Аспан асты, жер үсті 0 пікір 0 лайк

Серпiлiс те, iлгерiлеу де бар

Ақпан 13 / 2018

 

Мақтаарал ауданының әкімі Ғ.Исмаилов аудан жұртшылығы алдында 2017 жылы атқарылған жұмыстар бойынша қорытынды есебін берді. Жиынға ОҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Н.Байғұт қатысты.

 

Аудан басшысы кездесу барысында нақты деректер мен дәйектерге жүгіне отырып, әлеуметтік-экономикалық салада қол жеткен жетістіктерді баяндап, келер күннің еншісіндегі шаруаларға да тоқталды. «Ақ алтынды» аймақтың дамуында ауыл шаруашылығы саласының маңызы зор. Өткен жылы аудан диқандары суармалы жер мен ағын суды тиімді пайдаланып, агротехникалық шараларды уақтылы және сапалы атқара отырып, 631,4 мың тонна бақша, 86,6 мың тонна көкөніс, 25,3 мың тонна жүгері, 7401 тонна күріш, 365 тонна күнбағыс, 6,9 мың тонна жеміс-жидек, жүзім және тағы басқа дақылдар өндірді.

Құрылыс саласында да ілгерілеушілік бар. Былтыр 12 мектептің құрылысы басталып, 3-еуі іске қосылды. Өткен жылы 29 елді мекенде ауызсу жүйесі ағымдағы жөндеуден өтсе, 2224 отбасы табиғи газға қол жеткізді. 12 көпқабатты тұрғын үйге жөндеу жүргізілді. 71,76 шақырымды құрайтын 73 ішкі көше орта, 25 шақырымды құрайтын 53 топырақты көше ағымдағы жөндеуден өтті. Шардара–Мақтаарал аудандары арасында 38,2 шақырымдық жаңа жол салынды. «Нұрлы Жол» мемлекеттік бағдарламасының үшінші бағытын жүзеге асыру мақсатында ауданда 9 гектар жерде көліктік-логистикалық аймақ құрылған. Индустрияландыру картасы аясында ауданда жалпы құны 4,9 млрд. теңгеге 650 жұмыс орнын құрайтын 9 инвестициялық жоба іске қосылды.

Жарыссөзге шыққан аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Т.Жүнісов, еңбек ардагерлері Е.Сабыров, М.Атабайұлы ағын су, балабақша мәселесіндегі түйткілдерді қозғады. Қазақ мақта шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының директоры, академик И.Үмбетаев: «Жалпы ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуында алға басу, ілгерілеу бар» дей келіп, елді мекендерді көгалдандыру, саялы ағаш егу, ауылдарды көркейту жұмыстары баяу жүріп жатқанын сынға алды. «Ауыл сәні» деген секілді іс-шараларды, байқауларды көптен қолға алуды ұсынды. Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ә.Исаев «Ардагерлер үйін» салу үшін жер учаскесін сұраса, атакенттік зейнеткер К.Бөриев мақтаның тұқымдық шиті сапасызданып, нашарлағанына алаңдаушылық білдірді.

Жиынды ОҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Н.Байғұт қорытындылап, мақтааралдықтарды ауызбірлікпен жұмыла еңбек етуге шақырды.

Кездесуге қатысқан тұрғындар аудан әкімінің жұмысына оң баға берді.

Сәбит ҚАЛДЫБАЕВ. Мақтаарал ауданы.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ