Экономика 0 пікір 0 лайк

Жаңа форматтағы қоғамдық қабылдау

Ақпан 13 / 2018

 

Облыс әкімінің тапсырмасымен барлық  облыстық басқармалар 2018 жылдың 12 қаңтары мен 8 ақпан аралығында «Нұр Отан» партиясының ОҚО  филиалында жаңаша форматта қоғамдық қабылдау   өткізді.   Апта   сайын   ұйымдастырылған шараға жалпы 270 тұрғын арыз айтып келген. Ондағы 118 мәселе дер кезінде оңтайлы шешілсе, 152 шағым жазбаша түрде қабылданып, жауабы алдағы уақытта берілетіндігі түсіндірілді.

 

Ендігі жерде тұрақты түрде өтетін шараның алғашқы кезеңін өткен аптада экономика және бюджеттік жоспарлау, қаржы, мемлекеттік сатып алу, мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармаларының басшылары қорытындылады.

Бұл жолғы қабылдауға 37 азамат келіп, түрлі мәселелерін айтты. Мамандарға шағым айтып келген азаматтардың көпшілігі тұрғын үй-коммуналдық саласына қатысты мәселе көтерді.

«Жиын барысында энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасына қатысты мәселелермен  17 азамат шағымданды. Қабылдауға қатысқан өзге мекемелердің басшылары орташа есеппен 5 адамның мәселесін тіркеуге алып, алдағы уақытта оң шешілуіне ықпал ететін болады» дейді «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесінің меңгерушісі Берік Құлжанов.

Басқарма басшыларына арыз-шағымдарын тікелей бетпе-бет айтуға мүмкіндік алған азаматтар өздерін толғандырған мәселелерді жеткізді. Соның бірі – шымкенттік Д.Дутбаев электронды аукцион арқылы автокөліктер мен ғимараттарды сатып алу процесін білгісі келеді. Ал, Б.Сейдахметов мемлекеттік мүлікті сатуға қойған кезде қалай бағаланатыны туралы сауал жолдады. Б.Дунаев болса, Қошқарата өзенінің бойын абаттандыру мәселесін көтерді. Басқарма басшылары тұрғындарды тыңдай келе, олардың толғандырған сұрақтарына қанағаттанарлықтай жауап беріп, зерделеуді қажет ететін мәселелерді заң аясында қарап, оңтайлы шешуге ықпал ететіндіктерін мәлімдеді.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ