Экономика 0 пікір 15 лайк

Өлім зонасы

Ақпан 12 / 2018

 

Немесе кәсіпкердің «Өлім зонасынан» өтуі хақында

 

Қазіргі кезде ОҚО бойынша 117 мыңнан астам шағын және орта кәсіпкерлік нысаны тіркелген. Бұл әрине, Республика бойынша ең жоғары көрсеткіш. Дегенмен, ресми деректерге бажайлап қарасақ осы 117 мың кәсіпкердің жартысына жуығы жұмыс жасамайды. Кәсіпті бастау оңай болғанымен оның нәтижесіне қол жеткізу қиынырақ. Кәсіпкерлікті бастап, белгілі бір кезеңге жеткенде әртүрлі қиындықтар туындағанда бастаған істі тастап кету туралы ойлар жиі мазалайды. Сондықтан кәсіптің нәсібін алу үшін соңына дейін алған мақсаттан таймайтын табандылық, нақты есеп қажет.

Әл-Фараби өзінің «Қайырымды қала тұрғындары» атты еңбегінде тұтас мемлекеттік жүйенің қалыпты жағдайда өркендеуін адам организміндегі жасушалар мен органдардың бір-бірімен тығыз байланыста жұмыс істеу құрылымына теңейді. Мемлекеттің экономикалық жағдайының өсуі кәсіпкерлердің өндірісі мен қызметіне тікелей байланысты.

Табиғи ресурстар мен пайдалы қазбалардың кен орындарының қоры уақытша, сарқылатын дүниелер. Әрбір кәсіпорын организмнің жасушасы іспетті қажетті өнімді өндіріп отырғанда ғана организм қалыпты жағдайда жұмыс істей алады. Кәсіпкерлік табысты болуы үшін ерік-жігерге, әуел бастан ұсақ-түйегіне дейін есептеп қойған бизнес жоспар жасау және содан ауытқымау талап етеді. Нақты ғылымға негізделген қысқа мерзімді стратегия жоқ болса оның орнын діни догмалар жаулайды.

Белгілі австриялық экономист И.Шумпетер айтқандай, кәсіпкерлік – жұмыстың бір түрі емес, тұнып тұрған ақыл-ой, жеке басқа керекті барлық қасиет. Жаңалыққа үйір болып қана қоймай, өндіріске ұдайы енгізіп, эксперименттен өткізіп тұру қажет. Кәсіпкердің бойынан табылуы керек ең басты қасиеттің бірі - тәуекелге бел байлап, қорқынышы пен үрейді жеңе білу, нақты мақсат қойып, содан темірқазықтай адаспай, көздеген межеге қол жеткізу. Егер бейнелеп айтқанда, кәсіпкерліктің мақсаты - бір таудың шыңы десек, кәсіпкер өрмелеп, алда кездескен кедергілердің төзімділікпен еңсеріп, шыңын бағындыруы керек.         

Осы орайда өзім АҚШ-та оқып жүрген кезде бастан кешкен бір естелігіммен бөліскім келеді. «Оңтүстік Калифорния Университеті. «Мемлекеттік мекемеде адам мінезі» сабағы басталғалы жатыр. Тақырып «Көшбасшы». Бөлмедегі студенттердің орта жасы 23-45 арасындағы қызмет тәжірибесі бар бірнеше ұлттың өкілдері. Жұмыс арасында біліктілік тәжірибесін шыңдау мақсатында арнайы сабақ алушылар. Сабақ басталар алдында әркім өзара күбірлесіп әзіл-қалжың аралас әңгіме айтып отыр. Бір кезде профессор бөлмеге кіріп келе жатып сәлемдесті де, студенттердің қатарына адымдай басып, тақырыпқа қатысты дәрісін бастап кеп жіберді: «Калифорния штаты АҚШ-тың 50 штатының ішіндегі ең ауқаттысы. Егер Калифорния өз алдына бөлек мемлекет болса, Ресейді артта қалдырып, әлемдегі экономикасы бесінші саналатын мықты ел болатын еді. Біздің бір ғана«Apple» компаниямыздың табысы 60 млрд долларға жетті. Бұл дегеніміз «Wall Street» биржасы бойынша Ресейдің бүкіл ұлттық компанияларының құнды қағаздарымен қосып жұтып қоюға қауқары бар деген сөз. Аграрлық сала бойынша ішкі өнім биыл 30 млрд. долларға жетті. Бір Лос-Анжелестің өзіне әлемнің түкпір-түкпірінен жылына 50 млн- ға жуық турист келіп-кетеді. Диснейленд пен Голливуд өнімдері өз алдына үлкен тақырып. Осындай жетістіктің бәрі тек бизнес пен озық технологияны жетік меңгерумен ғана емес, сонымен қоса әр компания көшбасшыларының біліктілігіне тікелей байланысты. Әрбір көшбасшы өзін шын көшбасшы санау үшін, өз командасын «өлім зонасынан» аман-есен алып өтуі керек» деді.

          Зіл темір көтеріп, құрыштай шымыр, бұлшық еттері бұлтылдаған қара нәсілді Артез сағызын шайнап отырып қолын көтерді де: «Өлім зонасы деген не?» деп сұрады.  Профессор оған: «Артез, «Көшбасшы» деген сөзге анықтама берші, деп өзіне қарсы сұрақ қойды.

-         «Көшбасшы» деген – белсенді, позитивті және білімді қасиеттердің егесі - деп жауап берді Артез.

-         Дұрыс айтасың, осы қасиеттер сенде қай деңгейде екенін дәл қазір тексеріп көреміз -деді профессор.

          «Бүгінгі сабақта көшбасшы қабілеті ең мықтылар ғана өте алатын сынақтан өту тапсырма болады» деп сабақты бастауға көшті;

«Барлығың төлем карточкаларыңды алып Гарвард университетінің арнайы виртуалды сынақ сайтына 15 доллар төлеп тіркеліңдер. Қазір Жер бетіндегі ең биік шыңның төбесіне шығасыңдар. Әрбір көшбасшы өз командасын сол шыңның өлім зонасынан аман-есен алып өтсе, нағыз көшбасшы саналады» деді де, бөлмедегі 25 студентті бес-бестен бес топқа бөлді. Әр топ бөлек-бөлек топталды.

Осы арада айта кетейін, Гарвард профессорлары 1996 жылы Гималай тауының Эверест шыңына шығамыз деп қаза тапқан бірнеше альпинисттің трагедиясын жете зерттеген екен. Зерттеу тұжырымдасы бойынша адамдар өліміне кінәлі көшбасшылар деген болжам көбірек айтылыпты. Сол қайғылы оқиғаға қатысы бар 600 адамнан жеке-жеке сұрақтар мен зерттеу сұхбаттарын құрып, болған оқиғаны бастан-аяқ қайта қалпына келтіріп, сараптап, деректі фильм түсірген.  

Бөлмеде видеопроекторды қосып 7 минуттан тұратын деректі фильмді мұқият көріп шықтық. Бәріміз фильмді көріп, қай жерден қандай қате кеткенін талдадық. Оқиғаға қатысты пікірімізді білдіргенде жан-жақтан ақылдарымызды айтып жамырап кеттік. Көбіміз бірауыздан «көшбасшының экспедицияны дұрыс ұйымдастырмағанынан» деген қорытындыға тоқтадық. 

Профессор: «Ендеше өз бақтарыңды сынап көретін кез келді, толық тіркелдіңдер ме?» деп сұрады. Гарвард университетінің «Эверест шыңы» деген магистрлерге арналған виртуалды ойынына тіркелдік.

Топтағы бесеудің арасынан келісіп өз көшбасшымызды сайладық. Мен бақылаушы болдым. Бақылап, сараптама жасап отырамын. Атлет денелі Артез - табиғаттанушы, жасы 45 шамасында еврей ұлтты Самуел - дәрігер, латын-американдық Армандо - фотогроф,  Көшбасшымыз Қытайдан шыққан американдық Девид.

Алдымызда 8850 метр биікте аспанмен таласқан Гималай тауы тұр. Біздің команданың мақсаты – Эверест шыңына шығып, бір минуттай жан-жаққа қарап, суретке түсіп, жерге аман-есен оралу. 

Ойын тарихы бойынша  тек команданы дұрыс ұйымдастыра білген көшбасшы ғана Эверест шыңына аман-есен барып келе алады. Шыңға  жету үшін әр деңгейлі биікте 4 лагерге тоқталу керек.

Бірінші лагерь 5920 м.

Екінші лагерь 6 400 м.

Үшінші лагерь 7 300 м.

Төртінші лагерь 7 900м.

Әр қадам мен әр минуттың құны өмір мен өлім мәселесін шешеді. Жоғары өрлеген  сайын оттегі азайып, температура төмендеп, дауыл соғып, жол тарыла береді.  Біздің топ 6400 метр биікке көтерілгенде, фотогроф Армандоның денсаулығы күрт нашарлады. Көшбасшы команда мүшелерінен не істейміз? деп кеңесті. Бәріміз бірауыздан команда мүшелерін тастамаймыз, дәрі беріп бір күн күтіп, сапарды жалғастырамыз дедік. Көшбасшы келісіп, бір күн тоқталдық.

Ертесіне өрлей бастадық. Бір күн түнегеніміз үшін балондарға үрленген оттегілердің екеуін мерзімнен бұрын таусытып қойыпыз. Енді жоғары өрлегенде оттегі жетіспейтін болды. Екінші лагерьге жетпей фотографтың ыстығы қайта көтеріліп жүруге шамасы келмеді. Лидеріміз атлет денелі Артезді 200 метр алда жүр, күрделі асуларды бізге алдын ала айтып отыр деп жұмсаған болатын. Артез 100 метр алға шыққан бойы менің балонымда оттегі өте аз қалды, мен шамадан тыс қуат жұмсап қойдым деп дабыл қақты.

Ештеңе етпейді, белгілеген жылдамдықпен тоқтамай жүре береміз, бір-бірімізден қалып кетпейік деп топтасып 7 300 м биіктегі үшінші лагерге жеттік. Температура – 45, дауыл соғып, қар көшкіні жылжып жатыр. Екпіндеген сайын оттегі балондары азая түсті. Белгіленген уақытта жүріп үлгермесеқ, сол жерде қатып қаламыз. Фотографтың ыстығы 42-ге көтеріліп жоғары өрлеуге мүмкіндік бермеді. Дәрігер, тікұшақ шақыртты да, науқасты алып қайтып кетті. Қалған бар дәрі-дәрмектің көмегімен төртінші лагерге жеттік.

Төртінші лагерден жоғары өлім зонасы басталды. Биіктігі 8000 метр дегеніміз,  «Боинг-757» ұшағы ұшатын деңгей. Жер бетіндегі оттегінің 20 % ғана бар, демалудың өзі ауыр еңбек. Терең, тастай су түбінде кетіп бара жатқанмен тең. Сүйектен өтетін аяз ызғар тұла бойды сындырып барады. Қар белден, -50 аяз. Әрбір қадамды басу үшін қажетті қуатты  табу таптырмас дүние екен. Бір аяқ жол бойында мұз боп қатып қалған адам мәйіттері жатыр.

Көшбасшы, көш бастауды ұмытқан. Өзге түгіл өзіне шамасы келмей қалды. Оттегі жетіспей өлім зонасына келгенде тоқтап, әрең ентіге демалып сөйлеп ойын жеткізді. «Мен ары қарай жүре алмаймын, жүре беретін болсам осы жерде жан тапсыратыныма көз жетіп тұр. Сендер шыңға жетем десеңдер жүре беріңдер» деді де артқа шегінді.

Өлім мен өмір арасында арпалысып ойдағы тек шыңға жету деп келе жатқан шамның жарығындай әлсіз от сөнді де қалды, қасындағы топ мүшелерінде. Мақсаттан өмір қымбат деп қалғандары кері қайтты. Сонда, бар болғаны 100 метр жүру қиынның қиыны екенін ұқтық. Әрбір жұтым ауа, қадам, сөз, ой, қимыл нақты есеппен жасалу қажет екенін ұғындық.

Біздің топ өлім зонасынан өте алмады. Бес топ ішінен бір топтың екі мүшесі ғана шыңға шығып қайтты. Шыңға жеткен топ мүшелеріне барлығымыз орнымыздан тұрып қол соғып құрмет көрсеттік.

Професор сабақ аяғында, батыр атанған екі студенттен тәжірбиесімен бөлісуін сұрады. Ең алдымен нақты есептелген дұрыс жоспар. Барлық ықтимал кедергілер ескерілген. Бір-бірімен тығыз, ашық қатынаста болған. Коммуникация жақсы орныққан. Ауыр жағдайда да, жоспарды бұзбауға тырысып бір-біріне жәрдемдесу арқылы алға жылжып отырған. Ешкім өзінің қара басын емес, тек топтың қойған мақсатын ғана санаға енгізген. Бір-бірін рухтандыру арқылы көп қуат алып, ең қиын белестерден өтіп отырған. Өлім зонасынан өту барысында бүкіл қуат таусылған кезде, тек санадағы мақсатты ғана көздеген рухтың күші алып өткен.

Қорытынды ретінде айтарым, кез-келген кәсіпкер бизнес бастау үшін нарықты анық көруі тиіс. ОҚО кәсіпкерлікті басқару басқармасы мен кәсіпкерлерді қолдау палатасының ең негізгі жұмысы, өңірде өндіріліп жатқан өнім мен, импорт және экспорт тауарларын сараптап, нақты сандармен кәсіпкерлерге жеткізіп отыруы қажет.

Сонымен қатар, Батыс Еуропа мен Америкада осындай кәсіпкерлік жайлы мотивация беретін кітаптар, сабақтар мен ойын түріндегі тренингтер көп өтеді. Әрбір кәсіпкер өз ісінің, өз командасының көшбасшысы. Біздің шымкенттік кәсіпкерлерге кәсіпкерлік рухты көтеретін қазақ тілінде бизнес мотивациялық әдебиеттер қажет, оқырман сондай әдебиеттерді жазатын авторларға зәру. Әрбір кәсіпкер өзінің жеке тәжірибесімен бөлісіп, бизнестегі сәтсіздіктері мен жеңістерін баяндап бөлісіп отырса, бастаған кәсіпкерлерге де пайдалы өмірлік сабақ болар еді.

Туған жеріне туын тігіп, «Қазақстанда жасалған» маркасы үшін қабырғасын сөгетін өндірушілерге от жүрегін өлкесінің өркендеуіне арнайтын ұлттық идеологиясы айқындалса, кәсіпкерлік біліктілікті шыңдап рухтанған қазаққа өлім зонасынан өту қиын емес.    

 

Дархан ЖИЕНБАЙ,

кәсіпкер.

 

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ