«Кезегiн күтiп тұрған шаруа көп»

Ақпан 13 / 2018

 

Шымкенттегі «САҚ» киностудиясының аты елімізге кеңінен танымал. «Балапан» телеарнасынан көрсетіліп жүрген «Том-пақ», «Қалқанқұлақ» телесериалдары мен «Қазақ елі» анимациялық фильмі осы киностудияның өнімдері. Киногер-лердің соңғы жұмыстарымен танысу үшін «САҚ» киностудиясының директоры Нұриддин ПАТТЕЕВТІ арнайы сұхбатқа шақырдық. 

 

– Нұриддин Исаұлы,  «Көне жетігеннің сыры» атты телехикаяның  режиссері  ретінде   өзіңізбен   сұхбаттасқанды жөн көрдік. Кинотуынды облыс әкімі Жансейіт Түймебаевтың ұсынысымен түсірілгенін  көрермендер жақсы біледі. Телехикаяның мазмұнына қысқаша тоқталып өтсеңіз.

–  Өткен жылдың басында Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы жарияланғаннан кейін облыс әкімі «САҚ» киностудиясының басшыларын қабылдады. Жансейіт Қансейітұлы сонда «Елбасының бағдарламалық мақаласына үнқосу ретінде жастардың туған жерге сүйіспеншілігін арттыруға, Оңтүстіктің әсем табиғаты мен киелі орындарын насихаттауға, ұлттық сананың қалыптасуына ықпал ететін кинотуынды жасау қажет. Бұл  әрі  облыстың табиғаты тамаша жерлері мен тарихи орындарын жарнамалап, туризмді дамытуға қосқан үлестеріңіз болар еді» деді. Өңір басшысының  идеясын басшылыққа ала отырып Батырхан Дәуренбеков пен Бақытжан Құлжабай «Көне жетігеннің сыры» телесериалының  сценарийін жазды.

Тарихи туындыда ғұлама  Әл-Фараби жетіген саз аспабын жасап, оның жеті асығын көктен құлаған метеорит сынығынан құяды. Жетігеннің құдіреті, оны  иеленген мемлекет дәулетті, бақуатты елге айналады екен. Метеориттің құлағанынан хабардар астрономдар бұл хабарды ел басшыларына жеткізеді. Әр елдің өкілдері аспапқа таласып жүргенде жетіген жоғалып кетеді. Арада сан ғасыр өткенде Оңтүстік Қазақстан облысының жол жөндеушілері жер қазып жүріп әлгі мұраны тауып алады. Жаңалықтар арқылы жетігеннің табылғанынан хабардар болған үш мемлекет өз тыңшыларын жібереді. Алматыдағы Өнер академиясының студенті Самал құпияның кілтін табу үшін Шымкентке келеді. Студент достарымен бірге әлгі асықтардың әрқайсысын  Қазығұрт,  Отырартөбе, Арыстанбаб, Түркістан, Қасқасу, Ақсу-Жабағылы, сосын Шаяндағы Ақмешіт үңгірінен табады. «Томпақ» телехикаясында Төлеби ауданындағы Қасқасу өңірін, облыстағы біршама табиғаты әсем аймақтарды қамтыған едік. Бұл телехикаяда да сол бағытты ұстандық. Асық іздегендер Оңтүстік өңірінің тарихи, киелі орындарын аралап, небір қызықты оқиғаларды бастарынан өткереді.

–  Телехикаяға қандай актерлер түсті? Түсіру кезінде қандай да бір қиындықтар орын алды ма?

– Негізінен басты рөлдегі Самалдан өзге кейіпкерлерді Оңтүстіктегі сегіз театрдың әртістері сомдады. Есте қалатындай ерекше жәйттер болмай қалған жоқ. Мәселен,  Отырар ауданында түсірілім кезінде тұтасқан қалың  шіркей жұмыс істеуге кедергі келтірді. Үстімізге дәрі сеуіп, зиянкестерге қарсы крем жаққанымызбен, бәрібір әсер етпеді. Шіркейдің талап тастағаны соншалық, бет-аузымыз көнектей болып ісіп кетіп жүрді. Түнде жарыққа жиналған шіркейлер әуре-сарсаңға түсірді.  Тағы бір қызық жәйт Қазығұрт тауында орын алды. Сыртта 40 градус аптап ыстық шыжғырып тұрғанына қарамастан, үңгірге енгенімізде суықтан қалшылдап тоңып, жамылғы орандық. Үңгірдің ішінде ағып тұрған судың қайдан келіп жатқанын түсіне алмай, табиғат тылсымына таң қалдық. Қазығұрт тауының басына асай-мүсейімізді арқалап, кранды көтеріп екі рет шығуға тура келді. Биік тау шыңына жүк көтермей-ақ, құр қол  шығудың қиындығын барғандар біледі. Осыдан кейін біздің жігіттердің әрекетін ерлікке баласа да болады. Әрине, қиналдық, шаршап-шалдықтық, бірақ  соның нәтижесін көрдік.  Шыңның төбесінен кранмен табиғаттың таңғажайып панорамасын түсірдік. 

– Облыс әкімінің идеясымен дүниге келген тағы қандай дүниелеріңіз бар? Алдағы жоспарларыңызбен бөліссеңіз...

–  «Күш атасы – Қажымұқан», «Отырарды қорғау», «Киелі Қазығұрт» атты анимациялық фильмдерді де өңір басшысының ұсынысы бойынша экранға шығардық. Елбасы айтқан жастарды отансүйгіштікке, патриотизмге баулуда  «Күш атасы – Қажымұқан» анимациялық фильмінің маңызы ерекше. Бұған дейін  жарыққа шыққан Қажымұқан жайындағы фильмдерде қазақ балуаны Поддубныйдың көлеңкесінде қалып қоятын еді. Бұл жолы біз Қажымұқанның шын мәнінде нағыз ержүрек,  намысты балуан болғанын көрсетуге тырыстық. Әрине, фильмнің бағасын көрермен береді.

Оңтүстік – киелі, тарихи орындарға өте бай өңір. «Қасиетті Қазақстан» республикалық орталығына ұсынған 100 киелі орынның  23-і өтті. Жылаған ата, Үкаша ата дейсіз бе, өңірде қасиетті мекендер жетеді. Біз әлі де болса сол киелі орындарды түгел қамти алмай келеміз. Тап қазір «Голливуд» киностудиясы не түсірерін білмей отырса, қазақтың тарихы әлі қозғаусыз жатыр. Аңыз-әпсана, ертегі дегеніңіз орасан мол. «Қалқанқұлақ» сериалында Таусоғар, Көлтаусар, Желаяқ, Саққұлақ секілді образдарды  жарыққа шығардық. 

Отырарға жақын жерде әйгілі  ғұлама  Әл-Фараби  дүниеге келген Оқсыз деген қала болыпты.  Жансейіт Қансейітұлы айтқан соң барып көрсек, дөңес болып жатыр. Әл-Фараби  Отырардан шыққан деп мақтанғанымызбен, әлі күнге жарқыратып көрсететін бірде-бір кинотуынды жоқ. Жақын арада анимациялық фильм  түсірмекшіміз.  Осы көктемде Төле би баба жайында 10 сериялы  фильм мен   Ордабасы туралы анимациялық  фильмді қолға аламыз. Әлем танитын Қожа Ахмет Ясауи  туралы сериал түсіруді бастаймыз.   Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында айтылған отансүйгіштік пен патриотизмді насихаттауға бізден өзге бірде-бір облыс кино мен анимация құралдарын пайдаланып жатқан жоқ. Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаевтың идеясымен Сарайшық қаласы туралы анимациялық фильм түсіру жоспарда тұр.

«Керқұла атты Кендебай», алтын құс туралы ертегі, тағы да басқа аңыз-ертегілер – алдағы күндердің еншісіндегі дүниелер. Алдымызда қыруар шаруалар кезегін күтіп тұр. Міне, осындай жағдайларға байланысты Батырхан Дәуренбеков «балалар киностудиясын Шымкентте ашу керек» деп орынды бастама көтеріп жүр.  Ол кісінің идеясын министрліктегілер де құптап отыр.

– Сұхбатыңыз үшін рахмет. 

Сұхбаттасқан Үмітхан АЛТАЕВА, «Оңтүстік Қазақстан».

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ