Рухани жаңғыру 0 пікір 0 лайк

Орнықты дамудың он бағыты

Ақпан 13 / 2018

 

1-бағыт - Индустрияландыру жаєа технологияларды енгiзудiє кјшбасшысына айналуы тиiс

 

Уақыт сылбырлықты көтермейді

Елбасының әрбір Жолдауы жаңа белестерді бағындыруға құлшындырады. Өткен жылы рухани жоғымызды түгендедік. Биыл әлеуметтік, экономикалық және саяси салаларда өрлеуді бастан кешіреміз деп отырмыз. Ол үшін Президент 10 нақты бағытты айқындап берді.

Бүгінгі таңда елімізде индустрияландыру саясаты қарқынды жүргізіліп жатыр. Оның бастауында Мемлекет басшысының өзі тұр. Осынау бағдарламаның аясында Оңтүстік Қазақстан облысында республика бойынша алғашқы индустриялық аймақ ашылды. Ол бәрімізге белгілі – «Оңтүстік» индустриялық аймақ. Мұнда өңірді былай қойғанда, күллі Қазақстанда бұрын-соңды жасалмаған өнімдер шығарылуда. Және олар ішкі нарықта ғана емес, сонымен бірге, шетелдерде де жоғары сұранысқа ие. Осындай инновациялық өнімдердің ішінен, мәселен, Hill Corporation кәсіпорнының мотор майларын атап өтсек болады.

Қазақстанның үдемелі индустриалдық-инновациялық дамуы бағдарламасы бойынша облысымызда жалпы құны 1,3 трлн. теңгені құрайтын 137 жоба жүзеге асырылуда, онда 18 мыңнан астам жұмыс орны ашылатын болады. 2017 жылы құны 36,4 млрд. теңге құрайтын 18 жоба іске қосылып, 1 200 жаңа жұмыс орны ашылды.

Ендігі ретте, биылғы Жолдауға сәйкес инновациялық технологияларды одан әрі тереңдетіп, әлемдік бәсекеге қабілетті, сұранысқа ие, заманауи озық өнімдер жасауға иек артуымыз керек. Өйткені, уақыт ағымы бізден осыны талап етуде. 

Ережеп ҚАНАЕВ, «Окси дел» ЖШС-нің вице-президенті.

 

Ғылым – өндіріске!

Мемлекет басшысының биылғы Жолдауынан өз басым көп нәрсе түйдім. Елбасы өзгеріп бара жатқан әлемнің бүгінгі келбетін анық көріп отыр және соған қарай ыңғайланудың жолдарын да біледі. Біліп қана қоймай, оны қалай жүзеге асырудың нақты жоспарларын қазақстандықтарға ашық түрде Жолдауында баяндап өтті.

Президент Жолдаудың бірінші бағытында ел экономикасын индустрияландыруды жалғастыру қажеттігін, осы салаға жаңа цифрлық технологияларды енгізуде көшбасшы болуы керектігін айтып өтті. Бұл – өте орынды байлам. Себебі, бүгінде барлық бәсекеге қабілетті, дамыған елдерде өндіріс орындары цифрлық технологиялардың негізінде жұмыс істейді. Соның арқасында олар тауар өндіруге жұмсалатын жұмыс күші мен энергияны үнемдеп, өнімділікті барынша арттыруда. Біздің өнеркәсіп саласында ұтылып жатқан тұсымыз отандық өндіріс орындарында еңбек өнімділігі төмен. Өнім өндірудің көлемі жөнінен қазақстандық кәсіпорындар мен американдық зауыт екеуін қатар қойып салыстыра алмаймыз. Бізде бірнеше зауыт-фабрика жабылып істейтін тірлікті АҚШ-та бір ғана өндіріс ошағы атқарып отыр. Неге олай? Себебі, олардың өнеркәсібінде жаңа технологиялар кең көлемде өндіріске енген. Және инновациялық жаңалықтарды қолдануға ол жақтың кәсіпкерлері құмар келеді. Демек, біз де өнімділікті арттыру үшін солар секілді әрекет етуіміз керек. Ол үшін Елбасының биылғы   Жолдауында айтылғандай, отандық ғылымды дамыту мәселесі басты назарда болуы тиіс. Өнімнің сапасы мен экологиялық тазалығын сақтап, халықаралық нарыққа шығарудың стратегиялық жолын табуымыз қажет. Меніңше, сонда ғана «Қазақстанда жасалған» деген табиғи азық-түлік брендтеріміз шетелдік сауда орындарының сөрелерін толтыра бастайды. 

Жергілікті биліктің мәліметі бойынша, 2018 жылы облысымызда Индустрияландыру картасы шеңберінде жоғары заманауи  9 жоба іске асырылады. Оның ішінде ірі металлургиялық зауыт, майсыздандырылған құрғақ сүт және сары май өндіретін зауыт, трансформаторлар өндірісі, қалдықтарды қайта өңдеу және штапельді талшық шығаратын зауытты ерекше атап өтуге болады. Сондай-ақ, құрылыс ерітінділерін және бетон дайындауға арналған жабдықтар шығаратын жоғары технологиялық кәсіпорын да биыл іске қосылады. Бұл – қуанарлық жағдай.

Рәшкүл ОСПАНӘЛИЕВА, «Береке-1» ЖШС-нің директоры, облыстық мәслихаттың депутаты.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ