Заң-заман 0 пікір 0 лайк

Жемқорлық ұсақ әдепсiздiктерден басталады

Ақпан 13 / 2018

 

Мемлекетік қызметші қай кезде де моральдық-этикалық талаптарды сақтауға міндетті. Алайда, бүгінгі мемлекеттік қызметшілердің кейде түрлі кедергілер туындатып, ұжым арасында түсінбеушіліктерге жол беріп жататынын жиі естиміз. Бұл ретте ұжымда моральдық-психологиялық ахуал қалыптастыруда Әдеп жөніндегі уәкіл қызметінің маңызы зор. Ол мемлекеттік қызметшілердің қызмет барысында туындайтын мүдделер қақтығысын шешіп, заң аясында көмек беріп, ұжымдық ортаны дұрыс қалыптастыруға күш салатын тұлға. Осы орайда бүгінгі мемлекеттік қызметшілер әдептілік қағидасына қаншалықты адал деген сауал туындайды. Біз бұл сұрақты облыс әкімі аппаратының Әдеп жөніндегі уәкілі Әмірдин Әлішевке қойған едік.

 

– Әдеп кодексі халықтың мемлекеттік органдарға деген сенімін нығайтып, мемлекеттік қызметшілердің қарым-қатынасында жоғары мәдениетті қалыптастыруға, олардың әдепсіз әрекетінің алдын алуға бағытталған. Мұнда оның іскерлігі ғана емес, сонымен қатар айналасындағыларға құрметі мен ізеті де сараланады. Сондықтан мемлекеттік қызметшілер тек қатардағы жай қызметкер емес, халық арасында беделді, жұртшылық үлгі тұтатын тұлғаға айналғаны абзал. Әрине, мұның бәрі бірден бола салмайды. Айталық, сыбайлас жемқорлықпен табысты күресетін елдердің тәжірибесін зерделесек, олар жемқорлыққа жолдың ұсақ әдепсіздіктерден, біреудің құқығын бұзудан басталатынын түсінген. Сондықтан әдептілік қағидасы оның алдын алуға ерекше мән береді. Яғни сыбайлас жемқорлықты болдырмау шараларын қарастырады. Бұл мәселеге Елбасы биылғы Жолдауында да айрықша тоқталып отыр. Ал, мемлекеттік қызметшілердің әдептілік қағидасына қаншалықты адал деген сауалыңызға келсек, бұл бір күннің шаруасы емес. Заман үдерісіне сай уақыт өте қалыптасатын дүние. Дегенмен, елімізде үлкен бетбұрыс бар екенін жоққа шығаруға болмайды.

– Әмірдин Мұхиденұлы, Әдеп жөніндегі уәкіл қызметінің енгізілгеніне көп уақыт бола қойған жоқ. Дегенмен, халықтың сенімі қалай? Қызметшілер тарапынан қандай жат әрекеттер бой көрсетіп тұрады?

– Өткен жылдың қорытындысына жүгінсек, Әдеп жөніндегі уәкілге жыл бойына 16 арыз түсті. Аудандар мен қалаларда болған жеке қабылдауларда 34 мемлекеттік қызметші мен тұрғындар өздерін толғандырып жүрген мәселелерін көтерсе,  23 адам облыс әкімі ғимаратында өткізілген жеке қабылдауларда болды. 12 адам телефон арқылы хабарласып, мемлекеттік қызметшілердің жат әрекетіне, басқа да мәселелер бойынша шағым түсірді.  Міне,  осыдан-ақ  азаматтардың  мемлекеттік қызмет сапасына бей-жай қарамауға дағдылана бастағанын аңғаруға болады. Мұның сыртында әр аудан, қалаға барып, түрлі семинар, кездесулер  ұйымдастырып отырамыз. Ол жерде де әдептен озған мемлекеттік қызметшілердің әрекетіне шағым айтушылар кездеседі. Әрине, аталған арыз-шағымдар заң талаптарына сай тексеріліп, кейбіріне тәртіптік шаралар да көріліп жатады. Шағымдардың сипатына келер болсақ, бірі басшының дөрекі мінез-құлқына, енді бірінің көрсетілетін мемлекеттік қызмет сапасына көңілдері толмайды. Бұл ретте Шымкент, Кентау қалалары мен Түлкібас, Сарыағаш, Төлеби, Мақтаарал аудандарынан түсетін шағымдардың басқа аудандарға қарағанда көптеу екенін айта кеткен жөн.

Былтыр шілде және желтоқсан айларында мемлекеттік қызметшілер арасында анонимдік сауалнама жүргіздік. Онда «Басшыңыз жұмысыңызды лайықты бағалай ма?», «Басшыңыз сізге әділ қарым-қатынас жасай ма?», «Қиын жағдайларда басшылықтың сізге қолдау көрсететініне сенесіз бе?» деген сауалдар төңірегінде мемлекеттік қызметшілердің пікірін білмек болдық. Сұраққа жауап берушілердің басым көпшілігі басшылыққа көңілі толатынын айтқанмен, жекелеген мемлекеттік қызметшілер «жоқ» немесе «үнемі емес» деп жауап берген. Мұндай жауап облыстағы 23 басқарманың көпшілігінде тіркелгендігін айтуымыз керек. Олардың арасында облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау, ішкі саясат, білім, құрылыс, ауыл шаруашылығы, жұмыспен қамту және   әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармалары бар. Осы тектес жауаптар аудан, қалалардағы жергілікті атқарушы органдардағы мемлекеттік қызметшілер тарапынан да айтылды. Бұл анонимдік сауалнамалардың  қорытындылары  басқармалар  мен аудандарда  және   қалаларда  өткізілген   семинар-кеңестерде талқыланып, тиісті деңгейдегі басшыларға ұжымдардағы моральдық-психологиялық ахуалдарды жақсарту жөнінде ұсыныстар берілді.

– Сапасыз көрсетілген қызмет жемқорлыққа жол ашатыны белгілі. Әсіресе, бұл тұрғыдағы келеңсіздіктер мемлекеттік қызметшілер тарапынан жиі орын алып жататыны жасырын емес. Қызметшілердің осындай әрекеті жайында тұрғындар жиі хабарласа ма? Оған  жол  бермеу  жағын  қалай  қарастырып жатырсыздар?

– Бұл – Елбасының үнемі назарындағы мәселе. Биылғы Жолдауында да бұған айрықша назар аударып өтті. Және бұл тек биліктің ғана емес, тұтас халықтың міндетіне айналуы тиіс. Әрине, мемлекеттік қызметшілер тарапынан орын алған кемшіліктерді айтып бізге хабарласатындар бар. Оларды зерделеп, жұмыстар жүргізіп, қажет болса, тиісті органдарға жолдаймыз. Сондай-ақ, қазір мемлекеттік қызметшілердің сыйлық алуына да шектеу қойылды. Егер кімде-кім сыйлық ұсынып жатса, қызметші оны арнайы қорға жолдауы тиіс. Өткен жылы жергілікті атқарушы органдарда қызмет атқаратын 89 мемлекеттік қызметші өздеріне келген сыйлықтарды актілеп, арнаулы мемлекеттік қорға өткізді. Сондықтан жемқорлыққа жол бергендерді қазір ешкім де басынан сипай қоймайды. Ол үшін жаза қатаң, зардабы одан да ауыр екенін мемлекеттік қызметшілер түсініп келеді.

– Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен Дәулет ТҰРСЫНҰЛЫ, «Оңтүстік Қазақстан».

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ