесі. Бірақ, солай екен деп осы топтың көзқарастарының толық үстемдік құруына жол бере алмаймыз. Өйткені, олар дін ұстануды қараңғылық, дәстүрлерді архаикалық түсініктер деп дес бермейді. Ал, дін мен дәстүрден бас тарту деген ұлт ретінде жойылуымызды, тиісінше мемлекеттілігімізден де айырылып қалуымызды білдіреді.

Екінші жағынан біз қанша қалағанымызбен дін мен дәстүрдің ХХІ ғасыр жағдайында қоғамда толық үстемдік етуі де екіталай. Бұл сөзімізді растау үшін мынадай бір парадоксқа назар аударғымыз келеді. Қазір бір ғана Оңтүстік Қазақстан облысында мыңға тарта мешіт бар. Дін мәселелерімен айналысатын министрліктің өткен жылғы мәліметі бойынша, өзін мұсылман санайтындардың 18 пайызы мешіттерге тұрақты түрде барып, құлшылық жасайды екен. Бұл өте жақсы көрсеткіш. Бірақ, парадокс деп отырғанымыз сол, біздің қоғамда діндарлық артқанымен ізгілік пен руханилық кеміп кеткен. Біз мұны тек имамдардың біліксіздігі мен білімсіздігінен, мешіттегі жамағаттың тақуалығының кемдігінен көретіндермен келіспейміз. Иә, ондай фактілер де бар. Дегенмен, Құранда пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаға оның өзіне сенетіндерді ғана тура жолға сала алатыны, сенбейтіндердің жүрегіне Құдайдың қара құлып салып қойғаны жөнінде ескертілген. Түзелуге деген ішкі ниеті жоқ қоғамға ешқандай имам да, әулие де көмектесе алмайды. Мейлі, айтайын дегеніміз ол емес, айтайын дегеніміз, ХХІ ғасырдағы шеттен келіп жатқан мәдени-рухани экспансияға дініміз бен дәстүрімізді қарсы қоя алмай отырғанымыз факт. 

Олай болса, біз ұлттық дәстүріміздегі «үлкенді сыйлау», «қонақжайлық», «ағайын-туысқа қамқорлық», Ислам шариғатындағы «отбасын бірінші орынға қою», «ішімдік пен зинадан тыйылу» секілді ең қажетті нормаларды алып, оны либералистік дүниетанымның «әркімнің таңдауы мен көзқарасына құрмет көрсету», «ер мен әйел теңдігі», «білімді бәрінен жоғары қою» дегендей байламдармен байытуға тиіс шығармыз. Соңғы жылдары біздің қоғамда жиі айтыла бастаған «ашықтық пен жариялылық» та сол либералистерден үйренетін тұстарымыздың қатарында.

Иә, бұл бір мақаланың ауқымына сыятын тақырып емес. Кең ауқымды қоғамдық талқылауды қажет ететін мәселе. Бірақ, әзірге бұл проблемаларды күн тәртібіне ұсынып жатқан БАҚ-тар да, оны талқылап жатқан аудитория да, осы бағытта салиқалы пікірталастар өткізіп жүрген сарапшылар да байқалмайды. Ал, осындай бүкіл қоғам бірауыздан қабылдайтын, бәрі ымыраға келетін рухани тұғырнама жасамай, рухани жаңғыру, ұлттық модернизация қалай жүзеге аспақ, оны тағы білмейміз...

P.S. Біз осы мақаланы әзірлеп жатқанда қазақ қоғамы тағы да талай хайптың басын қайырып үлгерді. Ауқымды, шын мәнінде өзекті мәселелерді талқылауға құлқымыз болмай, ақпараттар тасқынының толқынында жөңкіліп кетіп бара жатырмыз... 

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ