Аспан асты, жер үсті 0 пікір 0 лайк

Шымкентте оқушылар латынша жаза бастады

Ақпан 13 / 2018

 

Шымкент қаласындағы №80 лицей мектебінің оқушылары қосымша сабақтарда латын әліпбиін үйренуде.

 

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында 2025 жылға дейін латын әліпбиіне көшуіміз керек екені көрсетілген болатын. Бүгінгі заман талабына сай қолға алынып отырған жаңа бастамаға көшу жұмыстарына біздің мектеп те өз үлесін қосуда. 135 сыныпта білім алатын 3784 оқушы отандық ғалымдар ұсынған жобалармен танысып шықты.

Жалпы айтқанда, көпшілігіміз мектеп қабырғасында жүргенде-ақ шет тілдерінің графикасын (ағылшын, неміс, француз) жаттап, оқығанбыз. Сондықтан, бізге жаңа әліпбиді меңгеру аса қиын емес деп ойлаймын. Білім ұясында жүргізілген тәжірибеге сүйене отырып, бұл жобаның ешқандай кедергісіз қолданысқа еніп кететініне сенімім мол екенін де жеткізгім келеді.

Бағдарламалық мақалаға көрсетілген өзге де талаптарды жүзеге асыру мақсатында мектепте бұдан басқа да жұмыстар атқарылуда. Сонымен қатар, оқушылар облыстық "Отырар" кітапханасында ұйымдастырылатын шараларға да белсенді түрде қатысып келеді. Мәселен, жазушы Ғабиден Мұстафинге арналған "Ұлы Ғабиденнің мұралары өлмейді" атты әдеби кеште 6 сыныбының оқушылары өз өнерлерін ортаға салып, көрермендердің қошеметіне бөленді. Бегәлі Әбдуәліұлының "Сырымды саған айтам, Қожа!" кітабының тұсаукесерінде 10-сынып оқушылары Мағжан Біржанов, Еркежан Әшір және Балнұр Еркінова жазушының шығармаларынан үзінді оқып, "Ұстазсыз өткен жиын" атты тақырыпта көрініс қойды.

 

Үйде оқытылатын балаларға арнап «Жүректен-жүрекке» қайырымдылық акциясын өткізіп, мүмкіндігі шектеулі оқушыларды қаланың көрікті жерлеріне апарып қыдыртып, сый-сияпат жасадық.

Б. ӘБДІШҮКІРОВА,

№80 лицей мектебі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары.

Шымкент қаласы.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ