Руханият 0 пікір 1046 лайк

ОҚО: Бәйдібекте тарихи жәдігерлер тапталып жатыр

Ақпан 12 / 2018

Бәйдібек ауданындағы Боралдай өзенінің жағасында қола дәуіріне жататын көне ескерткіш – петроглифтер. 6 мың жылға жуық тарихы бар тасқа қашалған сурет-жазулар бүгінде вандализмнің құрбанына айналып отыр.

Бір таң қаларлығы тарихи құнды жәдігер ретінде мемлекет қорғауына алынбаған.  Кез келген адам мұнда келіп, көріп, ойына келгенін істеп кетеді екен. Петроглифтің бетіне бірі руының, бірі адамның атын жазса, енді бірі сурет салып кеткен. Тарихи ескерткіштен 200 метр арыда «Сырдария-Түркістан» мемлекеттік өңірлік табиғи паркінің аумағы орналасқан. Олар да бұл ескерткіштерді парктің қорғауына алу керектігін айтып, дабыл қағуда. Алайда, нәтижесіз. Нәтижесіз болатын себебі – ол жерлер біреудің жекеменшігінде.

«Боралдай петроглифтері» ең алғаш 1905 жылы «Туркестанские ведомости» газетінде жарияланған мақала арқылы белгілі болған. 1924 жылы Петр Комаров деген ғалым зерттеп, ескерткіштің біраз құпиясын ашқан. Жергілікті халық бұл суреттер қалмақтардан қалған деп есептеп келген екен. Себебі, ескерткіштің жанында Байқалмақ деп аталатын шатқал бар. (Ол жерде қалмақтан шыққан бай-шонжарлар мекендеген деген аңыз бар) Алайда, Петр Комаров тұрғындардың бұл пікірін теріске шығарып, дәлелдер келтірген.

Кейінірек, жартастардың хронологиясын анықтаудың жаңа әдістері шығып, бұл тастардың жасы да анықталған. Ресми мәліметтерге сүйенсек, бұл тасқа қашалған суреттер қола дәуіріне жатады екен. Онда адамдардың, жануарлардың, соғыс құралдарының суреті бейнеленген.

Ал, қазір... Қазір тарихи ескерткіш орналасқан аймақ жергілікті тұрғындардың мал жаятын орнына айналып отыр. Ол аймаққа кіріп-шығу оңайдың оңайы. «Мал бағып жүрген балалар, ескерткішті келіп тамашалушылар петроглифтердің бетіне сызып, бүлдіріп кетеді. Оларға «қой дейтін қожа жоқ» дейді «Сырдария-Түркістан» МӨТП-нің мамандары.

«Ескерткіш мемлекет қорғауында» деген тақтайша қойылған екен. Алайда, оның темірлері әр жерде шашылып, тақтайша жерде жатыр.

Бізді Қазақстан жеріндегі осынау тарихи жәдігерлерді  мемлекет тарапынан қолдаудың, қорғаудың болмай тұрғаны қынжылтады.

 

Ерболат АЙНАБЕКОВ

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ