Аспан асты, жер үсті 0 пікір 0 лайк

Тұрғындар неге наразы?

Ақпан 13 / 2018

 

Баян ДАРҒОЖИНА, «Оңтүстік Қазақстан».

Шымкент қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Нұрлан Архабаев пен Шымкент қалалық жер қатынастары бөлімі басшысының міндетін атқарушы Бақыт Омарханов тұрғындармен кездесіп, сауалдарына жауап берді. Залға лық толған жұрт  екі шенеуніктің дайындап әкелген ақпараттарын тыңдаудан бас тартты. Бірден сұрақ-жауапқа көшуді талап етті.  Кездесуге қатысушылар сөз кезегіне жазылғанымен шыдамсыздық танытып, бір-бірінің алдын орап, текетіресіп қала берді.

 

Тоғыс елді мекені тұрғындарын қинап жүрген мәселе, бұрынғы тұрып жатқан жеке үйлерінің құжаттарын ресімдей алмауы. «90-120 мың теңге көлеміндегі қаржыға дайын құжатты үйге әкеліп беретіндер бар көрінеді. Күндерін әзер көріп отырғандар мұндай қаражатты қайдан табады? Бұған қандай уәж айтасыздар?» дегендер де болды.

Н.Архабаевтың айтуынша, қазіргі таңда тұрғын үйлер жобалаушы мекеме, техникалық қадағалаушы, сондай-ақ, мердігер, яғни арнайы лицензиясы бар мекеменің қатысуларымен  салынуы тиіс.  Бұл тәртіп 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енген екен. Алайда, Оңтүстік өңірінде осы талапты ұстанатындар жоқтың қасы.  Еш жобасыз баспана тұрғызып алып, содан кейін құжаттарын алуға келіп тұрады.

– Шымкент қаласы сейсмикалық қауіпті аймаққа жатады. Сондықтан жоғарыдағылар бізден үйлерді заң негізінде қабылдап алуды міндеттейді.  Ал, жаңа заң бойынша қабылдау бізге өте қиын соғуда. Осы екі жылдың ішінде қабылдаудың түр-түрі шықты. Жеке мекемелер ашылып, қабылдау актісін толтырып, мөрлерін басуда. Сол себепті 2017 жылы 6500 құжат ресімделіп, қабылдау актісі берілген. Соның 3500-і ғана сәулет бөлімі арқылы, ал, қалған 3 мыңы заңсыз өткен. Қазір бұл істі жауапты мекемелер тексеруде. Сондықтан баспана тұрғызарда жаңа заңды ескерген жөн, – деді қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы.

Дегенмен, жұртты бұл жауап қанағаттандырмады. «Халықты соншама әуре-сарсаңға салмай, салынып қойған баспаналарды заңдастыруға мүмкіндік бермей ме?» десті.

Жиынға қатысқандардың дені өз сұрақтарына жауап алды. Бірақ, «Ұлағат» шағынауданындағы 11 отбасы үшін тығырықтан шығар жол табылған жоқ. Себебі, олардың үйлері мемлекет қажеттілігі үшін алынып, бұзылып, орнына мектеп салынбақ. Кезінде тиісті мекеме мұны ескермей, жерді таратып берген. «Егер Бас жоспар бойынша 2012 жылы мектеп салынсын» деген қаулы шықса, 2016 жылы маған «сол жерге үй салуға болады» деп неліктен рұқсат бердіңіздер?  Өтемақы үшін берілген ақшаға мен мұндай үйді сала алмаймын, оған жағдайым да келмейді. Сіздер үшін осы үйлерді бұзып, орнына мектеп салу оңай тәрізді. Әрине, бала-шаға үшін мектеп керек. Бірақ, сол 11 үйде қаншама адамның тағдыры тұр, неге соған қарамайсыздар?» деді ашынған бір ана. Н.Архабаев бұл мәселені егжей-тегжейлі тексеріп, заңдық тұрғыда шешуге уәде етті.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ