Жүлдеден басқаның бәрi бар...

Ақпан 13 / 2018

 

Шымкентте көркем гимнастикадан  Қазақстан чемпионаты өтті. Жарыстың ашылу салтанатында ҚР көркем  гимнастика  федерациясының президенті Үміт Шаяхметова мен ОҚО әкімінің орынбасары Бауыржан Жамалов құттықтау сөз сөйледі.

 

Чемпионатқа еліміздің барлық өңірлерінен дерлік 300-ден астам спортшы қатысты. Үш күнге созылған сайыс нәтижесінде командалық есепте бірінші орынды Оңтүстік Қазақстан облысының спортшылары жеңіп алды. Ересектер арасындағы жекелей көпсайыста шымкенттік Алина Әділханова чемпион атанса, оның командаласы Даяна Әбдірбекова қола медаль еншіледі. Жастар арасындағы көпсайыста да жерлестеріміздің мерейі үстем болды. Атап айтсақ, Роза Абитова чемпион атанса, Сағина Мұратқызы күміс жүлдеге иелік етті. Жалпы, облыс спортшылары 9 алтын, 10 күміс және 11 қола жүлдемен өзгелерден оқ бойы озық болды.

Бүгінде жас буынды көркем гимнастикаға өңіріміздегі  2 облыстық және 1 қалалық спорт мектебі баулиды. Осы спорт түрін таңдаған 528 спортшыға 37 жаттықтырушы тәлім-тәрбие беруде. Дегенмен, елімізде Әлия Жүсіпованың деңгейіндегі спортшылар әлі де шыққан жоқ. Әлия Афины және Бейжің Олимпиадаларында төртінші және бесінші орындарға ие болды. Сонымен қатар, Азия біріншіліктері мен жазғы Азия ойындарында абсолютті  чемпион атанғаны да ел есінде. Яғни өңірде көркем гимнастиканың мықты мектебі бар. Осыдан бір-екі жыл бұрын Шымкентте халықаралық талапқа сай көркем гимнастика спорт кешені де бой көтерді. Даңқты спортшы Әлия Жүсіпова бапкерлік қызметке кірісті. Ең бастысы,  мемлекет тарапынан қолдау да, жас таланттар да бар. Жетпей тұрғаны әлемдік жүлделер ғана...

Ғабит САПАРБЕКОВ.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ