«Түркістанды туризм алға сүйрейді»

Ақпан 13 / 2018

 

Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауына орай ұйымдастырылған жиында облыс әкімі Жансейіт Түймебаев өңіріміз үш бағытта: ауыл шаруашылығы, туризм және өнеркәсіп бойынша дамуы тиіс екендігін айтқан болатын. Бәрінен бұрын бұл міндетті орындау күнкөрісі осы үш бағытқа да негізделген Түркістан аймағы үшін маңызды болатыны түсінікті. Түркістан қаласының әкімі Тәжібек МҰСАЕВПЕН арада болған сұхбатымыз осы ойлар төңірегінде өрбіген еді.

Тәжібек МҰСАЕВ:

 

– Тәжібек Қалманұлы, Түркістанның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері, соның ішінде, өнеркәсібі жайлы жан-жақты айтып берсеңіз? 

– Өткен жылы біршама табыстарға қол жеткіздік.  Ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, спорт, білім, инвестиция салаларында жоспарланған істер өз деңгейінде орындалды. Өйткені, өткен жылы қаланың жалпы ішкі өнім көлемі 108,5 млрд. теңгені құрап, бұрнағы жылмен салыстырғанда 3 пайызға артып отыр. Соның ішінде өнеркәсіптен 14,813 млрд. теңге, ауыл шаруашылығынан 44,205 млрд. теңге пайда көрдік. 12,369 млрд. теңгенің құрылыс жұмыстары жүргізілді. Яғни жалпы ішкі өнімнің негізгі табыс көзі агроөнеркәсіп саласына тиесілі болып тұр. Түркістан қаласынан «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізінің және теміржолдың өтуіне байланысты ол облыстағы Шымкенттен кейінгі екінші шаһар саналады. Сондықтан бізде өнеркәсіп саласына айрықша көңіл бөлінуде. Өйткені, жалпы ішкі өнімнің ішінде өнеркәсіп саласы 13,6 пайызды құрайды. Салыстырмалы түрде алғанда бұл аз, әрине. Өткен жылы бұл көрсеткіш 12,4 пайыз еді. Сол үшін осы бағытта жұмыстар жүргізіліп жатыр. Қаланың «Бекзат» шағынауданында индустриялық аймақ орналасқан. Кезінде бұл аймақтан 40 гектар жер бөлініп, 900 млн. теңгеге инфрақұрылымы жүргізілген. Қазіргі таңда мұнда 13 жоба жүзеге асырылуда, соның алтауы тұрақты жұмыс істеп тұр. Ерекше көзге түсетін мекеменің бірі – «Грандмикс» жиһаз шығаратын кәсіпорны. Бұл кәсіпорын өткен жылы 1,5 – 2 млрд. теңгенің өнімін өндірді. Алдағы уақытта «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша Халық банкінен 200 млн. теңге несие алып, өз ісін әрі қарай кеңейтпекші. Қосымша құрал-жабдықтар алынса, жұмысшылар санын 30-ға көбейтіп, өнім көлемін 2 есеге арттыруға мүмкіндігі бар. Осы секілді кәсіпорындарға көңіл бөлуіміз керек. Өйткені, өндіріс Түркістан қаласы табысының әлі де аз мөлшерін құрап отыр. Индустриялық аймақта екі кірпіш зауыты орналасқан. Одан бөлек «Строй сервис» және «Әзірет жол құрылыс» мекемелері темір-бетон бұйымдарын шығарады. Үдемелі индустриалды-инновациялық даму бағдарламасының 2015-2019 жылдарды қамтитын екінші бесжылдығында біздің аймақтан Өңірлік картаға жалпы құны 4,722 млрд. теңгені құрайтын 910 жұмыс орнын ашуды көздейтін 19 жоба енгізілген. Бүгінгі таңда соның 15-і жүзеге асырылып, нәтижесінде 750 жұмыс орны құрылды. Өңірлік картаға енген жобалардың бірі «Кардиал эксклюзив» жиһаз фабрикасы былтыр желтоқсанда пайдалануға берілді. Ол ортопедиялық матрастар шығаруды да қолға алып отыр. Әзірге мұндай кәсіпорын облыста жоқ екен. Қазіргі таңда мамандар тиісті қондырғыларды әкелу бойынша Түркияда келіссөздер жүргізіп жатыр. Құдай қаласа маусым айында жаңа өндірістік желі іске қосылып қалар деген үміт бар.

– Әлеуметтік салада қандай жұмыстар атқарылды? Қай ауылдарда осыған қатысты мәселелер өз шешімін тапты?

– Жалпы бізде 12 ауыл округі, 35 елді мекен бар. Өткен жылы екі ауыл округінде 120 орынды 2 балабақша пайдалануға берілді. Сонымен қатар, бүгінгі таңда Елбасы тапсырмасына сәйкес балабақшалардың барлығы мемлекеттік-жекешелік әріптестігі аясында салынуда. 2020 жылға қарай 3-6 жасар балаларды мектепке дейінгі білім беру ұйымдарымен жүз пайыз қамту үшін мемлекет пен бизнес бірігіп жұмыс істеуде. Қалада 3-6 жас аралығындағы 20 395 бала болса, соның 17 800-ге жуығы немесе 87,5 пайызы балабақшамен қамтылған. Алдағы екі жылда мемлекеттік-жекешелік әріптестігі аясында бұл көрсеткішті жүз пайызға жеткізу жоспарда бар.

Денсаулық сақтау саласында 46 мекеме жұмыс істейді. Түркістанмен арасы 70 шақырымды құрайтын Майдантал, Бабайқорған, Ескі Иқан ауыл округтерінде өздерінің ауылдық емханасы, Ескі Иқанда қосымша аурухана бар. Елбасы тапсырмасына сәйкес, әлеуметтік көмектерді оңтайландыру бағытында балалар жәрдемақысы, арнаулы жәрдемақы, атаулы әлеуметтік көмек біріктіріліп, жаңа форматта атаулы әлеуметтік көмек болып өзгерді. Соның шартты, шартсыз түрінің біріншісі бойынша отбасындағы еңбекке қабілетті азаматтарды жұмыспен қамту шараларына қатыстырып, жұмыссыздық деңгейін азайтуға күш салынады. Аймақта балалар жәрдемақысын алатын 8600 отбасы бар. Солардың 2600-ін «Өрлеу» жобасына қатыстыру арқылы былтыр олардың санын 6 мыңға азайттық. Жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек бойынша да жәрдемақыға мұқтаж отбасылардың санын кеміте береміз. Мұндағы мақсат – халықты масылдықтан арылтып, еңбекке қабілетті азаматтарды тұрақты жұмыспен қамтамасыз ету. Бүгінде осы бағытта тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Орталықтандырылған ауызсу жүйесімен түркістандықтардың 90 пайызы қамтылған. Яғни 35 елді мекеннің 27-сіне ауызсу орталықтандырылған жүйе арқылы беріледі. Бершінтөбе, Шойтөбе ауылдарында ауызсу құбырының құрылысы жүріп жатыр. Одан бөлек, Шаға, Қаражон, Ескі Сауран елді мекендері бойынша құжаттар ресімделіп, қаржы бөлу үшін тиісті басқармаға өткізілген. Сонымен қатар, Үсенов ауылы, Балтакөл, Қызылорда тасжолы бойындағы қос елді мекен және Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ айналасындағы ауылды ауызсумен қамту жобаларына қаржы бөлдік. Мұнымен қоса, үш ауылдың жобалық-сметалық құжаттамасына қаржы қаралып, мамырда толық сараптамадан өткізіледі. Егер үлгеріп жатсақ үш елді мекенге де қаржы бөлдіруге мүмкіндігіміз бар. Осы жоспарлар толық орындалса, Түркістан халқының 97 пайызын орталықтандырылған ауызсу жүйесімен қамтамасыз етуге мүмкіндік аламыз.

2013 жылы «Бекзат» шағынауданында   «ҚазТранс  ГазАймақ» компаниясы 3018 отбасыға газ құбырын жүргізген. Бүгінде мұнда 2,5 мың отбасы «көгілдір отын» пайдаланып отыр. Жалпы, газбен қамтамасыз ету бағдарламасы 3 кезеңге бөлінген. Бірінші кезең бойынша 2016 жылы «Сауран» шағынауданында 7,5 мың отбасы орталықтандырылған газ жүйесіне қосылды. 2-кезеңнің өзі 5 бөліктен тұрады. Қаланың орталық көшелеріне «Бекзат» шағынауданынан магистральды газ құбырын жүргізу үшін мемлекеттік сатып алу конкурсы өткізіліп жатыр. 2-кезеңнің 2 бөлігіне, 3-кезеңнің 3 бөлігіне де жобалық-сметалық құжаттамалар дайындалып, сараптама қорытындылары алынып, республикалық бюджеттен қаржы бөлуге құжаттар әзірленуде. Магистральды газ құбырларының құрылысы 2019 жылы бітеді. Сосын көшеішілік газ құбырын тарту жұмыстары жүргізіледі. 2020 жылға қарай қаланың орталық көшелері толық газбен қамтылады деген жоспар бар. Қазіргі таңда осы жұмыстарды жүзеге асыруға инвесторлар ұсыныс білдіруде. Олар конкурс арқылы біздің жобамызды сатып алсақ дейді. Сөйтіп, 2019 жылы газбен қамтамасыз ету жұмыстарын толық аяқтауға уәде беріп отыр. Олардың  ұсынысы облыстық әкімдікпен бірге талқыланатын болады. Егер жұмысты инвесторларға тапсырсақ, бір ұтатын жеріміз, құбырлар солардың қарауына өткен соң қала бюджетіне мүлік, жер, табыс, әлеуметтік салықтарды төлеп, қазынамызды молайтады. Сонымен бірге, жұмыс та өз мерзімінен бұрын аяқталады.

Биыл 16 мың тұрғыны бар Ескі Иқан ауылы елді мекендердің ішінде бірінші болып газға қосылады. Ал, Үшқайық ауыл округіндегі 4 елді мекенде құрылыс жұмыстары қолға алынады. Жаңа Иқан ауыл округінде – 2, Шағада 4 елді мекеннің жобасы биыл жасалып, келесі жылы құрылысы басталмақ. Сонымен бірге, 23 ауылдың сәулет-жобалау тапсырмасы алынып қойды, «ҚазТрансГазАймақ» компаниясынан да техникалық шарттар алынды. Енді биылғы нақтылауда жобаға қаржы сұрату қалып отыр. Яғни қаламен бірге елді мекендерді газбен қамтамасыз ету жұмыстары қосымша жүргізілетін болады.

– Түркістан өңіріміздегі ең көп турист келетін аймақ екені белгілі. Алайда, туризм саласы қала табысының небәрі 5-ақ пайызын құрайды екен. Осы көрсеткішті жақсарту бағытында қандай шараларды қолға алып жатырсыздар?

– 2017 жылғы Түркістанның жалпы ішкі өнім көлемінде туризм саласынан түскен табыс 5,3 млрд. теңгені құраған. Салыстырмалы түрде алғанда бұл, әрине, өте аз. Былтыр қалаға алыс-жақын шетелдерден 35700 турист келсе, алдыңғы жылы саяхатшылар саны 24 мыңның     төңірегінде болыпты. Демек, туристер саны жылдан-жылға өсуде. Оның үстіне, өткен жылы 40-тан астам халықаралық деңгейдегі іс-шара ұйымдастырылды, оған 22 мемлекеттен қонақтар қатысты. Туризмді дамыту мақсатында 2016 – 2017 жылдары арнайы тұжырымдама әзірленген болатын. Соған сәйкес, Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің маңындағы 13 гектар жерде орналасқан 130 үйдің орнына түркітектес халықтардың орталықтарын салу көзделді. Ал, 130 үйдің иелеріне өтемақы төлеу туралы ұсыныс берілді. Мұндағы үйлер 1,2 млрд. теңгеге бағаланды. Алайда, 13 гектар жерді босатуға келгенде біраз тұрғындар тарапынан түсініспеушілік туындады. Оның үстіне, кесене маңынан қандай да құрылыс нысанын салу үшін министрліктің рұқсаты керек. Кесене Юнеско ұйымының қорғауында болғандықтан министрлік те әуелі осы халықаралық ұйымнан рұқсат алуы тиіс. Қысқасы, осындай жағдайлардың салдарынан жоспар іске аспай қалды. Дегенмен, биыл бұл жұмысты қайта қолға алмақпыз. Егер әр түркі халқы өзінің ұлттық орталығын салса, келешекте Түркістанға келетін туристердің де саны артатын болады. Осылайша туризмнен түсетін табыс та молая түседі. Мұнымен қоса, бүгінгі таңда қазақ-түрік қауымдастығымен бірлесіп, қонақүй, мейрамхана бизнесін дамытуды жолға қойып жатырмыз. Осыған сәйкес түрік, ағылшын тілдерін білетін жастарды іріктеу байқауына қатыстырудамыз. Сыннан сүрінбей өткендер Түркияда 6 ай тегін білім алып, қонақүй, мейрамхана бизнесінің қыр-сырын терең үйреніп келеді.

– Әңгімеңізге рахмет!

 Сұхбаттасқан Әнуар ЖҰМАШБАЕВ, «Оңтүстік Қазақстан». 

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ