Департаментте жаңа басшы

Ақпан 13 / 2018

 

ҚР Ұлттық экономика министрінің бұйрығымен және Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің  келі­сі­мі­мен Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестiкті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментінің басшысы болып Мұратбек Есенбекұлы Әмірбеков тағайындалды.

 

Облыс әкімі Жансейіт Түймебаев жаңа басшыны арнайы қабылдап,  жұмысына сәттілік тіледі.  Кездесу барысында тарифтік саясатты жетілдірудің негізгі амалдары, бағаларды белгілеудің ашықтығын қамтамасыз ету мәселелері сөз болды. Сондай-ақ, әкім жаңа басшыны газ, су, электр жарығы, жылу тарифтерін тұрақтандыруға атсалысуға шақырды. 

«Күні кеше ғана Елбасымыз еліміздегі коммуналдық тарифтердің жөн-жосықсыз көтерілуіне жол бермеу туралы тапсырма берді. Енді сіз өңірдегі табиғи монополияларды реттеу бағытында аянбай еңбек етіп, нәтижелі жұмыс атқаруыңыз керек. Коммуналдық қызмет түрлерінің тарифін қадағалауда қырағылық танытып, тұтынушылардың құқықтарын сақтау бойынша белсенді болады деп сенемін!» деді Жансейіт Түймебаев.

Мұратбек Есенбекұлы 1981 жылы Оңтүстік Қазақстан облысында дүниеге келген. Білімі  жоғары. 2002 жылы «Тұран Астана» Қазақ гуманитарлы-құқықтық университетін бітірген. Мамандығы – заңгер. 

Еңбек жолын 2003 жылы Алматы облысы Қапшағай қаласы прокурорының көмекшісі болып бастаған. ҚР Әділет министрлігі  халықаралық міндеттемелерді орындау және сараптама бөлімінің жетекші маманы, 2007 жылы ҚР Президенті Әкімшілігінің құқық қорғау және сот жүйесі мәселелері бөлімінің бас сарапшысы, 2008 жылы ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінде басқарма басшысы, 2009 жылдан 2018 жылға дейін ҚР Парламенті Мәжілісінің аппаратының бірқатар бөлімдерінде басшылық қызмет атқарған.

Ол сондай-ақ «Ерен еңбегі үшін»  медалімен, «Қазақстан Конституциясына – 20 жыл», «Қазақстан Республикасының прокуратурасына – 25 жыл» мерекелік медальдарымен марапатталған.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ